Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсімі өтті

31 мамыр Қазақстанда дәстүрлі түрде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Бұл күні зобалаң жылдарында заңсыз сотталып, ату жазасына кесілген халқымыздың саяси және қоғам қайраткерлерінің рухына тағзым етіледі. Еске алу рәсіміне қаланың қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, Семей қаласы мен облыс әкімдігінің өкілдері қатысты. 

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға қоғам қайраткерлері ғана емес, жастар да жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков атап өткендей, ұлт қайраткерлерінің жанкешті ерліктері халық жадында мәңгі сақталады.

“Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұлтымыздың ертеңі үшін ақ жолдан айнымай, өз мұраттарына адал болды. Сол үшін ату жазасына кесілді. Заңсыз сотталғандардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Ахметжан Қозбағаров және басқа да мыңдаған тұлғалар болды. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды және ғасырлар бойы сақталады”,  – деп атап өтті Шалқар Байбеков.

Осыдан соң Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов және жиналғандар Әлихан Бөкейханов ескерткішініне гүл шоқтарын қойды. Осындай шара  Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың ескерткішінде де өтті.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 31 Мамыр, 2023 16:53