Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Директорға премиямыздың жартысын береміз, тауарын да сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығының мәжбүрлеп ақша жинататынына шағымданды

Фото ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстандағы мемлекеттік мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдер жұмысқа, мектепке керек жабдықтарды өздері алатынын, сол үшін ақша жұмсайтынын айтты. Оған қоса олар директорларының туған күніне, мейрамына ақша жинап береді. Ал премия алған кездері соның жартысына жуығын мектеп басшысы қайта жинап алатын көрінеді. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігіне Қазақстанның түрлі қалаларында жұмыс істейтін мектеп мұғалімдері күнделікті жұмыста мектеп қажетіне және басшылыққа қанша ақша жинап беретінін айтып берді.

Алматыда мектеп мұғалімі 100 000 теңге премиясының 30-50 000 теңгесін директорына қолма-қол береді, одан бөлек әр тоқсан сайын 50 000 теңге жұмсауға мәжбүр

Қазақстанның ірі қаласы Алматыда мұғалімдер мектеп қажетіне көбірек ақша жұмсайды. Дәлірек айтқанда Алматыда жұмыс істейтін мұғалім өз қалтасынан жұмысы мен мектеп қажетіне әр тоқсанда 30 000-50 000 теңге аралығында ақша шығарады. 

"Мектепте өтетін ашық сабақ, семинар және іс-шараларға ақша жинаймыз. Оның сомасы әркезде әртүрлі. Жинаған қаражат мектептің қажетіне жұмсалады. Ақша жинау туралы ұсыныс көбіне басшылықтан келеді. Директор орынбасарына айтса, ол Бірлестік жетекшісіне айтып, жетекші мұғалімдерге жеткізеді. Іс-шаралар кезінде киімдерді жалға алуға 2000-4000 теңге, баннер мен сырттан келетін қонақтар үшін 3000-4000 теңге жинаймыз. А4 қағазды тоқсанына бір рет қана береді. Оны параллель сыныптарымызға бөлісеміз, сонда бір тоқсанға 100 дана қағаздан үлестіреді. Басқа А4 қағаз, фотоқағаз, ламинат жасату, принтердің бояуы, бор, түрлі түсті қағаз және тағы басқаның бәрін ай сайын өзіміз аламыз. Негізі ақ парақтар бар, толып тұрады, бірақ оны бермейді. Соған қарағанда оны өздері сататын болуы керек", – дейді мұғалім.

Алматылық мұғалім премия алған сайын оның жартысына жуығын (30-50 000 теңге) мектеп директоры қолма-қол түрде жинап, қалтасына басатынын айтып берді. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдері әр төрт жыл сайын сыныбы бастауышпен қоштасқаны үшін директорға 10 000 теңгеден, оқу ісінің меңгерушісіне 5000 теңгеден беруімізді талап етеді. Олар мұнымен қоймай, 1-сыныпты алатын кезде де бастауыш сыныптарға беретін мұғалімдерден тағы да 5-10 000 теңгеден жинатады.

“Әйтпесе сынып бермеуі мүмкін екенін айтып, қорқытады. Тіпті бір мектеп мұғалімін бастауыштың оқушыларын игере алмадың деп, сабағын қайта-қайта қадағалап, сыныбын тартып алды. Премия алған сайын “Сендерге артық кетіп қалыпты” деген желеумен, қайтадан жинатып, өзіне алады. Мектеп басшылығына артық сағаттар берілмейді. Бірақ басшылық артық сағатты басқа мұғалімге жаздырып, ақшасын қолма-қол алып отырады. “Сенің атыңа төрт сағат жаздым” дейді де ай сайын сомасын беріп отыруды талап етеді. Ал ол сабақтар үйірме және факультатив болғандықтан оны өтпейді, өткенін де ешкім тексермейді. Жазда лагерьге бір мұғалім және бір кеңесші жіберілуі керек. Бірақ басшылық тек бір мұғалімді жіберіп, кеңесшісіне деп бөлінген қаржыны да өзі алады. Сонымен қатар Директордың, оқу ісі кеңесшісінің туған күндеріне, мейрамдарына 5000-10 000 теңгеден міндетті түрде жинаймыз дейді мұғалім. 

Мектеп оқытушылары әр кез қаржы жинауға немесе сабақ беруден тыс жұмыстарға жегілетініне қарсы шығады екен. Дегенмен мектеп әкімшілігі бәрібір талап ететін көрінеді.

"Негізі көп нәрсеге қарсымыз. Жастарды әр нәрсеге қатыстыратынына, кезекшілікке, жұмыс уақытынан тыс мазалайтынына, қабырға сүрткізетініне, сыныптың ішін жуғызып қоятынына, үй аралататынына қарсымыз. Айта берсек көп. Мұғалім тек білім беруі қажет қой. Қарсы шықсақ, әкімшіліктен қысым болады", – дейді Алматыда мектепте жұмыс істейтін мұғалім.

Алматы облысында мектеп мұғалімдері ай сайын сабын мен шүберекке қаржы жинайды, кабинетін өздері жөндейді

Алматы облысының бір мектебінде мұғалімдер мектептегі сабын, кір жуатын ұнтақ еден жуатын шүберекке ай сайын 3000-5000 теңгеден жинайды екен. Сонымен қатар олар жылда өз кабинетін әктеп, сырлап барып демалысқа шығатынын айтты. Бұл жөндеуге әр мұғалім өз қалтасынан ақша шығарады және жұмыстарды өзі істейді немесе тағы да қаржы жұмсап, адам жалдап жасатады. Себебі мектепті жөндеуге бөлінген қаржыны басшылық жейтін көрінеді. Ал кейде мұғалімдер ата-аналар арасынан демеуші іздеуге мәжбүр.

"А4 қағазды өзіміз аламыз, әр сабағымызға және сынып сағатына апта сайынғы көрнекілікті өзіміз жасаймыз. Көбіне баннер, мерекелік безендіру, сабақта қолданылатын көрнекі заттар үшін ақша жинаймыз. Оған шамамен 10 000 теңге жұмсауға мәжбүрмін. Айына 3000-5000 теңгеден сабын, порошок, шүберекке ақша қосамыз. Мерекелер көп болатын айларда бұдан да көп шығындаламыз. Мектептен ештеңе берілмейді. Тіпті мектептің ремонтын да мұғалімдер жасайды. Жылда әр мұғалім өзіміздің кабинетті әктеп, еденін және тағы басқа жерлерін бояп, жөндеп барып еңбек демалысына шығамыз. Оған құралдарына, бояуына, адамның жұмысына шамамен 50 000-60 000 теңгедей кетеді. Көбіне адам жалдап жасатамыз. Кей жағдайда ата-аналар арасынан демеуші іздеп көреміз. Бірақ қазір ата-аналар артық нәрсеге қаржысын жұмсай бермейді. Дегенмен бір ата-анам өзі бояулар сатып жүрген соң керек заттарымды көмек ретінде тегін әкеліп берген кездері болды", – дейді.

Айта кетейік, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі мұғалімдер де кабинетін жөндеп жатады. Аймаққа қарай жұмсайтын қаржысы да әртүрлі.

Түркістан облысы мектепке келетін әр комиссияны дастархан жайып, әрі қаржымен күтіп алатынын жасырмады

Түркістан облысында жағдай осыған ұқсас. Дегенмен оңтүстіктің мұғалімі мектепке келетін әр тексеріске ақша жинап, дастархан жаятынын жасырмады. Тексерістер мен аттестацияны қоспағанда түркістандық мұғалім мектеп қажеттілігіне 9 айда 15 000-20 000 теңге жұмсайтынын айтып берді.

"Жылына бір рет Санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудан адамдар келіп, мектепті тексереді. Оған қоса өрт қауіпсіздігін тексеруге тағы келеді. Салық салып кетеді. Осылардың әрқайсысына мектеп 400 000 теңгеден төлейді. Соны мұғалімдер жинап береді. Сосын тексеру келсе болды, ортадан ақша жинап дастархан жасайды. Қазір оқушылардың білім сайыстары да ақылы, сондықтан оған да көмек ретінде мұғалімдерден жинайды. Әр кезде әртүрлі. Жалпы аттестация болмаса, 9 айда 15 000-20 000 теңге жұмсаймыз-ау. Мұғалімдерден ешкім қарсы шықпайды, себебі бәрі қорқады. Ешкім ештеңе демей, айтқан сомасын жинайды. Одан бөлек әр жартыжылдықта 2 қорап ақ қағазға 4000 теңге жұмсаймын. Өз принтеріме сия құюға 3000 теңге төлеймін", – деді ол.

Түркістан облысының мұғалімі мектеп директоры мұғалімдерден қолма қол ақша алатынын жасырмады. Жұмысқа орналасудан, сағат бөлісуден бөлек, мұғалімдер директор сататын кез келген затты алуға мәжбүр болады. Оның ішінде түрлі компанияның иіссулары, косметикасы және ыдыс-аяқтар мен әшекей бұйымдар бар.

“Мектеп директоры ақырын ғана кабинетіне шақырып алып, мқғалімдерге өз тауарын көрсетіп, мақтай бастайды. Мұғалімдер оны алмаса өзіне, жұмысына тыныштық бермейтінін біледі. Сол үшін айтқанын қанша теңге болса да сатып алады. Кейде 20-30 000 теңге, кейде 10 000 теңге жұмсаймыз”, – деп бөлісті мұғалім.

Қызылордалық мектеп мұғалімге “айлығың жоғары ғой, қаржы қос” деп қолқа салатын көрінеді

Қызылордалық мұғалім орташа есеппен жылына 50 000 теңгеден жоғары шығындалатынын айтты. Тіпті қазір оқу жылының соңында оқушыларды марапаттау қағазына да мұғалімдер ақша қосады екен. Мектеп әкімшілігі жалақысы жоғары мұғалімдерден демеуші болуын, ақша қосуын сұрайды екен.

"Семинарларға, оқушыларға стипендия беретін кезде, мектептің қажеттіліктеріне ақша жинаймыз. Жылына екі рет газетке де төлейміз. Әйтеуір барлығымызға керек дүние болса, ортадан жинаймыз. Мысалы, наурызда киіз үй құрдық. Қазір сынып жетекшілері өз қалтасынан марапаттау қағазына ақша шығарып жатыр. Мен оқушыларға демеуші болып бүгін 10 000 теңге қостым. Картридж, қағаз, кітаптар, көрнекіліктер үшін де қаражат жұмсауымызға тура келеді. Мектепте жылына бір рет бір қорап A4 қағаз береді. Соны 7 мұғалім бөліп аламыз. Өзіміз де көп зат сұрамаймыз, қажетімізді алып жүреміз. Орташа есеппен жылына 50 000 теңгеден жоғары шығындаламыз. Дегенмен әр мұғалімде шығын әртүрлі. Айлығым жақсырақ болған соң өзімнің қосатыным да көбірек. Себебі мектеп әкімшілігі айлығы жақсы мұғалімдерден демеуші болуды сұрайды. Ешкімді қинамайды, бірақ біз де қарсы шықпадық. Қарсы келетін сәттеріміз болады, бірақ тыныштық үшін көнеміз", – деп бөлісті қызылордалық мұғалім.

Оралда мұғалімдер мектепке келетін адамдарға дастархан дайындайды

Орал қаласында жағдай басқарақ. Оралдық мұғалім мектепте мұғалімдерден көбіне ақша жиналмайтынын айтты. Тек апталықтар, онкүндіктер болғанда ол жақсы өтуі үшін шығаратын қағаз, көрнекіліктерді бөліп, алып мұғалімдер өздері жасайды екен. Дегенмен мектепте байқау, үлкен шара бола қалса, дастархан жаяды. Мұғалімдер қарсы шыққанымен, бәрібір жасауға тура келіпті.

"Байқауға қатысатын болсақ та керек-жарағымызды өзіміз аламыз. Апталық, онкүндік және байқауға беретін қаражатты ақша жинау деп есептемеймін. Бұл – әрқайсымыздың өзімізге, жұмысымызға қатысты дүние. Өзімізге қажет құралдарды, А4 қағазды әрқайсымыз өзіміз аламыз. Қағазға 2-3 айда бағасына қарай шамамен 2200 теңге жұмсаймын. Қалған майда құралдарды жылына бір рет аламын. Жалпы алғанда бұл заттарға бір жылда 15 мың теңге кетеді ғой. Мектебімізде принтер жоқ, әр мұғалімде өзінде бар. Бір рет мектебімізде байқау болды. Сол кезде байқау пәнінің мұғалімдеріне “түскі асқа дастархан дайындайсыздар ма?” деген қолқа салынды. Сол кезде мұғалімдер "бұл біздің міндет емес, неге дайындауымыз керек?" деп қарсы келді. Бірақ соңында бәрібір әрқайсысы қоятын тағамдарды бөліп алды да, дастархан жасады", – дейді оралдық мұғалім.

Астаналық мұғалім бірдей форма, эмблема немесе галстуктерге қалтасынан қосады

Астана қаласындағы мектептердің бірінде жұмыс істейтін мұғалім түрлі апталықтар болған кезде бірдей форма, эмблема немесе галстуктерге, көрнекілікке, безендіруге әр жағдайда әртүрлі сомада ақша жинайтындарын айтты. Оған қоса мектеп мқғалімдері болып белсенді демалысқа жиналса немесе туған күндерге де қаражат жинайды екен. Ал қалған A4 қағаз, принтерден басып шығару сияқты керек-жарақ мектептен беріледі.

"Мен биыл келген жас маман болғандықтан мектеп өміріне аса қатты араласа қоймадым. Әзірге себепсіз ақша жинау болмапты. Тек өзіміз қатысатын тимбилдинг деген сияқты шараларға жинаймыз. Оған қатыспай қалсаң тағы біртүрлі қарайтын көрінеді. Басында A4 қағазды өзім алып, принтерден де өзім шығарып жүрген едім. Кейін мектеп жағдай жасады. Әр кабинетке принтер орнатты, ай сайын А4 қағаз береді. Сынып жетекші болмағандықтан шығаратын қағаздарым көп емес. Керек-жарақтан өзіме қалам, карандаш және т.б заттар ғана аламын. Кейде "неге мынаны істеуім керек" деген сауал болады. Бірақ сұрақ күйінде қалып қояды", – дейді астаналық жас мұғалім.

Еске сала кетейік, жақында ғана Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев журналистің сұрағына мектептерде мұғалімдер ақша жинамайды деп жауап берген еді.

"Қазір беріліп жатқан ақпарат бар, бірақ бұл жекелеген жағдай. Барлық мектеп жинайды (ақша – ред.) деп айтуға болмайды, олай бола бермейді. Cоған қарамастан, бұл - адами фактор. Біз бұл істерді қарап жатырмыз. Сапаны бақылау департаменті бар, олар әр өңірде жедел жауап беріп, тиісті шараларды қабылдайды", – деп жауап берді министр.

Дегенмен министр оңтүстік өңірлерде мұндай жағдайлар бар екенін мойындады.

"Атап айтқанда, оңтүстік өңірлерде мұндай істермен жиі айналысатынын көріп отырмыз. Айта кету керек, бұл Қазақстан бойынша бола бермейді. Бұл істер бақылауда, әңгімелесулер жүріп жатыр. Бірте-бірте бұл бағыттағы мәселелер күн тәртібінен мүмкіндігінше алынады деп ойлаймын", – деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетсек, бұған дейін Алматы облысы Ақши ауылында мектеп директоры 3 жыл бойы мұғалімдерге 10 мың теңгеден ақша жинатқаны үшін қызметінен босатылған. 

Еңлік Сақтан
Сенбі, 24 Мамыр, 2025 10:00
Талқылау