Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық баласына беделді мектепке оқуға түс деп қысым жасаған: Соңында жасөспірім өзіне қол жұмсамақ болған

Фото: screen-ad.ru

Қазақстандық қыз желіде 12 жасар інісінің өтпелі кезеңде қиындыққа тап болғанын жазды. Айтуынша, ата-анасы баланы беделді мектепке түсіруге тырысып, түрлі дайындық курстарына апарған. Алайда бала аниме кітаптарына қызығып, оқуға дайындалмаған. Бұған ашуланған әкесі оның кітаптарын өртеп, қысым жасаған. Соның салдарынан бала ауылға кетіп, өзіне қол жұмсамақ болыпты. Оқиға желіде қызу пікірталас туғызды. 


"БИЛ соңғы мүмкіндігің. Егер оған да түспесең, бұл өте жаман болады"

Ару бауырының қазір өтпелі кезеңде жүргенін, сондықтан мінезі құбылмалы екенін айтады. Әпкесінің сөзінше, отбасы оны Назарбаев зияткерлік мектебі (НЗМ), Білім-инновация лицейі (БИЛ) және республикалық физика-математика мектебі (РФМШ) секілді білім ордаларына түсіруге көп күш салған. 

"Дайындық курстарына апарды, репетиторлар жалдады, жалпы қолдан келгеннің бәрін жасады. Інімнің өзіне деген сенімі мықты еді. "Бәріне де түсем, ең жоғары балл жинаймын" деп жүретін. Бірақ өкінішке қарай, ешқайсысына түскен жоқ. Алдымен РФМШ-ға түсе алмай қалды. Көңілі түсіп кетті, бірақ ата-анамыз оны түсініп, қолдап, әлі де НЗМ мен БИЛ-ға түсуге мүмкіндігі бар екенін айтты. Біз бәріміз оның НЗМ-ға түсетініне сенімді болдық, өзі де сенді. Бірақ бір айдан кейін нәтиже келіп, ол жаққа да түсе алмағаны белгілі болды. Осы кезде әкем шыдай алмай, қатты ұрысты. Өйткені ол Назарбаев зияткерлік мектебіне аса қатты дайындалмаған, сериал, фильм көріп жатқан. Әкем, әсіресе, ол тапсырыспен аниме кітаптарын алғанын көріп, қатты ашуланды. Оны ұрып тастады. "Мына шайтан кітаптарды" оқып, дайындалудың орнына не істеп жүрсің деп, кітаптарды өртеп жіберді”, – деді әпкесі.

Бұл жайтты білгенде, әкесі баласына қатты ашуланып, "БИЛ соңғы мүмкіндігің. Егер оған да түспесең, соңы жаман болады" деп қорқытқан. Алайда біраз уақыт өткен соң, сабырға келіп, ұлына бәрін түсіндірген. Ашумен айтылған сөздер үшін кешірім сұрап, "түссең жақсы, түспесең де өмір жалғасады" деген.

"Бірнеше күн бұрын БИЛ-ға да тест тапсырған еді. Кеше нәтижесі келді, өкінішке қарай, оған да түсе алмапты. Бұл жолы інім ештеңе демеді. Үйде әпкем тамақ жасап жатқан. Ол інімді көріп, не болғанын сұраса да, інім үндеместен көршіге барған. Інім "раушан гүлдерін жұлуға бола ма?" деп сұрап, төрт бұтақты жұлған. Кейін оның қайда кеткенін ешкім білмей қалды. Содан әкем мен әпкем іздей бастады. Әкем маған қоңырау шалып, телефон локациясымен орнын қарап беруімді өтінді. Іздеп, тапқан соң әкеме әжемнің үйінің жанында жүргенін айтты. Телефон шалып, "үйде кім бар?" деп сұрағанда әжем "жалғызбын" депті", – деді әпкесі.

"Ешкімге айтпа"

Әпкесінің айтуынша, олар әкесімен бірге зиратқа барып, інісі сонда болуы мүмкін деп ойлаған. Іздегенімен таппаған соң, әпкесі әжесінің үйіне баруды ұсынған. Үйге кіргенде інісі сол жерде отырғанын көріп, қуанған. 

"Алайда кейін білсек, інім өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты. Тас жолға барып, көлікке секіремін деген. Бірақ соңғы сәтте өзін тоқтатқан. Сосын әжесіне келіп, "ешкімге айтпа" деп өтініпті. Ата-анамыз бұл жағдайдан кейін есеңгіреп қалды. Барлығын түсініп, қолдап, тыңдап, "мектепке түсуді қатты қаласаң, біз көмектесеміз" деп айтты. Сөйтіп, інімнің көңіл-күйі аздап орнына келді. Бірақ бүгін інім мектепке кітап тапсыруға баруы керек еді. Ештеңе істемей, жәй ғана ұйықтап жатты. Мұғалімі әкеме қайта-қайта хабарласып, әкем тағы ашуланды. "Неге мұнша жауапкершілігің жоқ адамсың?" деп ұрысты. Әзер дегенде жиналды. Костюмнің ішіне жылы капишоны бар жейде киіп алды, ал далада 45°С ыстық. Әкем бұған тағы ренжіді, бірақ ұрмады, тек ұрысты", – деді әпкесі.

Кейін әкесі інінің тағы бір аниме кітабын тауып, жыртып тастаған. Оның ойынша, бұл кітаптар баланың психикасына кері әсер етіп, мінез-құлқын өзгерткен. Ал әпкесі мұны өтпелі кезеңмен байланыстырады және ата-анасының қысым көрсетуін құптамайды. Енді әкесі оның телефонын тартып алғысы келеді екен. Ол психологтардан бұл жағдайдың себебі неде екенін түсіндіріп беруді сұрайды.

"Ата-ананың балаға иелік еткісі келетіні"

Stan.kz тілшісі мәселеге байланысты психоанализ бағытында жұмыс істейтін психолог Жансая Серіковадан осы жағдайға қатысты пікірін сұрады. Психологтың сөзінше, жасөспірімдік кезең – адам өміріндегі күрделі әрі маңызды өтпелі уақыт. Оның нақты басталуы мен аяқталу шекасы жоқ, себебі әр бала жыныстық және психологиялық жетілуді әртүрлі уақытта бастайды.

"Дәл осы жағдайда анық байқалатыны – ата-ананың балаға иелік еткісі келетіні. Иә әрине, біз баламыздың болашағына алаңдаймыз, оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, жақсы маман иесі болғанын қалаймыз. Алайда осы ұмтылысымыздың арасында бір маңызды нәрсені ұмытып кетуіміз мүмкін – баланың жеке тұлға екені. Оның да өз қалауы, қызығушылығы, арманы бар. Көп жағдайда ата-аналар "мен жақсы білемін", "мен көргенмін, өмірді түсінемін" деген оймен әрекет етеді. Осылайша кейде баламен санаспай, оның пікірін елемей жатамыз", – деді психолог Жансая Серікова.

Жансая Серікованың айтуынша, егер баланы шығармашылық немесе жаратылыстану бағытына бейімдегіңіз келсе, бұл жұмысты ерте жастан бастау маңызды.

"Себебі НИШ, БИЛ, РФМШ сияқты мектептерге ауысу кезеңі көбіне баланың жасөспірімдік өтпелі шағына тұспа-тұс келеді. Бұл кезде баланың ішкі әлемінде үлкен өзгерістер болып жатады, ал жаңа ортаға бейімделу – оның жүйкесіне қосымша жүк түсіреді. Сол себепті 5-6 сыныптан бастап-ақ осындай өзгерістерге дайындық жүргізу қажет. Ал жасөспірімдік кезеңде бұл өзгерістер кеш басталса, бейімделу процесі әлдеқайда күрделірек өтеді", – деп түсіндірді психолог.

"Балаға кінә сезімін артпау керек"

Ол жасөспірімдік кезеңде баланың қызығушылығы төмендеп, күйзеліске түсуі қалыпты жағдай екенін атап өтті. Дегенмен бұл кезеңде кей балаларда өлім мен суицид туралы ойлар болуы мүмкін, бірақ оны бірден клиникалық жағдай деп қарастыруға болмайтынын ескертеді. 

"Алайда екінші жағынан біз, қалыпты нәрсенің шегін ажырата алуымыз қажет. Бұл жерде бала мен ата-ананың қарым-қатынасына сызат түскен секілді. Мүмкін бұл жерде әкесінің үйдегі үстем екенін және оны бақылауы баланы одан әрі ашуландырып жатқан шығар. Бала бұл басымдықты сезініп, өз эмоциясын баса алмай, іште жиып қалады. Осыдан соң бала эмоцияға беріліп, "бұл өмірде мен ешкімге керек емеспін, ешкім мені тыңдамайды" деген ойға келеді. Үлкендер осы сәтте балаларымен сенімді қарым-қатынас орната білуі керек. Баланы кемсітпей, төмендетпей, қолыңнан ешнәрсе келмейді деген сөздерді айтуға болмайды. Ең маңыздысы, балаға кінә сезімін артпау керек. Балаға "сен үшін ақша төледім, сен үшін бәрін жасадым, сені мұнда оқыттым, уақытым кетті, сенің қолыңнан түк келмеді" деп міндетсінбеуге тиіс", – деді Жансая Серікова.

Жансая Серікова бұл жағдайда ата-ана мен балаға психологтың көмегі керек екеніне ерекше тоқталды. Бұған қоса, психолог баланың қызығушылығы аниме оқу немесе сериал көру болса, онда ол ішкі әлемімен, әсіресе, негативті ойларымен күресіп жатыр деп түсіну керек екенін атап өтті.

"Олар мұндай кезде болмайтын нәрсемен айналысып жатқандай көрінеді. Екі жаққа да қиын. Алайда мен өзімнің жасөспірім кезімді еске түсіріп, сол кезде мен не қаладым, нені ұнатпадым деп сұрақ қоямын. Осылай өзіме сұрақ қойғанда баламды жақсырақ түсіне бастаймын. Ата-ана ретінде өте қиын екенін айтайын. Көп жағдайда ата-ана тілін тістеп қалып, баланың не айтып жатқанын тыңдауы қажет. Ата-ана ересек адам болғандықтан болады мен болмайды деген нәрсені ажырата білуі керек", – деді психолог.

Жансая Серікованың пікірінше, жасөспірім балаға "Бұл мектепке (НИШ, БИЛ секілді) не үшін баруым керек?" деген сұраққа жауап табуға көмектесу керек

"Олар әлі өздерінің оқу орнындағы болашақ мақсаттарын нақты көре алмайды, сондықтан мотивацияның жоқ екені жиі байқалады. Ата-аналар баланың қалауын тыңдап, оның ойын сыйлау керек. Баланың өз эмоциясын ашық білдіруге құқығы бар. "Істегім келмейді", "Бұл бағытты таңдағым жоқ" деп айта алу өте маңызды. Ата-ананың эгосы бұған төтеп беруі керек, себебі бұл баланың дұрыс дамуы үшін қажет процесс", – деп толықтырды психолог Жансая Серікова.

Айым Атамбаева
Жұма, 23 Мамыр, 2025 19:14
Талқылау