Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелдегі бизнесін жасырған қазақстандық министрлердің өтірігі ашылды

Қазақстанның министрлерінің мемлекеттік қызметінен бөлек, шетелде бизнесі де дөңгелеп жатады екен. Тіпті, министрлер алыс аралда өздерінің миллиондары барынан да хабарсыз.

Фото: vlast.kz

Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы оффшорға ақшаларын тыққан лауазымды тұлғалардың тізімін жариялады, деп хабарлайды 31 арна.

Ұлыбритания патшайымы Елизавета II бастаған тізімде Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов та бар болып шықты.

Оффшорлар туралы «Жәннат жазбалары» деген мағынада жарияланған мақалада 3 қазақстандықтың есімі бар. Біреуі шетелде қашып жүрген Мұхтар Әбләзов болса, қалған екеуі «ҚазМұнайГазды» басқарып отырған Сауат Мыңбаев пен Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов. Бүгін үкімет отырысына келген Атамқұлов мырза журналистерден қашпақ түгілі, «пайдалы жаңалықтарың үшін алғыс айтамын» деді.

Министр Мальта аралындағы активіне қатысты мәселенің мән-жайын түсіндірмек болды.

Айтуынша, 1998 жылы бірнеше кәсіпкер қосылып, ауыл шаруашылығымен айналысатын компания құрыпты. Еуропалық серіктестері Қазақстанға тіркеуге қарсы болған соң Еуропа аумағында тіркеген. Бірақ, бизнес көпке ұзамапты.

“Кризис болды да сонымен тоқтап қалды. Негізі мақсатымыз, ойымыз дұрыс болды. «Болмайды!» дегеннен кейін көпке созбаймыз ғой, «қойшы!» деп шығып кеттім мен. Хатымды жаздым да шықтым. Ал енді біз қазақпыз ғой. Аяғына шейін жеткізіп, тексеру деген ойда болмаған ғой”, – дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Яғни, Атамқұлов мырзаның сөзіне сенсек, содан кейін бұл активі туралы ұмытып кеткен. 2006 жылы бизнестен мемлекеттік қызметке ауысқан кезде декларация толтырғанда жазбағаным да содан дейді. Әйтпесе, сол кезде заңға сәйкес қолда барын үлестіріп беріпті.

“Ауыл шаруашылықты әкеме бердім. 20 пайыз болған, 3-4 жігіт бірге істеген. Құрылысты күйеу балаға тастап кеттім. Бірақ оның жұмысы бітті. Көбісін мен сатып жібердім. Мемлекеттік жұмысқа келгеннен кейін, халық үшін істегеннен кейін шын жүрекпен, таза оймен, таза істеу керек”, – дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Сарапшылар осы жолы жарияланған құжаттарды 1 жыл бұрынғы «Панама мұрағаттары» атты оффшорлар туралы даумен байланыстырып отыр. Сол кездегі тізімде де бірнеше қазақстандықтың есімі аталған. Бірақ, олардың ешқайсысы бұл туралы әлі күнге тіс жарған емес. Ал Бермуд аралында бизнесі бар делінген Сауат Мыңбаев кешқұрым «оффшорда ешқандай қаражатым жоқ» деген ақпарат таратты.

Тағы да оқыңыз:

Оқушы қызға азғындық жасады деп сотталған қызылордалық мұғалім түрмеден хат жазып жіберді

51 жастағы Бекболат Тілеухан ұлды болды

ОҚО-да досының сөзін жерге тастай алмаған жігіт оның тапсырысымен адам өлтірген

Талқылау