Семей әкімінің отставкасы шырша безендіремін деп жарақат алған мұғалімге қатысты болмай шықты
Күні кеше Семей қаласында жаңа әкім сайланды. Әкімдік бұрынғы әкім Нұрбол Нұрсағатұлының қызметінен не себепті кеткенін және шырша безендіремін деп ауыр жарақат алған мұғалімнің оқиғасын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/nurbol_nursagatov/Қуат Айтқали
Семейдің экс-әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың отставкаға кетуін көпшілік шырша безендіремін деп жарақат алған мұғалімнің жағдайымен байланыстырып жатыр. Алайда әкімдік мұны жоққа шығарды.
Қала шыршасын безендіремін деп биіктен құлаған мұғалімнің оқиғасынан кейін араға бірнеше күн салып бұрнғы әкім Нұрбол Нұрсағатов отставкаға кетті. Қала әкімдігі екі жағдайдың бір-біріне қатысы жоғын мәлімдеді.
“Шырша безендіріп, биіктен құлап, жарақат алған мұғалімнің әкімнің қызметінен кетуіне ешқандай қатысы жоқ. Нұрбол Нұрсағатов бұл жағдай болмай тұрып, бір апта бұрын өз еркімен қызметінен кететіні туралы арыз жазған еді”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство қасақана жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Айта кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап зардап шеккен еді. Ол Nº49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев болып шықты. Қазір мұғалім жансақтау бөлімінде. Осы оқиғадан кейін Семейде білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған. Ал тәртіптік жауапкершілікке мектеп директорлары тартылған.