Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Щучинск дәмханасындағы жарылыс: Қаза тапқандардың саны 9-ға жетті

Щучинск дәмханасындағы жарылыс: Қаза тапқандардың саны 8-ге жетті Фото: Видеодан скрин

26 ақпанда Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Щучинск қаласындағы “Центр плова” дәмханасында болған өрт салдарынан жалпы тоғыз адам қаза тапты, ал алты зардап шеккен әлі де ауруханаларда ем қабылдап жатыр.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек қайғылы оқиғада қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

“Щучинск аудандық ауруханасында тағы екі науқастан айырылып қалдық. Кеше ауыр жарақат алып, денесінің 70 пайыздан астамын күйік шалған науқас көз жұмды. Бүгін денсінің 85 пайыздан астамын күйік шалған тағы бір науқас көз жұмды. Медицина қызметкерлері олардың өмірін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Өкінішке қарай, жүргізілген реанимациялық шаралар нәтиже бермеді”, – деді Нариман Ермек.

Қазір зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Оның ішінде төртеуі Көкшетаудағы Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында ем алып жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр. Әзірге оларды тасымалдау мүмкін емес екенін айтты. 

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, төрт науқас санитарлық авиациямен, тағы біреуі реанимобильмен жеткізілген.

“Науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Күн сайын штаттан тыс бас мамандардың қатысуымен консилиумдар өткізіледі. Мамандар эфферентті терапия әдістерін қолданып жатыр. Күнделікті Астанадағы Шұғыл медицина орталығына есеп беріліп отырады”, – деп мәлімдеді облыстық аурухана дәрігерлері.

Алайда қаладағы қайғылы жағдайды пайдаланып, алаяқтар да белсенді әрекетке көшті. Өздерін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамдар кәсіпкерлерге, негізінен дәмхана және басқа да қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне, қоңырау шала бастаған.

Алаяқтар алда тексеріс пен айыппұл болатынын айтып, шұғыл түрде “өрт қалқандарын” орнатуды ұсынады, жалған құжаттардың фотосуреттерін жіберіп, ақша талап етеді.



Кәсіпкерлер бір-бірін мұндай алаяқтар туралы ескертіп, ақша аудармауға және телефон арқылы берілген нұсқауларға сенбеуге шақырды. Олар ресми тексерістердің тек белгіленген тәртіппен, тиісті хабарламалар жолдау арқылы ғана жүргізілетінін атап өтті.

Күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда кәсіпкерлер дереу құқық қорғау органдарына жүгіну керек.

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 14:47