Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мекенжайды шатастырып алған қазақстандық 7 миллион теңге шығынға батты

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында 27 жастағы ер адам ауылдасынан кек аламын деп басқа үйдің қорасын өртеп жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Polisia.kz

Шемонаиха аудандық полициясына жергілікті тұрғын хабарласып, үйінің жанындағы қорасы өртеніп кеткенін айтты. Осыған байланысты өрт қойып, бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысында сол түні ауылдасымен араздасып қалған 27 жастағы жігіт оның үй жағына өрт қоймақ болып барған. Ол пластик бөтелкеге жанармай құйып алып, үй жанындағы қораның ағаштан жасалған қабырғасына от қойған. Бірақ кейін ол мекенжайды шатастырып, танысының көршісінің қорасын өртеп жібергенін түсінген. 

“Ойланбай әрекет еткенінің салдарынан ауылдасы 7 миллион теңгеден астам шығынға ұшырады. Қорадағы оннан астам үй жануары тірідей жанып кетті. Сондай-ақ жәбірленуші өрт салдарынан 20 тонна шөп пен 5 тонна мал азығынан айырылды. Қызыл жалын шаруашылық техниканы да зақымдаған”, – делінген хабарламада.



Қазір істің мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеу үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция тергеу қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады деп сендірді.

Бұған дейін Шымкентте ұлы анасын өлтіріп, өртеп жібергені туралы жазған едік.

Талқылау