Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық стендапер әзілдеймін деп 5 күнге қамауға алынды

Әлібек Жұмабаев әзілдегені үшін қамауға алындыФото: https://www.instagram.com/zhu.standup

Стендап-комик әрі іс-шара ұйымдастырушысы Әлібек Жұмабаев әзілдегені үшін 5 тәулікке қамауға алынған. Алайда арнайы қабылдау изоляторында бос орын болмағандықтан, комик үйіне жіберілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Блогердің мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 2 қарашада сағат 21:00 Семейдегі Момышұлы көшесі 31/33 мекенжайында орналасқан "Костер" мейрамханасында өткен стендап-концерт кезінде болған.

Комик Instagram-парақшасына толтырылған хаттаманы жүктеді, онда оның стендап-шоуды өткізу барысында әдепсіз сөздер қолданғаны және өнерінің бейнежазбасын әлеуметтік желіге жүктегені көрсетілген. Құжатта Жұмабаевтың әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша “Қоғамға құрметсіздік танытты” деп бағаланған.

Жұмабаев кейінірек ізоляторда бос орын жоқ болғандықтан, қамауда ұстау шарасы орындалмай, үйіне қайтарылғанын мәлімдеді.

Әлібек Жұмабаев хаттама

Полиция не дейді?

Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі стендап-комик Әлібек Жұмабаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы 22 қарашада шамамен сағат 21:00-де комик мейрамханада өнер көрсетіп, әдепсіз сөздер айтқан.

“Іс-шарадан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Жарияланған жазбаны зерттеген полицейлер қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтқаны үшін құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты”, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сот тергеу жүргізіп, комикті кінәлі деп таныған.

“Әкімшілік материалды қарау қорытындысы бойынша сот оны кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындады”, – деді ведомство өкілдері.

Баспасөз қызметі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырушыларын және өнерпаздарды жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.

“Қоғамдық іс-шаралар, оның ішінде юмористік шоулар да, қоғамдық мораль нормалары мен тыңдарманға құрмет көрсету талаптарына сай өткізілуге тиіс. Қоғамдық орындарда бейәдеп сөздер арқылы “ерекшеленуге” немесе “өзін білдіруге” талпыныстар, әсіресе оларды желіге тарату – заңбұзушылық. Мұндай әрекеттер жазасыз қалмайды. Полиция қоғамдық тәртіп пен мәдениетке нұқсан келтіретін құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын одан әрі жалғастырады”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова екі айға үйқамаққа алынғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 02 Желтоқсан, 2025 12:00