Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында әйел танысына тұрмысқа шығамын деп 400 мың теңгесін иемденіп кеткен

Жігітті тұрмысқа шығамын деп алдап кеткенФото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Шығыс Қазақстан облысында әйел жәбірленушіге оны құрбысымен таныстырып, үйленуіне көмектесетінін айтқан. Кейін өзі басқа есіммен әлеуметтік желі арқылы хат жазысып, тұрмысқа шығуға уәде берген. Қатонқарағай аудандық сотында түрлі сылтаумен жігіттен жалпы 382 мың теңге алғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот талқылауы барысында Қ есімді сотталушының танысы Ж-ның үйленбегенін біле тұра, оны алдау арқылы ақшалай қаражатты иемденуді мақсат еткені анықталды. Бұған дейін ол Ж-ға өзінің құрбысымен таныстыратынын айтқан. Кейін "WhatsApp" мобильді қосымшасы арқылы басқа есіммен жазысып, хаттарында оған тұрмысқа шығатынын айтып, сеніміне әбден кірген. Әртүрлі сылтаулармен сотталушы әйел жәбірленушіден бірнеше рет ақша алған. Жәбірленушіге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 382 мың теңге болды.

Сот сотталушының әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша "ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы сенімді теріс пайдалану немесе алдау жолымен бөтен мүлікті ұрлау не бөтен мүлікке құқықты иелену" ретінде саралады.

Аталған баптың санкциясында 4 мың айлық есептік көрсеткішке (15 728 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 1 000 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру, сондай-ақ мүлкін тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру (немесе онсыз) жазалары қарастырылған.

Сот отырысы барысында сотталушы мен жәбірленуші татуласты. Осыған байланысты қылмыстық іс қысқартылып, азаматша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Қазақстандық қыз күйеу жігітінен қалыңмал алып, артынша полицейге тұрмысқа шығып кеткен

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында әйел өзін БҰҰ әскери қызметкерімін деп таныстырған алаяққа сеніп, ақша аударған. Ол ер адаммен ақпанда әлеуметтік желіде танысып, кейін WhatsApp-та сөйлескен. "Кипрде бейбітшілік миссиясында жүрмін, Қазақстанға келіп, үйленгім келеді" деген жалған уәжбен алаяқ 115 мың теңге алды. Кейін тағы ақша сұраған. Әйел бұл алаяқтық екенін түсініп, байланысын үзген. Халықаралық ұйымдар қызметкерлері үшін жеке адамдардан ақша сұрамайтынын ескерткен тәртіп сақшылары, азаматтарды қырағы болуға шақырды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 15:49
Талқылау