Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Шерзат ісі: Айыпталушылардың бірі басқа адамға шабуыл жасағаны үшін 7 жылға сотталған

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша айыпталушылардың бірі бұрын басқа адамға шабуыл жасағаны үшін түрме жазасын алған. Талғарда жасөспірімді өлтірген күні Азамат Тоқтаубаев үйқамақта болуға тиіс еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысының прокуратурасы 24 жастағы Азамат Тоқтаубаев орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін растады.

Дегенмен айыпталушы Азамат Тоқтаубаевқа үкім 2024 жылғы 17 қазанда, яғни Шерзаттың өлімінен екі апта өткен соң шығарылған дейді прокуратура.

"2024 жылғы 17 қазандағы Талғар аудандық сотының үкімімен Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы бойынша (Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", – деп хабарлады Алматы облысы прокуратурасы.

Редакция прокуратураға "Неліктен Шерзаттың өлімінен бұрын Тоқтаубаев бостандықта жүрген?" деген сұрақ қойды.

"Тергеу барысында Талғар аудандық тергеу сотының 2023 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен күдіктіге екі ай мерзімге, яғни 2024 жылғы 14 ақпанға дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Кейінірек, 2024 жылғы 6 ақпандағы тергеу сотының қаулысымен бұлтартпау шарасы қамауда ұстаудан үйқамаққа өзгертілді", – деп хабарлады прокуратура.

Сонымен қатар ведомство нақтылағандай, аудан прокуратурасының бұл қаулыны жою туралы өтініші облыстық соттың апелляциялық алқасы тарапынан қанағаттандырылмаған.

Азамат Тоқтаубаев кім және ол не үшін айыпталып отыр?

Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, үйленген. Орта білімді. Өзінің айтуынша, жеке кәсіпкер болған. Қазіргі ол – Шерзат ісі бойынша сотталушылардың бірі. Бұл резонанстық істе оған "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған.

17 сәуірде өткен сот отырысында прокурор Дана Сәрсембай айыптау актісін оқи отырып, Шерзат Полатты қалай өлтіргендерін баяндады. Тергеу деректеріне сәйкес, Шерзат пышақталғаннан кейін оны шабуылдаушылардың тобы ұрып-соғып, "аяқтаған". 

Тергеу нұсқасы бойынша, басты айыпталушы Абзал Шынасыл. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, дәл осы Абзал Шынасыл пышақпен Шерзатқа өлімге әкелген соққы жасаған. Абзал Шынасыл Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша (Кісі өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша айыпталып отыр.

Равиль Сакиев те 293-баптың 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) және 99-баптың 2-бөлігі мен 24-баптың 3-бөлігі бойынша (Кісі өлтіруге оқталу) айыпталып отыр.


Шерзат Полат ісі бойынша шығарылған үкім қазақстандықтарға ұнамауы мүмкін – Адвокат Өтебеков


Шерзат өлімі бойынша істе адвокаттар прокурорды ауыстыруды сұрады: Судья өтінішті қанағаттандырмады


Еске салайық, бұған дейін 6 мамырда өткен сот отырысында айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай 4 қазан күні "Қамажай" дүкеніне сыра алуға барғанын айтып, Шерзат Болаттың өліміне әкелген төбелеске қатыспағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Шерзат өзіне кастетпен ұрып жіберіп, кейін жағдайы нашарлаған соң досы Нұрбол Тоқтабайды шақырған. Төбелестің басталуына Қаржаубайдың пышақпен шығуы және Шерзаттың біреуді ұруы себеп болды дейді. Дархан тергеу кезінде қысым көрсетілгенін, қорғаушысы болмағанын, сондықтан шындықты енді айтып жатқанын жеткізді. Ол оқиғаға қатысқан кейбір күдіктілерді танымайтынын, ешкімді ұрмағанын, төбелеске араласпағанын айтты. Тергеу кезіндегі айыптаулармен келіспейтінін, бұл кездейсоқ болған оқиға екенін, тек өз әрекеті үшін жауап беруге дайын екенін мәлімдеді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 14 Мамыр, 2025 11:35
Талқылау