Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәтжан Аблалиев көлік министрінің орынбасары қызметінен босатылды

Сәтжан Аблалиев

Фото: primeminister.kz

Сәтжан Аблалиев көлік вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тамыздың басында желіде көлік вице-министрінің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Telegram-арналардың бірі Сәтжан Әблалиевті пара алды деп күдікке ілінгенін жазды.

Кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі вице-министрдің ұсталғанын растады, бірақ оның атын атамады.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі көлік вице-министрін пара алды деген күдікпен ұстады және соттың рұқсатымен қамауға алды", – деп хабарлады ұлттық қауіпсіздік комитеті.

ҰҚК көлік вице-министрінің ұсталған сәті түсірілген видеосын жариялады. Кадрларда шенеунікті тәртіп сақшылары көшеде тоқтатқанын көруге болады. Артынша оның үйін тінту үшін жедел қызметкерлер келген. Жедел-іздестіру шаралары барысында үйдегі вазадан ірі көлемдегі ақша тәркіленді.

Сондай-ақ көлік министрлігінің сайтынан Сәтжан Әблалиевке қатысты ақпарат жоғалып кеткен. 

Премьер-министр Олжас Бектенов бір күн бұрын кеден қызметінің нашар ұйымдастырылғанын, сондай-ақ Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерін жөндеу жұмыстарының кешіктіріліп жатқанын айтып, тиісті министрліктерді сынға алған еді.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ұсталғанын жарыса жазған еді. Содан кейін ҰҚК көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің ұсталғанын растады.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 13:47
Талқылау
`