Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шығын сомасы 100 млн теңге": Кореядан көлік әкеліп беруді уәде еткен алаяқ қазақстандықтарды алдап соққан

12 қазақстандық Оңтүстік Кореядан көлік әкелеміз деп уәде берген алаяқтың құрбаны болған. Олардың шығыны жүздеген миллион теңгеден асып кеткен. Алданған азаматтар полицияға өткен жылдың мамыр айында арыз жазғандарын айтады. Бірақ содан бері іс алға жылжымапты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап.

Дархан Жылмагамбетов

Оңтүстік Кореядан бір жыл бұрын кем дегенде 12 адам көлікке тапсырыс берген. Жарнаманы танымал сайттардың бірінен көріпті. Алаяқтардың қулығына коммерциялық компания да түсіп қалған. Олар бірнеше көлікке тапсырыс беріп, 84 млн теңгені бірден төлеген.

"Әрине, кім екенін анықтап табуы қиын телефон алаяқтары болса түсінер едік. Алайда бұл "Autosales.Kz" ЖШС-нің нақты есімдері мен фамилиялары белгілі. Біз түсіне алмаймыз, бөтеннің мүлкін алдап қолды қылып, қалай жазасыз қалуға болады?!", - дейді таңданысын жасырмаған жәбірленуші Дархан Жылмағамбетов.

Мәміле жасаған жалған кәсіпкер көлікті үш айдың ішінде әкелуге уәде берген. Бірақ мерзімі біткеннен кейін ол уәденің де уақытын созып, кейін мүлдем жоғалып кеткен.



"Біздің есепшілеріміз қарап шықты, компания үш ай бұрын ғана тіркелген екен. Біз алдымен төлемнің 50% салып, қалғанын көлікті әкелгеннен кейін беруге болады деген сөзге алданып қалдық", - дейді жәбірленуші Анар Атаев.

Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына алаяқтық туралы ұжымдық арыз 2022 жылдың мамыр айында жазылған. Арада 10 ай өтті, бірақ жәбірленушілерді куәлік беруге де шақырмаған.

"Қазіргі уақытта күдіктінің тұрған жерін анықтауға және оны ұстауға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар жүргізілуде", - деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Автоблогер Роман Масленников қазір мұндай жағдайлардың көбейіп кеткенін айтады. Сатып алудан бұрын сарапшы компания туралы пікірлерді оқып, оның барлық қызметін мұқият зерделеуге кеңес береді.

"Егер сіздің сұраған құжаттарды компания өкілі "кейін" немесе "ертең" деп созбақтап жатса бірден телефонды қоя салыңыз", - деп түсіндіреді Роман Масленников.

Жәбірленушілер келтірілген шығынның толық өтелуін және күдіктінің әділ жазалануын талап етеді.

Талқылау