Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Университетте тегін оқып, әлеуметтік көмек ала алады": Грин карта арқылы АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық жұптар оқиғаларын айтып берді

Фото: Шыңғыс Темірхан

Green Card DV-2025 лотереясының қорытындысы бойынша Қазақстан биыл ТМД елдері арасында жеңімпаздар саны ең көп 10 елдің қатарына енді. Желіде грин карта иегері атанып, АҚШ-та өмір сүруге мүмкіндік алған бірнеше қазақстандық өз тәжірибелерін айтып, болашақта лотереяға қатысатындарға кеңестерін бөлісті. Stan.kz тілшісі осы кеңестер негізінде грин карта лотереясына қалай тапсыру қажет, не ескеру керек екені туралы материал дайындады.

Green Card (грин карта) – Америка Құрама Штаттарында тұруға, жұмыс істеуге, өмір сүруге және АҚШ азаматтығын алуға құқық беретін ресми рұқсат. Лотерея жыл сайын өткізіледі, ақша төлеудің қажеті жоқ, қатысу тегін. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам қатысады. Грин картаны жеңген адам барлық отбасы мүшесін алып кете алады және олардың барлығына азаматтық беріледі.

АҚШ-тың Green Card кеңсесі келтірген мәлімет бойынша биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 55 мың адам АҚШ-қа көшу үшін виза алды. Ең көп жеңген өзбекстандықтар екен  – 5564. Одан кейін жеңімпаздары көп Алжир (5526), ​​Ресей (5519) және Қырғызстанда (3095) екен. Қазақстанда 2004 адам грин картаны жеңген.

Өзі де, күйеуі де грин картаны жеңген

Керемет Жұмабекова мен күйеуі грин карта лотереясына бөлек қатысып, нәтижесінде екеуі де жеңімпаз болыпты. Сөзінше, мұндай жағдай миллионнан бір рет қана кездеседі. Олар 2023 жылдың күзінде тапсырған екен. Нәтижесі 2024 жылы мамырда белгілі болды. Содан кейін бес ай құжат жинауға кеткенін айтты. Ол әлеуметтік желіде грин карта тапсырғаннан кейінгі процестерді, виза алуға қалай дайындалу керегін айтады.

“Грин карта нәтижесі оң болса, “you have been randomly selected” (сіз таңдалдыңыз) деген жазу шығады. Бірақ оның өзі сіздің АҚШ-қа көшуіңізге кепілдік бермейді. Одан кейінгі процесстерінен өту қажет. Өткендерге “case” нөмірі беріледі. Сіздің өту/өтпеуіңіз осы нөмірге байланысты. Егер 35-40 мың арасында болса, сұхбаттасу кезеңіне жетпеуіңіз мүмкін. Саныңыз кіші болса, өту мүмкіндігіңіз жоғары. Менің күйеуімде 790-нөмір, ал мен 24мыңыншы болды. Сол үшін күйеуімдікі арқылы өтеміз деп шештік. Кезегіміз келіп, визаға дайындалдық”, – деді әйел.

Одан кейін DS-260 анкетасын толтырған. Онда әр отбасы мүшесі үшін анкета бөлек толтырылады. Онда адамның жеке деректері, бұрын-соңды соттылығы болмағаны, басқа елдерден депортацияланбағаны, ауру-сырқаты мен білімі, әлеуметтік желілері сынды ақпарат жазылады. Керемет бұл анкетаны қатесіз, толық толтыру үшін 3-4 күн кеткенін жазады. 

Содан соң вакцина мен екпе тізімін анықтап, бәрін салдырту қажет. Кішкентай балалар үшін күнтізбелік екпе, грипп пен гепатит А-ға қарсы вакцина алу міндетті. 11-19 жастағылар үшін  күнтізбелік екпе, грипп пен гепатит А-дан бөлек, менингоккок, Covid-ке қарсы вакцина салдыру қажет. Ал ересектер бұлардан бөлек гепатит В, корь, АДСМ, қызылша, паротит ауруларына қарсы екпе алады.

Медициналық тексерістен кейін 6 ай ішінде елден кетпесеңіз, виза жарамсыз болып қалады екен. Жұмабекова грин картаға тапсырып, АҚШ-қа кетуді армандап жүргендерге ақша жинақтап қоюды ұсынды. Өйткені құжат жинақтау, виза қызметі, медициналық тексерістің бәрі қомақты қаражатты қажет етеді.

Керемет кеткен шығындарын тізіп шықты:

– Медициналық тексеріс – ересек үшін 200 доллар (102 205 теңге), балаға 170 доллар (86 874 теңге);

– Консул қызметі – 990 доллар (506 мың теңге);

– USCIS иммиграциялық алым – 705 доллар (360 мың теңге);

– Әуебилет құны – 1647 доллар (841 662 теңге);

– Консультация құны – 350 доллар (180 мың теңге);

– Ақылы екпелер – 82 мың теңге.

– Сонда  2 миллион теңгеден астам ақша кеткен.

Ол грин карта жеңгендерге тағы бір ескерту жасады. Сөзінше, АҚШ-та кемінде жарты жыл болуы керек. Яғни картаны алғаннан кейін кетіп қалуға болмайды.

Лотереяны төртінші реттен жеңген жұп

Шыңғыс Темірхан жары Айгеріммен 2023 жылы көктемде осы грин карта арқылы АҚШ-қа көшті, кейін сонда балалы болды. Ерлі-зайыпты баяғыдан Америкада өмір сүруді армандаған. Green Card-қа 2018-ден бері тапсырыпты. Тек төртінші мәрте тапсырған кезде айы оңынан туған.

“2022 жылдың 8 мамырында нәтижесі шықты. Біз сол кезде Дубайға саяхаттауға дайындалып, чемодан жинап жатқан едік. Мен грин карта нәтижесі туралы аса ойламағам, бірақ телефонда ескертпе тұрған еді. Сол үшін “жай көре салайын” деген ой болды. 3 жыл қатарынан өтпегесін қатты үміт болмаған еді. Бірақ бұрын-соңды байқалмаған парақша ашылды. Және сол кезде “you have been randomly selected” (сіз таңдалдыңыз) деген жазу шығады. Алғашқы эмоциям – шок. Қолым дірілдеп, күйеуіме қоңырау шалдым. Ол сол сәтте шомылуға арналған резеңке тәпішке алуға кеткен. Ол ести сала, эйфория күйіне өтті. Саяхатымыз екінші орында қалды, ойымыздың бәрі АҚШ-қа кету, не істеу керегін саралау болды. Десе де Дубайда демалып келгеннен кейін құжатты реттеуді бастадық”, – деп еске алды Айгерім Темірхан.

Олардың кейс нөмірі 3500 болыпты. Сол үшін өздерін қатты үміттендіргісі келмепті. 

“Қазан айында поштаға хат келді. Сөйтсем консул орталығы сұхбат уақытын бекітіпті. 6 желтоқсанда Алматыға келсін деді. Желтоқсанға дейін барлық құжатты реттеп, медициналық тексерістан өтуді бастадық. Қазақстанда медтексеріс өткізу бойынша бір ғана клиниканың сертификаты бар. Бой, салмақ, көру қабілеті, қан қысымын тексереді, жүрек, мұрын, т.б. аурулары бар/жоғын сұрайды. Бірнеше екпе алдырып, флюрографиядан өттік. Медтексерістің қорытындысын конвертке салып береді және оны ашуға болмайды. Оны сұхбатқа алып барасыз”, – деді Айгерім.

Сұхбат барысында білімі және жұмыс тәжірибесі, АҚШ-қа барғанда немен айналысатынын, қандай штатта өмір сүргісі келетінін, ол жақта таныстары бар-жоғын және бұрын қандай шет елдерде болып көргенін сұрайды екен.

Шыңғыс Темірханның сөзінше, грин карта иегері атанудың нақты бір жолы жоқ. Лотерея болғандықтан, жеңімпаздар кездейсоқ таңдалады.

“Атауының өзі лотерея болғандықтан, нақты жолы жоқ. Жыл сайын жап-жас қыз-жігіттер де, отбасылар да, қарт адамдар да жеңіп жатады. Бәрінің бірдей мүмкіндігі бар. Дегенмен өтініш беру кезінде қарапайым критерийлері айтылады. Грин карта лотереясына тек кәмелетке толған адам қатыса алады. Яғни кем дегенде мектеп бітіргені туралы аттестаты болуы тиіс. Сондай-ақ қауіпті жұқпалы аурулары болмауы қажет. Үшіншіден, заңмен проблема болмауы керек, яғни соттылығы жоқ екенін көрсетеді. Бұл талаптар грин картаға тапсыру барысында жазылып тұрады”, – деді Шыңғыс. 

Қазақстандық жұп АҚШ-қа кеткенше екі адамға 2 миллион теңгеге жуық шығын кеткенін айтады: 

– Құжаттарды аудару қызметі – 25 мың теңге;

– Медициналық тексеру және екпе алу – 180 мың теңге;

– Консулдық алым – бір адамға 330 доллар, екі адамға 660 доллар (310 мың теңге);

– Құжаттарды жеткізу қызметі – 12 мың теңге;

– Green card шығару құны – бір адамға 220 доллар, екі адамға 440 доллар яғни 206 мың теңге;

– Астана-Нью-Йорк бағытына билет – 1 миллион 200 мың теңге.

Барлығы – 1 миллион 989 мың теңге. Бірақ бұл – 2022-2023 жылдағы шығын. Қазір бағалар өзгеруі мүмкін.

“Бастапқыда Нью-Йоркке бардық. АҚШ-қа енді келгендердің көбі осы қаланы тағдайды. Көлік инфрақұрылымы ыңғайлы әрі отандастардың көбі осында болғандықтан, үйренісу оңай. Біраз уақыттан кейін елге үйреніскесін Майамиге көштік. Алғашында жаңа менталитетке үйренісу қиын болғаны рас. Десе де бәріне жақсы қарауға, жаңа мәдениетке бейімделуге және адамдармен барынша көп араласуға тырыстық”, – деді ер адам.

Ол грин картаға тапсырғысы келетіндерге ақша жинауға, тіл үйренуге кеңес берді. Қазір Айгерім басқа қазақстандықтарға грин картаға тапсыру бойынша консультация өткізеді екен, ал жеңгендерге құжат дайындау бойынша көмек береді.

“АҚШ-та бала босану процесі”

Жұбайлардың баласы Нью-Йоркте дүниеге келіп, ол да АҚШ азаматтығын алған. Айгерім АҚШ-тағы босану процесін де айтып берді. Сөзінше, мұнда бала босанудың артықшылықтары көп. Мәселен, сапалы медициналық қызмет, дәрігер мен босану орнын таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Әрі босану үшін ешқандай ақша төлемепті. Мұның бәрі штаттың тегін медициналық сақтандыруы есебінен жүргізілген. 

“Мен жатқан перзентханадағы палаталар екі адамдық болды. Бір қызығы жүкті аналар перзентханаға ештеңе апармайды екен, біздікіндей сөмке дайындау деген түсінік жоқ. Перзентханада жаялық, жөргек, емізік, ылғал және құрғақ майлықтар, жеке гигиеналық заттар, тіпті шұлықтар беріледі. Босанған соң нәресте тағамы ұсынылады. Тек киім алып келсеңіз болды. Сондай-ақ керуеттері өзгереді екен, толғақ қысқан кезде арнайы орынға ауысудың қажеті жоқ”, – деді әйел.

АҚШ-та акушерден бөлек перзентханада доула болады. Сөзінше, ол психикалық көмек көрсетіп, барынша қолдау білдірген.

“Бейтаныс адамның соншалықты мейірімділік танытып, қолдау білдіргеніне тіпті ыңғайсызданып қалдым. Күшенуге, тыныс алуға көмектесті, маңдайымды сүртіп, мұз әкеліп беріп жүрді. 22 сағатта 2 рет акушер ауысты. Олар күлімдеп, әзілдеп, көңілімді барынша аулады. Қайта-қайта мақтап қойды. Біздің перзентханада екі адам серіктестік босануға кіре алады екен. Мен күйеуім мен анамды кіргіздім. Күйеуім баланың кіндігін кесті”, – деді Айгерім Темірхан.

Сөзінше, онда жас аналарды ақпараттандырып, қалай құндақтау керек, қалай тамақтандыру керектігі туралы кеңес беретін әлеуметтік қызметкерлер болады. Ал баланы шығарып алар кезде жаңа туған нәрестелерге арналған автокресло болуы міндетті дейді. Онсыз баланы шығарып алуға рұқсат бермейді екен.

Грин картаға қалай тапсыру керек?

Өтініш беру процесі әдетте күзде басталады. DV-2026 2024 жылдың қазан-қарашасында болды. Оны dvprogram.state.gov сайтынан көруге болады.

Green Card үшін қажетті құжаттар:
• Толық аты-жөні;
• Туған күні мен туған жері;
• Қатысу елі;
• Төлқұжат ақпараты;
• Білімі;
• Фотосурет;
• Отбасылық жағдайы (үйленген, бойдақ, ажырасқан);
• Жұбайы/балалары туралы мәліметтер.

Фотоға қойылатын талаптары жоғары. Фотошоп қолданылмауы, арттағы фон ақ болуы өте маңызды. 

Талаптар:

  • Өлшемі 600x600 пиксель;
  • Файл көлемі 240 килобайттан аспауы керек;
  • Көзілдірік тақпауы тиіс;
  • Фото 6 айдан бұрынғы болмауы тиіс. Яғни грин карта үшін арнайы түскеніңіз жөн.

Өтінішіңізді ресми веб-сайтқа жіберіңіз

  • DS-5501 пішінін dvprogram.state.gov сайтында онлайн түрде толтырыңыз;
  • Растау нөмірін сақтаңыз – оны нәтижені тексеру үшін пайдаланасыз.

Нәтиже мамырда шығады. Оны да dvprogram.state.gov-тан қарайсыз. Өтініш формасы тегін беріледі. 

Грин карта қандай мүмкіндіктер береді?

АҚШ-қа грин карта арқылы көшкендер елде еш шектеусіз өмір сүреді алады. Оларға әлеуметтік көмек пен түрлі гранттарға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Артықшылығы:

  • Барлық отбасы мүшесін алып кете алады;
  • Миграция заңына өзгеріс, т.б. жағдайлар болса да, депортациялай алмайды. Бастысы – елде қылмыс жасамауы керек.
  • Әлеуметтік көмек ала алады, медициналық сақтандыруы болады;
  • Зейнетақы төленеді;
  • Мектеп пен колледж, университеттерде балалары да, өзі де тегін оқи алады. Сонымен қатар шәкіртақы алу мүмкіндігі қарастырылған;
  • Жылжымайтын мүлікті сатып алып, несие ала алады;
  • Бизнес жасай алады және акционерлік қоғамдық құруға мүмкіндік береді;
  • Әлемнің 38 елінде визасыз саяхаттауға мүмкіндік береді.

Тек грин карта иелерінің дауыс беру құқығы жоқ, яғни АҚШ-та президентін сайлауға қатыса алмайды. 

Қырмызы Скендирова
Жұма, 23 Мамыр, 2025 15:08
Талқылау