"Азаматтық алуыма 10 жыл кетті": Қазақстанға көшіп келген Өзбекстан тумасы жаңа отанында қазақ тілін үйретіп жүр
Өзбекстанда туып өскен ұлты корей Сергей Хванның Қазақстанға көшкеніне он төрт жылдан асқан. Бүгінде ел азаматтығын алған ол қазақ тілін үйрететін онлайн мектеп ашқан. Желіде белсенді Сергей Қазақстаннан көшкісі келмейтінін, екінші отанына қатты үйреніп қалғанын жиі айтып жүр. Stan.kz тілшісі корейліктен Қазақстандағы өмірі қалай өзгергенін, қазақ тілін үйреніп, оны не үшін өзгелерге үйретіп жүргенін білді.
Cергей Хван, Facebook желісінен
“Мен Ташкентте дүниеге келдім, бірақ өмірімнің жартысын осында өткіздім. Ата-анам 1992 жылдан бастап астана ( Жібек Жолы кенті) маңында көкөніс отырғызды. Әр жаз сайын біз осында келіп тұратынбыз. 2008 жылы барлық туыстарымыз Қазақстанға көшіп кетті, біз де кетуге шешім қабылдадық”, – деп есіне алады ол Қазақстанмен алғашқы таныстығын.
Алғаш келген 2008 жылы оған Қазақстан аса ұнамаса керек. Өте суық, тағамдары дәмді емес, қызмет ұсыну деңгейі нашар деңгейде және бәрі қымбат болды деп сипаттайды ол сол кездерді.
Алайда қазір 14 жыл ішінде барлығына үйреніп қалғаны соншалық, тіпті басқа елдерге барғысы келмей қалған көрінеді.
Азаматтық алуға 10 жыл кетті
“Барлық туыстарымыз осында тұратындықтан, біз де тұрақты тұруға шешім қабылдадық. Азаматтық алу үшін маған 10 жыл қажет болды. Елде тұруға рұқсат алу 8 айға созылды, Өзбекстан сол уақытта басқа мемлекетте жүруге 5-7 жыл көлемінде рұқсат беретін. Процесс өте күрделі және сол кезде ұзақ болды. Азаматтығы жоқ адамдардың үнемі тіркеуге тұруға, көші-қон полициясына барып тұруға және басқа да қолайсыздықтарды бастан кешіруге тура келетін”, – дейді ол.
Карантинде бизнесімнен айырылдым
Сергейдің бұрыннан келе жатқан бизнесте құрдымға ұшырауы екінші бизнесте сәтті қадам жасауына әсер еткен.
“Карантинге дейін астанада пәтерді тәулікке жалға берумен айналысатын фирмам болды, біз оны 1,5 жыл ішінде құрдық. Пандемия кезінде қала жабылып, мейрамханалар, қонақ үйлер, жатақханалар мен күнделікті тәулік бойынша жалға берумен айналысатын фирмалар үлкен шығынға ұшырады.
Наурызда карантин басталды, ал 1 мамырда мен қазақ тілі бойынша онлайн мектеп аштым. Карантин кезінде табыссыз қалдым. Дегенмен, реті келіп, көршінің төрт баласын оқытып бастап, екі аптадан соң жақсы нәтижелер көре бастадым. Осылайша оқыту әдістемесін жазып, онлайн форматта білім беруді бастап кеттім”, – дейді корей ұлтының өкілі.
- “Жолдасым қазақша сөйлейтініме ғашық болды”: Беларусь қызы қазақ отбасына келін болуы, тіл үйренуі, дәстүрді ұстануы жайлы айтты
- "Біз де қазақтар сияқты ет көп жейміз": Египеттік инженер Қазақстанға көшкен соң өмірі қалай өзгергенін айтты
Қазақ тіліне деген сұраныс жоғары
Мемлекеттік тілге деген сұраныстың жоғары екенін көріп, өзі де осы бағытта алған білімін өзгелермен бөліспекке бел буады. Сөзінше, өзі ұсынатын курсындағы баға қолжетімді.
“2017 жылы мен испан тілін оқып жүріп, Тілдер форумында Владислав Тенмен таныстым. Біз 50-ге жуық сабаққа бірге дайындалдық. Ол маған нақты жүйе жасап берді. Сонымен қатар оның сабақ беру әдістемесі негізге алынды. Владиславтың өзі 6 тілде еркін сөйлейді, қазақ тілін дамуына қосқан үлесі үшін президент тарапынан марапат алған.
Өз курсымда барлық күрделі терминологияны алып тастап, жүйені жеңілдеттім. Бір етістікті қолдана отырып, барлық шақ түрлеріне мысал келтіремін. Содан кейін кез келген басқа етістікті ауыстыру керек”, – дейді ол.
Сергей Хван өзіне тіл меңгеруге кімдер келетінін атады. Ол ағылшын және қазақ тілдерінде сабақ жүргізіп, үйретеді, сондай-ақ, тілдерді оқытудың 3 әдістемесін жазып шыққан.
Cергей Хван, Facebook желісінен
Қазақстаннан көшсе де, балалары қазақша білсе екен деген үмітпен қатысатындар бар
“Сондай-ақ бірнеше шет мемлекеттерде оқитын оқушыларымыз бар. Қазақ тілін балалардан бөлек, ересектер, оның ішінде барлық жастағы адамдар, сондай-ақ басқа ұлт өкілдері үйренеді. Оның ішінде қазақтар, кәрістер, орыстар да бар. Тілді жеңіл әрі тез үйренетіндер оны сәл де болсын білетіндер. Олар әдетте ережелерді лезде қағып алады”, – дейді оқытушы.
“Бірінші кезекте бұл – оқушылар. Өкінішке қарай, 11 жыл мектептегі оқудан кейін олар тіпті қарапайым сөйлемдерді де аудара алмайды. Біздің курстарда 10 есе пайдалы ақпарат алады”, – дейді ол.
Мектеп оқушылары емтихан тапсырады, нашар баға алмауы керек. Мектеп бағдарламасы тиімсіз болған соң курс іздеп, мұғалімдерге барып жатады. Менде Испания мен Украинадан оқушылар болды. Оқушыларымның жартысы басқа елге көшіп кеткендер, олар балалары қазақша білсе екен деген үмітпен қатысады. Кейбіреулері уақытша көшіп кеткендер, олар қазақ тілін ұмытып қалғысы келмейді.
Бірінші сабақтан-ақ, жақсы нәтижелер көрінеді. Ал 90 сабақтан кейін жеңіл сөйлемдерді құрастырып, аударуға көмектесетін базаны үйреніп алады”, – дейді Сергей.
Қазақстан маған ұнайды
Сергейдің айтуынша, елде онлайн бизнес үшін оңтайлы жағдай жасалған. Әрі кез келген азаматқа қажетті шараларды тез бітіру мүмкіндік бар.
“Қазақстанда онлайн бизнес үшін тамаша жағдай жасалған. Маған Whatsapp, Telegram, Kaspi, Egov қосымшалары мен сервистері болса, болғаны. Интернет бар кез келген жерде отырып, мен еркін жұмыс істей аламын. Сондай-ақ оқушылар да тіпті ең алыс ауылдардан да оқи алады.
Қазақстан маған ұнайды. Сақтандыру, техникалық құжат, онлайн куәлік алу оңай. Өзбекстандық жүргізуші куәлігімді 40 минутта қазақша куәлікке ауыстырдым, жеке кәсіпкер ретінде Каспий арқылы 5 минутта тіркелдім. Тұрғылықты жер бойынша тіркелу онлайн, автокөлікті де онлайн режимінде рәсімдеуге болады. Қазақ тілінің де қолдану аясы кеңіп жатыр. Егер біз осы елде тұрғымыз келсе, оны үйренуіміз керек”, – дейді Сергей.