Сайлауалды құрылған коалицияға "Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін" деген ат берді
Қазақстанда құрылған сайлауалды коалицияны "Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін" деп атады. Бұл жөнінде мәжіліс спикері, "Аманат" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Басталған сайлау науқаны барысында бірнеше республикалық қоғамдық бірлестіктер бірден қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы шешім қабылдады. Түрлі саяси-қоғамдық күштердің осындай бірауыздылығы қоғамымыздың топтасуының жаңа деңгейге шыққанының дәлелі. Осыны негізге ала отырып, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер арасындағы бірқатар кеңестерден кейін біз "Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін" халықтық коалициясын құру туралы шешім қабылдадық", - деді Қошанов бейсенбі күні өткен коалиция форумында.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев президенттікке екінші мерзімге өз кандидатурасын ұсыну ниетін растаған еді. Сонымен қоса, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына парламент пен мәслихат сайлауы белгіленді. 5 қазанда бірқатар республикалық ұйымдар Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде көргісі келетіні белгілі болды.
- Польша азаматшасы Қазақстан президенттігіне үміткер болғысы келеді
- "Тоқаевқа қарсылас болуға дайынмын": Түрмеде отырған Жанболат Мамайдың әйелі президенттік сайлауға түскісі келетінін мәлімдеді
Сонымен бірге, 5 қазанда мемлекет басшысының өзі сайлауға бір ұйымнан емес, қоғамдық-саяси күштердің кең коалициясының атынан барғысы келетінін мәлімдеді.
6 қазанда Мәжіліс спикері, "Аманат" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Тоқаевты осы саяси ұйымнан президенттікке кандидат қылуды ұсынды, ал Қазақстан халық партиясы барлық саяси күштерді қазіргі мемлекет басшысының кандидатурасын қолдауға шақырды. "Ақ жол" партиясы да Тоқаевтың кандидатурасын қолдады.
Тоқаев кезектен тыс президенттік сайлаудың күнін 20 қарашаға белгіледі.