Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Саяжай тұрғызып жатқан жоқпыз ғой?" ШҚО-да салынып жатқан еліміздегі ең ұзын көпір құрылысына қатысты шу шықты

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпір мердігерлерді қойып, құрылысшыларды да алаңдатып отыр. Самар мен Күршім ауданы аралығындағы маңызды нысанның құрылысы басталмай тұрғанда екі-үш жылда аяқталады делінген болатын. Қазақстандық велосаяхатшы Дамир Кушеев осы жақта болып, мәселе ушығып бара жатқанын бейнежазба арқылы жеткізген еді. Stan.kz тілшісі тақырыпты толығырақ қамтып көрді.

Жұмыс инвесторлардың қаржысына жалғасып жатыр

Жуырда құрылысшылар уәде етілген транштың (төлем бөлігі) не себепті бүгінге дейін түспей жатқанын Президентке үндеу түрінде жеткізді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандық саяхатшы Дамир Кушеевтің құрылыс орнында тұрып, осы туралы айтқаны таралған. Жанында көпір құрылысына тендер ұтқан «ОблШығысЖол» ЖШС көпір құрылысы бойынша директорының орынбасары Ниғматулла Абдулхаков та болды. Оның сөзінше, жұмыс инвестордың қаржысы есебінен жалғасып жатыр, ал әу баста беріледі деген ақшаға әлі қол жеткізе алмай отыр.

“Әкімдер ауысып, кетіп жатыр. Орнына басқасы келеді. Министрлер бюрократияны өздері таратады. Бүгінде жұмыс тоқтап тұр. Ал жоспар бойынша нысанды 2025 жылдың ақпан айында тапсыруымыз керек. Егер қаржыландыру жуық арада басталмаса, Шығыс Қазақстан облысы үшін аса маңызды құрылыс тағы бірнеше жылға созылуы мүмкін. Иә, оны қалай болған күнде де аяқтаймыз. Бес, бәлкім он жылдан кейін шығар. Өтінемін, елде тәртіп орнатыңыз. Егер бюрократия жалғаса беретін болса, ешнәрсе шықпайды. Саяжай тұрғызып жатқан жоқпыз ғой, халықтың жылдар бойы айтылып келе жатқан қалауы”, – деді директордың орынбасары.

Блогер, әрі велосаяхатшы да құрылыс аумағында тұрып, іште жиналған мұң-шерін жеткізді.

“Құрметті, бәлкім құрметті емес министр, әкім, депутаттарға айтарым бар. Сіздерде, еркектік намыс пен мінез бар ма? Бар болса, еңселеріңізді тіктеп, жұмысқа кірісіңіздер. Жеті елді жүріп келген велосаяхатшы ретінде айтарым, ең бай елде тұрып жатырмыз деуге ұяламын. Министрлер берген уәденің талайы құрғақ сөз”, – деді Кушеев.

Құрылысшылар республикалық бюджеттен 20 млрд теңгедей қаржы күтіп отыр. Құрылысқа бастапқыда кететін шығын 30 млрд теңгеден астам мөлшерде болады делінген. Бұл ақпарат Қасым-Жомарт Тоқаев көпір мемлекет қазынасы есебінен салынады дегенінен кейін айтылды. Пәрмен берілген соң көбі желпініп, құрылыс бас-аяғы үш жылда аяқталады деп “тарс” еткізді. Алысқа бармай, Өскемендегі көпірді қайта жөндеуге жеті жыл кеткенін ескерсек, су қоймасындағы құрылысқа тым үстіртін болжам айтылыпты.

“Қаржыландыру жетіспейді, жалақы кешіктіріліп беріледі”

Еске сала кетейік, мұның алдында алты жыл көлемінде инвестор табылмай, біршама уақыт сарп етілген. Инвестициялық форумдарда да мәселе айтылғанмен, нәтиже шықпады. Кәсіпкерлер сол кезде келісім бергенде, арада бірнеше жыл өтіп, жобаның екі есеге қымбаттайтынын аңғармаған. Сонда Абай облысы атынан сенатқа өткен, қазір облыс әкімінің орынбасары қызметінде отырған Бақытжан Байахметов қаржы уақытылы бөлінбесе, құрылыс жайлы биік мақсаттың күлі көкке ұшады деп дабыл қақты.

Аты-жөнін өзгертіп беруді ұсынған Ерлан Тұраров есімді жұмысшы қаржы бөлінбей жатса да, еңбектенуден жалыққан ешбірі жоқ екендігін жеткізді.

“Бізді тоқтатып тұрған жайт, бірқатар құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуі. Әйтпесе жұмыс қайнап, қол жүріп жатыр. Қандай көпір болса да, сапалы етіп салып, уақытылы аяқтасақ жақсы еді. Облыс жұрты мұны асыға күтіп жүр”, – деді ол.

Ақпан айының 1-і күні ШҚО Жолушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов пен “ОблШығысЖол” ЖШС директоры тізе қосып, Бұқтырма су қоймасы арқылы салынатын көпір құрылысына мемлекеттік сатып алу бойынша қосымша келісімге қол қойды. Содан бастапқыда айтылған 20 млрд теңге қазір 60 млрд теңгеге дейін өсті.

Шілде айының 19-ы күні, сәрсенбіде облыстық мәслихат сессиясында облыс әкімі Ермек Көшербаев құрылысты уақытылы аяқтауға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

“Аталған көпір құрылысы, Тереңсай (Осинов) асуының айналма жолы мен Риддерге апаратын жол құрылысы республикалық деңгейде қаралады”, – деді өңір басшысы.

Ниғматулла Абдулхаков компания тендерді 2016 жылы ұтқанын айтты. Жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер мен өзгеріс енгізілген соң жұмыс 2021 жылы басталды.

“Қазір құрылыстың екінші кезеңі жүріп жатыр. Екі жарым жыл ішінде келісілген 62 млрд теңгенің тек 20 млрд теңгесі түсті. Қаржыландыру жетіспейді, жалақы кешіктіріліп беріледі. Соған қарамастан құрылысты тоқтатқан жоқпыз”, – деп қорытты директордың орынбасары.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Талқылау