Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алматы әкімі болғанда жер телімдерін иеленіп алды": Байбек Жанболат Мамайдың айыптауларына жауап берді

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың айыптауларына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бауыржан Байбектің танымал YouTube-арналардың біріне берген сұхбаты шықты. Онда Алматының бұрынғы әкімі Жанболат Мамайдың айыптауларына жауап берді.

Бұған дейін белсенді Байбек Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезде "Қазақфильм" киностудиясындағы, Атакенттегі, Көкжайлаудағы, Esentai city тұрғын үй кешені орналасқан аумақтағы жер телімдерін жекеменшігіне алғанын мәлімдеген еді.

"30 жастан асқан Жанболат Мамай, менің естуімше, оқыған кісі, әрбір сөзін журналистік зерттеу деп атайды. Кез келген докторлық жұмыс сияқты сілтемелерді көрсетеді, бірақ бір дереккөзге тоқталғым келеді - Uzun Qulaq, бұл жалған ақпаратқа толы телеграм-арна. Егер олардың контентін талдайтын болсақ, ол Конституцияға қарсы іс-әрекет, әлеуметтік араздықты қоздыру, қоғам ішінде хаос пен алауыздықты тудыруды көздейді", - деді ол.

Оның айтуынша, белсенді осы жалған арнаға сілтеме жасап, олардың ақпаратын өз атынан жариялаған.

Осы орайда Бауыржан Байбек өзіне тағылған әрбір айыптау бойынша дәлелмен жауап берді.

"Егер нақты алатын болсақ, басым бөлігі менің Алматы әкімі лауазымындағы қызметіме қатысты. Жерді жекеменшігіне алды деген айып таққан. "Қазақфильмге" келетін болсақ, бұл 100 пайыз мемлекеттік кәсіпорын. Ол шамамен 17 гектар жерді алып жатыр. Жер қашан да қалаға тиесілі болды. Жер учаскесінің жартысында "Қазақфильм" ғимаратының өзі орналасқан, екінші бөлігі -  түсірілім өтетін жасыл аймақ", - деді Алматының экс-әкімі.

Оның айтуынша, аумақта этно-ауыл салу тікелей "Қазақфильм" басшылығының идесы болған.

"Осыдан кейін біз жобамен айналысып, "Қазақфильмнен" 5,5 гектар жер бөліп, саралау туралы шешім қабылданды. Ол қалаға тиесілі жер болатын. Содан кейін 5,5 гектар жерде қала бюджеті қаржыландыратын жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, бәрі мәдениет басқармасының балансына өткізілді", - деді  Бауыржан Байбек.

Тағы бір айыптау Көкжайлау шатқалындағы заңсыз құрылысқа қатысты болған. Байбек бұл жоба 2013 басталғанын, ал өзі 2015 жылы әкім болып тағайындалғанын атап өтті.

"Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын жалған айыптау. Біріншіден, тұжырымдамаға сәйкес, ағаштарды кесу 17 есеге қысқартылды. Жоба бойынша 22 000 ағаштан 1280-ге дейін кесілуі мүмкін еді. Құрылыс алаңын да көп қысқартуға тура келді. Онда салынатын қонақ үйлер саны да өте көп болды. Бірақ жобаның құны 4 есеге қысқартылды. Сол қысқартулардың нәтижесінде біз Іле-Алатау паркіне қаладан 102 гектар жерді қайтарып бердік.

Бұдан өзге, біз сол жерлерге тексеріс жүргізе бастадық. Ол жерлер бұрын Алматы облысына тиесілі болған еді.Сол кезде жеке меншікте бес гектар жер анықталды. Біз оларды мемлекеттік меншікке қайтардық. 

Қайталап айтамын, бұл киелі жер, жекеменшік жер болмауы керек. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуы керек деп ойлаймын", - деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Айта кетейік, қоғамда резонанс тудырған жобаға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы нүктесін қойған еді.



Сонымен қатар, Мамай Алматының бұрынғы әкімін Әл-Фараби даңғылы маңындағы аумақты алма бақтарының орнына Esentai Сity құрылысына берді деп айыптады. Өз кезегінде Байбек "Мамайды жалған сөйлеп, өтірік айтып жүрген адам немесе өзгелерді әдейі адастырып отыр" деп мәлімдеді. Ол Әл-Фараби даңғылы маңындағы жерлер жекеменшікке жататынын атап өтті.

"Ол жерлер түгелдей "Қазкоммерцбанкке" тиесілі. Оны ашық дереккөздерден де көруге болады. Ол жерлер ешқашан мемлекетке тиесілі болмаған. Ешқандай алма бағы да болмаған.

Бұл құрылыс жұмыстарына қала билігі қызу қолдау білдірген. Неге дейсіз ғой? Елбасының тапсырмасымен мәслихат, яғни қаланың өкілдік органы әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай тек қана үш қабатты ғимараттар салуға рұқсат етіледі деген шешім қабылдаған", - деп түсіндірді ол.

Ал Атакентке келетін болсақ, Байбек басқарушы компания міндеттерін дұрыс атқармағанын атап өтті. Бұл ретте Байбек бұрын Атакентте тұрғандықтан ол жермен жақсы таныс екенін айтты.

"Алматы әкімі болып келген кезімде ол жерден еш жүйесіз, ретсіз салынған құрылыс нысандарын көрдім. Біріншіден, Атакент аумағында көліктер ағылып жүрді. 90-шы жылдары ол аумақ сенімді басқару қолына өтіп кетіпті. Жеке кәсіпкер ол аумақтағы жасыл желекті суғарып, күзетіп, көріктендіруі тиіс деген шарт болған. Алайда оны орындамаған. Аумағы тым үлкен автотұрақ болды, ретсіз салынған шағын дүкендер қаптап тұрды. 25 жыл ішінде ол аумақтан сотықтап жер алып алғандар бар екен, тіпті жартысы жекенің меншігіне өтіп кетіпті. Сондықтан 27 га жерді қала меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, меншік иесіне аумақты көріктендіріп, инвестиция құюды міндеттедік", - деді экс-әкім.

Оның ойынша, бұл айыптауларды әкім қызметінен кейін сол жерлердің иелері айта бастаған.

"Мамай мырза өз видеосында мені Атакентте автотұрақ салуға рұқсат берді деп айыптайды. Ал шындығында, керісінше, барлық тұрақты жауып, қоғамдық кеңістік құра білдік", - деп түсіндірді Байбек.

Ол сондай-ақ ЖЭО-ны газдандыруға кедергі келтіріп, көмір мафиясына жол ашты деген айыптауларды жоққа шығарды.

"Қателеспесем, біз бұл мәселені 2016 жылы қозғадық, Елбасы оны қолдады. Бұл Елбасының "Самұрық-Энерго", үкімет ЖЭО-2-ні газдандыруды қамтамасыз етуі тиіс деген тікелей тапсырмасы болды", - деді Байбек.

Сондай-ақ, Бауыржан Байбек "Болашақ" қауымдастығы оның меншігі деген ақпаратты да жоққа шығарды.

"Мен "Болашақ" қауымдастығы құрылтайшыларының бірімін, ол 20 жыл бұрын төменгі жақтан құрылған үкіметтік емес ұйым. "Болашақ" қауымдастығы көптеген пайдалы істер жасады. 10 жыл бұрын біз "Болашақ" корпоративтік қорын құрдық.

Біз аутизм мәселесімен айналысамыз. Бүгінде екі мың аутист балаға көмектестік, мамандар 1200 ата-ананы оқытты. Заңнамалық ұғымдар енгізілді, 420 жұмыс орны құрылды және ел бойынша 17 өңірде 57 инклюзия кабинеті ашылды. Біз демеушілік қаражат есебінен 36 фильм аудардық. Елімізде Голливуд фильмдерін қазақ тіліне аударатын біз ғана.

Ал Мамай мырза өзінің саяси партиясымен тым болмаған бір балаға көмектесті ме? Пайдалы нәрсе жасады ма? "Болашақ" қауымдастығы 2000 адамды біріктіреді. Біз оның саяси партиясынан әлдеқайда көппіз. Бірақ "Болашақ" қауымдастығы саяси қызметпен айналыспайды. Ол қайырымдылықпен, әлеуметтік, қоғамдық қызметпен айналысады", - деді ол.

Сұхбат соңында Бауыржан Байбек Жанболат Мамайды сотқа беретінін айтты.

"Мен қазір мемлекеттік қызметші емеспін, мұны істемесем де болады. Бірақ, біріншіден, мен Конституцияны құрметтейтін және ұстанатын Қазақстан Республикасының азаматымын және менің есімім адам ретінде мен үшін қымбат", - деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Талқылау