Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Шерзаттың ағасы 20 күн бойы неге үндемеді": Сотта тағы бір күдіктіден жауап алынды

Видеодан скрин

Шерзат Полат ісі бойынша сотта кісі өлтіруге оқталды және бұзақылық жасады деп айыпталған Равиль Сакиевтен жауап алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айыпталушы Равиль Сакиевтің айтуынша, оқиға болған күні олар отырған "Эйфория" кафесі жабылып жатқандықтан, барлығы сыртқа шыққан, ал ол есеп айырысу үшін ішінде қалған. Шотты төлеп болған соң, іс бойынша куәгер Эльмира Нұрбековамен бірге басқа айыпталушылардың қасына шыққан.

Оның айтуынша, Шыңғыс Белғожaев оқиғадан екі күн бұрын көлік сатып алған. Сол көлікке мініп, олар "Камажай" дүкеніне барған.

"Маған Нұрбол (айыпталушы Тоқтаубаев) туралы ешкім ештеңе айтқан жоқ, ал Дарханды (айыпталушы Әскентай) мүлде танымаймын. Біз бірдеңе сатып алуға келген екенбіз деп ойладым. Өзім де көліктен түсіп, сол кезде ғана бірдеңе болып жатқанын түсіндім.

Дарханның беті қан-қан болды, бір топ жігіт тұрған. Сол жерден тек Нұрболды ғана танимын. Жақындап, сәлемдестім. Ал Нұрқанатты (Шерзат Полаттың ағасы) шамамен 2017 жылдан бері білемін. Жақын араласқан жоқпыз, бірақ кездесіп қалғанда амандасып жүрдік, қарым-қатынасымыз қалыпты болды", – деді Равиль Сакиев.

Ол сол жолы да Нұрқанатпен амандасқанын айтты.

"Ол маған: "Жүр, әңгімелесейік, сөйлесетін мәселе бар" деді. Сосын біз қара көліктің артына қарай бардық. Ол: "Менің жиенім Шерзат сендердің жігіттеріңнің бірін ұрып тастаған. Мұнда бір түсініспеушілік болып тұр" деді. Мен одан "Кімді ұрды?" деп сұрадым. Ол маған Дарханды нұсқады. Сол кезде мен оған: "Мен мұнда ол үшін келген жоқпын, Дарханды танымаймын" деп жауап бердім", – деді айыпталушы.

Сакиевтің айтуынша, олар сөйлесіп тұрған кезде төбелес басталып кеткен. Оның сөзінше, Шерзат Полаттың ағасы бірінші жүгіріп кеткен, ал өзі не болып жатқанын көру үшін артынан жүгірген.

"Мен кетіп бара жатқанда артымнан айқай-шу естілді. Артыма бұрылып қарасам, Шыңғыс есікті тепті. Сол сәтте Эльмира мені шетке тартып, төбелеспеуді өтінді. Мен оған: "Жібер, жігіттерді алып кетейік" дедім. Сол кезде оқ атылды. Кім атқанын білмеймін, бірақ бұл біздің қару емес екенін анық білемін, себебі ешкім өзімен бірге қару алып келген жоқ. Жүгіріп бара жатып, жерден бір бөтелке алдым. Жетіп барсам, Нұрқанат мылтықты оқтап, көздеп тұр екен. Мен: "Не істеп жатырсың? Мылтықты таста" дедім, бірақ ол екінші рет оқ атты", – деді Равиль Сакиев.

Оның айтуынша, кейін ол Ravon маркалы көліктің артына тығылған.

"Оған дейін Нұрқанатқа бөтелке лақтырдым, бірақ тимеді. Нұрқанат мылтықты қайта оқтап жатқанда, мен жүгіріп барып, қаруын тартып алмақ болдым. Қасында Нұрқияс тұрған. Киімімді қағып жатқанда, Нұрқанат: "Жедел жәрдем, жедел жәрдем!" деп айқайлап жатты. Сол жерде біреу жатқан. Мен де бардым. Жақындап қарасам, Нұрқияс, Абзал (айыпталушы Шынасыл), Нұрбол тұр екен, ал Шыңғысты көрмедім. Нұрқияс мылтықты тартып алып, оны шүріппесімен ұрып жатты. Мен жақындап келіп, Нұрқанатты екі рет теуіп жібердім", – деді айыпталушы.

Айыпталушының айтуынша, сол кезде әйел қатты айқайлап: "Жедел жәрдем! Көмектесіңдер!" деп шақырған. 

"Біз көлікке отырып, ол жерден кетіп қалдық. Азамат (айыпталушы Тоқтаубаев) қаруды алып кетті. Мен оған не үшін керек екенін тағы да сұрадым. "777" дүкенінің алдында мен көліктен түспедім. Мені үйге жеткізіп салуларын сұрадым, ал Абзал: "Мен біреуді пышақтадым" деді", – деді Равиль Сакиев сот отырысында.


"Шынасылдың пышақты сүрткенін көрдім": Мектеп оқушысы Шерзат Полаттың отбасынан кешірім сұрады

"Шатастырып Шерзатты ұрып кетіппін": Сотта күдікті Белқожаев жауап беріп жатыр


Айыпталушының айтуынша, анасы оған қоңырау шалып, полицияның оны іздестіріп жатқанын хабарлаған. Кейін Құрман атты танысы қоңырау шалып, Талғарда төбелес болғанын және сол жерде жасөспірімнің қаза тапқанын айтқан.

"Мен ештеңе білмеймін, үйдемін, ұйықтап жатырмын деп айттым. Кімге айтқанымды Азаматқа ма, әлде басқа біреуге ме нақты есімде жоқ, төмен түсіп, полиция бөліміне барып, бәрін қалай болғанын өздері айтып берейік дедім. Біз төмен түсіп келе жатқанда, алдымыздан патрульдік көлік шықты, біз тоқтадық", – деп қосты Сакиев.

"Сіз қорғау құқығы бар куәгер ретінде Ғайыпбаевты екі рет бетіне ұрғаныңызды айттыңыз ба?" – деп сұрады айыпталушыдан.

"Иә, мен оның мылтығына жармастым, мойындаймын, бірақ мен оны ұрған жоқпын. Оның қолында қару болды, егер мен ұрсам, ол мені атып жіберуі мүмкін еді", – деді Равиль Сакиев.

Айыпталушы Нұрқанатты отырған кезінде арқасынан бір рет, орнынан тұруға әрекеттенгенде желкесінен бір рет тепкенін мойындады.

"Ол есінен танған жоқ, орнынан тұрып жатты. Кейін жігіттер оны ұра бастады", – деп нақтылады Равиль Сакиев.

Айыпталушы Ғайыпбаевқа немесе басқа жәбірленушілерге пышақ не басқа да суық қару қолданылды ма деген сұраққа да жауап берді.

"Құрметті сот, беттестіру кезінде мен Ғайыпбаевтың өзі оқ атқанын айтқанымда, ол орнынан тұрып: “Мені пышақтаған – осы” деп мені көрсетті. Ал оған дейін 20 күн бойы ол бұл жайлы ештеңе айтқан жоқ. Ол мені танитынын айтты, беттестіру 26-сы күні болды, ал оқиға 3 қазан күні болған. Ол осы уақыттың бойы үндемей жүріп, тек беттестіру кезінде ғана осылай деді.

Шерзаттың анасына да: “осы пышақтады деп айт” деген. Ол неге олай деді, білмеймін. Оның менен бұрын ешқандай реніші, ашық қақтығысы болған емес. Мен мылтық туралы айта бастаған сәтте ол бірден: “Мені бірінші рет пышақтаған – осы, ал екінші рет пышақтаған – Абзал” деп айтты", – деді айыпталушы сотқа жүгініп.

Прокурор айыпталушыдан "Абзал біреуді пышақтады деп айттыңыз. Нақтылап бере аласыз ба?" деп сұрады. 

"Кімді екенін білмеймін. Кейін ол Нұрқанатты пышақтағанын айтты. Ол кезде біз Қонаевта болатынбыз", – деп жауап берді айыпталушы.

Равиль Сакиевтен Абзал Шынасылдың қолында топтық төбелес кезінде пышақ немесе басқа да суық қару болғанын көрдің бе деп сұралды. Ол мұндайды көрмегенін айтты.

"Ал сіздің ше? Қалтаңызда?" – деп сұрады айыпталушыдан.

"Жоқ, жоқ, менде ешқандай пышақ та, басқа да зат болмады", – деп жауап берді Равиль Сакиев.

Сондай-ақ ол Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзін пышақтады деген мәлімдемесімен келіспейтінін айтты.

"Мен неге дәл менің үстімнен осындай айып тағылғанын түсінбеймін. Мен тергеудің ең басынан бастап айтып келемін, ол 20 күн бойы үндемей жүріп, тек беттестіру кезінде ғана айтты", – деді Сакиев.

Жәбірленуші тараптың өкілі: "Егер сізде пышақ болмаған болса, онда сіздіңше Нұрқанат Ғайыпбаевты кім жарақаттауы мүмкін?" деп сұрады.

"Абзал. Одан басқа кім екенін білмеймін. Видеодан да көрініп тұр. Екі адам бірігіп, “сен пышақта, жоқ, сен пышақта” деп келіседі деу – ақылға қонымсыз", – деп жауап берді ол. 

Еске салсақ, бүгінгі сот отырысында айыпталушы Ілиясов Нұрқияс Шерзаттың өліміне ағасы Нұрқанаттың мылтық атуы себеп болғанын айтқан еді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Мамыр, 2025 19:19
Талқылау