Шетелдегі қақтығысқа қатысқан алматылық 5 жылға сотталып кетті
Фото: Ru.freepik.com
Алматыда шетелде қарулы қақтығысқа қатысқан ер адамға сот үкімі шықты. Мұндай жағдайдың бірінші рет болғанын жеткізген қалалық прокуратура қазақстандықтың сотталуы мүмкін екенін ескерткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алмалы аудандық соты Алматы қаласының тұрғынын шетел мемлекетінің аумағындағы қарулы қақтығысқа саналы түрде заңсыз қатысқаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол Қылмыстық кодексінің 172-бабы (Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) бойынша жауапкершілікке тартылды. Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура егер жалдамалылық фактісі анықталса (жалдамалыларды жалдау, оқыту, қаржыландыру немесе өзге де материалдық қамтамасыз ету әрекеттері орын алса) кінәлі тұлғаларға неғұрлым қатаң жаза қолданылатынын ескертті. Қылмыстық кодекстің 170-бабының 1-бөлігіне (Жалдамалыны азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру немесе өзге материалдық қамтамасыз ету, сол сияқты оны қарулы қақтығыста, соғыс қимылдарында немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне пайдалану не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзу) сәйкес, бұл үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы көзделген.
Ведомство азаматтар мен заңды тұлғаларды заңнаманы қатаң сақтауға, елден тыс жерлердегі қарулы жанжалдарға қатысудан және кез келген өзге де заңсыз әрекеттерден тартынуға шақырады.

"Бор мен қағазды өзіміз сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығына шағымданды
