Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шаолинь буддистік монастырының басшысы қаржы жымқырды және некесіз бала сүйді деп айыпталды

Getty Images Шаолинь буддистік монастырының басшысы Ши ЮнсиньФото: Getty Images

Қытайдағы аты әйгілі Шаолинь буддистік монастырының басшысы Ши Юнсинь қаржыны жымқырды және буддизмге қайшы өмір салтын ұстанды деген күдікпен тергеуге алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  монастырьдың WeChat желісінде жазған жазбасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, Ши Юнсиньге қарсы бірнеше мемлекеттік орган бірден тергеу жүргізіп жатыр. Оған монастырьдың қаржысын және белгілі бір жобаларға бөлінген ақшаны заңсыз иемденіп, жеке мақсатына жұмсады деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар ол буддизм қағидаларын бұзып, бірнеше әйелмен бірге тұрған және олардан некесіз балалар сүйген деген күдікке ілінген.

Бұл жаңалық Қытайдың ең ірі әлеуметтік желілерінің бірі Weibo-да ең көп талқыланған тақырыпқа айналды. 

Ши Юнсиньнің Weibo парақшасында 880 мың жазылушысы бар. Ол күн сайын буддистік даналықтар мен кеңестер жариялап отыратын. Алайда 24 шілдеден кейін оның парақшасында ешқандай жаңа жазба шықпаған.

Айта кетейік, Шаолинь монастыры Қытайдың орталығындағы Хэнань провинциясында орналасқан, 1500 жылдық тарихы бар киелі мекен. Бұл жер кунг-фу (ушу) өнері мен дзен-буддизмнің бастау алған орны ретінде белгілі. Жыл сайын Қытайдың түкпір-түкпірінен және басқа елдерден мыңдаған адам осы жерге келіп, монах болуға ұмтылады.

Ши Юнсинь бұл монастырьға алғаш рет 1982 жылы келген, ал 1999 жылы оның басшысы болып тағайындалған. Оның басшылығы кезінде Шаолинь монастыры әлемге танымал брендке айналды. Ол монахтардан құралған кунг-фу шоу тобын құрып, оларды әлем елдеріне гастрольге жіберді. 
Сонымен бірге шетелдерде мектептер ашылып, түрлі елдерде ондаған компаниялар құрылды.

Алайда бұл бірінші рет емес. Ши Юнсиньге бұған дейін де, он жыл бұрын дәл осындай айыптар тағылған еді. Ол кезде де оны ақша жымқырды, әйелдермен жақын қарым-қатынаста болды, некесіз балалар сүйді, сондай-ақ шенеуніктер мен компаниялардан қымбат сыйлықтар алды деп айыптаған. Мысалы, оған Volkswagen маркалы қымбат жол талғамайтын көлік пен алтынмен көмкерілген арнайы мантия берілген делінді. Бірақ ол кезде бұл айыптардың ешқайсысы дәлелденбей, іс жабылып қалған.

2015 жылы BBC-дің Қытай қызметіне берген сұхбатында ол "Егер расында бір кінәм болса, бұл жағдай баяғыда-ақ ашылар еді" деп жауап берген.

Қазір Ши Юнсинь Хэнань провинциясындағы Буддистік қауымдастықтың төрағасы және Қытайдың бүкіл елдік Буддистік қауымдастығының төраға орынбасары. Сонымен қатар ол бұған дейін Қытайдың Халық өкілдері жиналысының депутаты болған.


Қазақстанда көшедегі адамдарды "діни әңгіме" айтып мазалаған әйел өзіне қатысты жазаның күшін жойғызды


Ақтөбеде мешітте ер адам қызға интимдік қатынас үшін бір реттік некеге тұруды ұсынған (видео)


Еске салайық, бұған дейін Таиландта әйел алаяқ ондаған монахты арбап, 6 миллиард теңгеден астам ақшасын алғанын жазған едік.  Тергеу барысында әйелдің монахтармен жыныстық қатынасқа түскен сәттерін видеоға түсіріп, кейін оларды бопсалағаны анықталған. Монахтар әшкереленуден қорқып, оған көп мөлшерде ақша аударып отырған. Эмсаваттың үйінен бес смартфон тәркіленіп, олардың жадынан компроматтар табылған. Алғашында 9 монах жәбірленуші ретінде көрсетілген, олардың сегізі шілде айында діни лауазымынан айырылды. Кейін бұл сан кем дегенде 12 адамға жеткені белгілі болды. Эмсаваттың тағы бір көңілдесі жоғалып кеткен, қазір оның қайда екені белгісіз.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 12:22
Талқылау
`