Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шешімді орындамаймын": Жанболат Мамай сот үкіміне қатысты пікір білдірді

Қоғам белсендісі, оппозиционер Жанболат Мамай Бауыржан Байбектің арызы бойынша сот шығарған үкімге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жанболат Мамай сот басталмай тұрып-ақ оған сенбейтінін, сот бір жақты жақты шешім қабылдайтынын айтқанын еске салды.

“Сот шешімі биліктің мүддесін қорғайтынын айтқан болатынбыз. Сол айтқанымыз айдай келіп отыр”, – деді оппозиционер.

Ол бұған дейін Байбекке таққан айыптарының бәрін құжаттармен дәлелдегенін баса айтты. 2000 бет қағаз өткізген. Бірақ, оның айтуынша, сот оның бірде-бірін назарға алмаған.

Жанболат Мамай өз ұстанымында қалатынын атап өтіп, Байбекті “парақор, жемқор” деп атауды жалғастырды.

Ол сот шешімін орындамайтынын мәлімдеді.

“Біз сот шешімін заңсыз, әділетсіз деп есептейміз. Сот шешімін орындамаймын. Бауыржан Байбек туралы деректер алынбайды, ешқандай деректер жоққа шығарылмайды. Аппеляциялық сотқа, Жоғары сотқа, БҰҰ-ның Адам құқығын қорғайтын сотына тапсырамыз. Барлық жағынан шындықты айтуды жалғастырамыз”, – деді Жанболат Мамай.

Оппозиционер Бауыржан Байбек “қоғам алдында жеңілгенін” атап өтті.



Ол бұл іспен тек қазақстандық емес, халықаралық қауымдастықтар айналысатынын мәлімдеді.

Еске салайық, белсенді Жанболат Мамай Бауыржан Байбектің Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезде "Қазақфильм" киностудиясындағы, Атакенттегі, Көкжайлаудағы, Esentai city тұрғын үй кешені орналасқан аумақтағы жер телімдерін жекеменшігіне алғанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар оған автобустар сатып алуда пара алды, көмір мафиясын "қанатының астына алып", Алматыдағы ТЭЦ-2-ні газға көшіруге тосқауыл қойды деген айып тақты.

Кейін Алматының экс-әкімі белсендінің әрбір айыптауына дәлелмен жауап берді. Сондай-ақ “Нұр Отан” партиясының бірінші хатшысы белсенділер Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаеваға азаматтық тәртіппен ар-намысты, абырой мен іскерлік беделді қорғау туралы талап арыз берді.

Бүгін осы шағым бойын сот үкім шығарды. Сот белсенділерді айыпты деп таныды және шешім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде жарияланған материалдарды жоққа шығаруды және алып тастауды міндеттеді.

Талқылау