Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының элиталық дивизионынан ұшып кетті
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы баспасөз қызметі
Қазақстанның ерлер құрамасы 2025 жылғы хоккейден әлем чемпионатында өнер көрсетуді аяқтап, элиталық дивизионнан шығып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Топтық кезеңнің шешуші матчында команда Швейцария құрамасына 1:4 есебімен жеңілді. Қазақстан құрамасы сапынан жалғыз шайбаны Аркадий Шестаков 16-минутта соқты.
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 ұпай жинап, В тобының сегізінші, яғни соңғы орнын иеленді. Дәл осындай ұпай Венгрия құрамасында да болғанымен, олар Қазақстанды өзара кездесуде жеңгендіктен жоғары орын алды. Осылайша Қазақстан құрамасы 2019 жылдан бері алғаш рет бірінші дивизионға түсіп қалды.
Биылғы әлем чемпионатында отандастарымыз бір ғана ойында жеңіске жетті. Алғашқы турда ұлттық құрама хоккейшілер Норвегияны 2:1 есебімен ұтты, алайда кейін қатарынан алты матчта жеңіліп қалды. Оның ішінде АҚШ-тан 1:6 есебімен ірі жеңіліс те бар.
Команданың бас бапкері Олег Болякин бұған дейін элиталық дивизионда қалу үшін соңына дейін күресетінін айтқан еді, алайда қорытынды нәтиже қазақстандықтардың пайдасына болмады.
Нәтижесінде Қазақстанның хоккей құрамасы әлем чемпионатының элиталық дивизионынан шығып, келесі жылы жоғарғы деңгейге қайта оралу үшін күрес жүргізеді.

Шымкенттік кәсіпкер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдап кетті деп айыптады: Бұл оқиға немен аяқталды?
