Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Шерзат өлімі бойынша істе адвокаттар прокурорды ауыстыруды сұрады: Судья өтінішті қанағаттандырмады

Тікелей эфирден скриншот

Шерзат Полаттың өлімі бойынша қылмыстық істе сотталушылар мемлекеттік айыптаушыны істен шеттетуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айыпталушылардың адвокаттары бірауыздан прокурор Дана Сәрсенбайдың қызметіне риза емес. Сөздерінше, мемлекеттік айыптаушы сотталушыны шатастырып, қысым көрсетіп жатыр. Оның үстіне кәсіби біліктілігімен істі зерделемеген дейді адвокаттар. 

“Прокурор эмоцияға беріліп жатыр. Оған дейін мемлекеттік айыптаушыға ескерту жасалды. Прокурор “жәбірленушілермен бір жақпыз” дейді. Бірақ мемлекеттік айыптаушы теңдей қарауы керек, екі жаққа да жақтаспауы керек”, – деді сотталушының адвокаты. 

Бірақ Дана Сәрсенбай адвокаттардың наразылықтары прокурорды ауыстыруға негіз емес деп санайды.

Жәбірленушілердің адвокаттары “ауыстырудың қажеті жоқ” деп, Дана Сәрсенбайды қалдыруды сұрады. 

Сот айыпталушылардың прокурорды ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ. 

“Сәрсенбайдың сотқа қатысты мүдделілігі анықталған жоқ. Сол себепті мемлекеттік айыптаушыға қарсылық білдіруге негіз жоқ”, – деді судья.

Судья Дана Сәрсенбайдың видео туралы сұратуын істі зерделемеген деп тануға келмейтінін айтты. 

Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 06 Мамыр, 2025 12:50
Талқылау