"8 000-нан аса адамның тағдыры сақтаулы": Ақмола облысындағы мұрағат қызметкерлері қуғын-сүргін құрбандарын анықтау қалай жүретінін айтып берді
2020 жылдың 24 қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысы бойынша елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша арнайы 11 комиссия құрылды. Ақмола облысы бойынша репрессия құрбандарын ақтау процесіне облыстық полиция департаменті жанындағы мамандандырылған мемлекеттік мұрағат та өз үлесін қосып келеді. Мұрағат қызметкерлері мекеменің қуғын-сүргін құрбандарын анықтап, оларды ақтауға қосып жатқан үлесі жайлы Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Ақмола облысы полиция департаменті жанындағы мемлекеттік мамандандырылған мұрағаты президенттің қаулысы бойынша 2012 жылы 12 қаңтарда құрылған. Мұрағат қызметкері Үмітжан Манатованың сөзінше, мұндағы шаң басқан құжаттарда 8 000 аса азаматтың тағдыры көрсетілген.
Мұрағаттың негізгі мақсаты – Ұлттық мұрағат қорына қарасты құжаттарды сақтау. Мұрағат қызметкерлерінің сөзінше, мұндағы құжаттар репрессияға ұшырағандарды ақтау жұмыстары үшін үлкен маңызға ие.
"Мұнда КСРО Ішкі істер ұлттық комиссариатының бұйрықтары, репрессияға ұшырап, сот органдары арқылы ақталған азаматтарға қатысты тергеу материалдары, соғыстан кейін тұтқынға түскендер туралы материалдар мен ақтауға жатпайтын азаматтарға қатысты қылмыстық істер сақтаулы", – дейді Ақмола облысы полиция департаменті жанындағы мамандандырылған мемлекеттік мұрағатының бас маманы Үмітжан Манатова.
Полиция департаменті жанындағы мемлекет мұрағат қуғын-сүргін құрбандарының туыстары үшін ғана емес, ғалым, тарихшы және журналистер үшін де қажет. Сонымен қатар шаң басқан мәліметтер тарихи фактілер мен деректерді қалпына келтіруде кеңінен қолданылады екен.
"2014 жылы ҰҚК Ақмола облысы полиция департаменті жанындағы мамандандырылған мемлекеттік мұрағаттың сақтауына 7 398 қылмыстық іс берілді. Бұл істердің ішінде қуғын-сүргін құрбандары мен бұрынғы әскери тұтқындар жайлы тың мәліметтер бар", – деп қосты мұрағаттың бас маманы.
Аталған мекеме қызметкерлері қуғын-сүргін құрбандарының туыстарына мұрағаттағы анықтамалар мен қылмыстық істер бойынша құжаттардың көшірмесін алуға әр уақытта көмектеседі. Бұл тарихтағы құпия болған істердің жаңа қырын ашуға септігін тигізуде, дейді мұрағат қызметкері.
"Мұрағат анықтамаларында анкеталық мәліметтер, тағылған айыптар мен үкім, сондай-ақ ақтау процесі туралы деректер сақталған. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстары процессуалдық емес қылмыстық іс құжаттарымен таныса алады. Оларға келесі құжаттар жатады: тұтқындардың анкетасы, ауыс кеңесі мен жергілікті органдар берген анықтама, жұмыс орнынан мінездеме, үкім мен айыптау туралы қорытынды, қылмыстық істі қайта қарау жайлы анықтама, ақтау туралы мәліметтер", – деп қосты Үмітжан Рахметоллақызы.
Мұрағат қызметкерлерінің сөзінше, құпия құжаттармен арнайы аймақтық және республикалық комиссия жұмыс істейді. Ал мекеме тиісті анықтамаларды мен мәліметтерді ұсынады. Осылайша жазықсыз қуғынға ұшырап, жер аударылған азаматтарды ақтауда өз үлесін қосып келеді.
Қуғын-сүргінге тек жеке тұлғалар ғана емес, тұтас ұлттар мен этникалық топтардың да ұшырағанын естен шығармаған жөн. Репрессия құрбандарының қатарында қазақтар, поляктар, орыстар мен немістер, корейлер мен ұйғырлар бар. Олардың бір бөлігі Қазақстанға жер аударылған. Polisia.kz ұсынған мәліметке сәйкес, туыстарының тағдыры туралы мәлімет алу үшін қазақстандықтардан бөлек Ресей, Украина, Литва және Германия, Финляндия азаматтары жүгінген.
Айта кетейік, 2021 жылы мамандандырылған мемлекеттік мұрағат пен Ақмола облысы полиция департаментінің мұражайы бірлесіп "Жылдар, оқиғалар, деректер" атты видео-жобасын жүзеге асырған. Арнайы репортаж саяси репрессияның құрбандарына арналған.