Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шахтада үстіне 500 келілік тас құлап, омыртқасы сынған азамат әділдікке жете алмай жүр

15 жыл бұрын мүгедек болып қалған кентаулық Дастан Орынбасаров мемлекеттен өзіне заң бойынша тиесілі 47 миллион теңгені ала алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Өндірісте үстіне 500 келілік тас құлап, екі омыртқасы сынып, жұлыны үзілген азамат қазір арбада отыр. Мына шешімді Павлодар қаласындағы экономикалық соты шығарып берген.

Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құжатты қабылдамай отыр. Әділдік іздеген Дастан Орынбасаров үш күннен бері Бас прокуратураның алдында жүр. 19 жасынан шахтаға түскен Дастан Орынбасаров өндірісте жүріп өмір бойы арбаға таңылып қаламын деп еш ойламаған.

15 жыл бұрын бірінші топтағы мүгедек атанған үш баланың әкесі заң бойынша өзіне тиесілі жәрдемақысын әлі күнге дейін ала алмай жүр екен. Айтуынша, тіпті 3 ай комада жатса да еміне бір тиын бермеген "Тау, қазба, құрылыс және өндіріс" ЖШС-мен соттасып жүріп орташа айлық жалақысы бойынша өмір бойы жәрдемақы төлеу туралы шешім шығартқан.

Алайда соттың шешімін орындамай жабылып қалған серіктестік Дастан Орынбасаровқа 47 миллион 348 мың теңге берешек боп қалады. Ал кәсіпорын банкрот болған соң өтемақы жауапты органның міндетіне ауысады.

“Еңбек министрі айтты сіздің ақшаңызды мына 47 миллионды Есіл сотына беріңіз, олар бекітіп берсе бірден төлейміз деді. Төлейді деген соң Есіл сотына қорықпай бердім мен. Сөйтсем Есіл соты страховой компания төлеп отыр деп еш негізсіз, жалтарма, дәйексіз, дәлелсіз шешім шығарып отыр”, – дейді Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Дастан Орынбасаров. 



Ал Есіл аудандық соты шешімді дәлелдерге негізделе отырып шығардық дейді. Айтуларынша, зардап шеккен азаматтың денсаулығы жарақат алған кезде сақтандырылып қойған екен. Ал сақтандырылмаған жағдайда министрлік бұл соманы бір тиынына дейін қайтаратын еді.

“Бұл істің қаралу кезінде шағымданушыға 4 миллион 346 мың 569 теңге төленген. Ал ай сайынғы төлем 58 мың 341 теңгені құрап отыр. Келісімшарт әлі күнге дейін жүзеге асып келеді, яғни жәбірленушіге ай сайын бұл ақша түсіп тұрады”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Ақсүйек Сансызбаева. 

Ал жәрдем сұрап келген прокуратура мәселені қайта қараймыз деп Дастан Орынбасаровты кері қайтарды.

“Негізі бір ай қарайды сіздің арызыңызды. Осы аптаның аяғына дейін сіздің ісіңіз келсе орындаушылармен бірге отырып қарайсыздар”, – дейді ҚР бас прокурорының аға көмекшісі Жаңалық Елманов. 

Тығырықтан шығар жол таппай отырған Дастан Орынбасаров енді бас прокуратура жауап бергенше отбасыммен осы ғимаратта жатамын деп отыр. Өйткені мемлекеттің берген тиын-тебеніне қарап отырған оның жүріп-тұруға ақшасы жоқ екен. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Шілде, 2021 08:15
Талқылау