Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Санитарлық талап сақталмаған": Шығыс Қазақстан облысында 66 жыл жөнделмеген мектеп құлаудың алдында тұр

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданындағы Самар ауылында бастауыш сынып мектебінің төбесі майысып, ағаштары шіріп кеткен. Соның салдарынан 80-ге тарта оқушы сабақ басталғалы басқа білім ордасында оқып жатыр. Ұстаздардың айтуынша, қыс айларында білім алушылар қатты тоңатын көрінеді. Stan.kz тілшісі мектеп жағдайымен арнайы танысып қайтты.

Биыл оқу ордасында маусым айында техникалық тексеріс жүргізіліп, жұмысын жалғастыруға жарамсыз деп танылды. Жалпы мектеп 182 оқушыға шақталған. 

"Қазір 76 бала білім алуда. Бастауыш мектебінің өзі жарамсыз деп танылғанынан бөлек, санитарлық талап сақталмаған. Кейде бір сыныпта 18 бала отырады, яғни кабинет ішіндегі кеңістік тарылады. Медицина жағынан кемшіл тұсы бар. Мектепте бір ғана процедуралық кабинеттің болуы оқушылардың толыққанды қаралуына мүмкіндік бермейді. Білім ошағы 66 жыл бұрын салынған. Ендігі нақты шешімді өңір басшылыған күтеміз", – деді мектеп директоры Айжан Нұриева. 

Ата-аналар тарапы да жаңа мектептің салынуын қалайды.

"Бұл бастауыш сынып. Қаржы бөлініп, орта мектеп бой көтерсе, тіптен жақсы болар еді. Оқушылар саны да артып келеді. Осы уақытқа дейін қауіп төндіріп, кемшілігі көп деген тұстарын қалыпқа келтіріп бере ме деп үміттендік. Ендігі жағдай тіптен ушыққан", – деді Арай есімді Самар тұрғыны.

Мектеп ұжымындағылар осыған дейін білім ордасының 2013 жылы шатыры жөнделгенін айтты. Одан басқа іліп аларлық жұмыс қолға алынбаған. 

"Былтыр күн суытып, аяз болғанда қатты тоңдық. Жылу сақтала ма деген оймен терезелерді целлофанмен жаптық. Көмектеспеді. Есіктер нормаға сай емес, әжетхана балалар үшін ыңғайсыз", – деді мектеп директоры.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Руслана Закирьянованың сөзінше, тексеріс актісінен соң нысан апатты деп танылмаған. 50-85% аралығында жөндеуді қажет етеді. 

"Шатырдың астындағы ағаштар (балка) шіріп кеткен. Төбесі майысып тұр, кабинеттері тар. Күрделі жөндеу бола ма, жаңасын сала ма комиссия шешеді", – деді бөлім басшысы.

76 оқушы білімін жалғастырып жатқан Самар №1 орта мектебінің өзінде 365 бала оқиды. Жұмыс екі ауысымда жалғасып жатыр. Жөндеуді қажет ететін мекеме қызметкерлері мектеп іргетасының сөгіліп кеткен тұсын көрсетті. Тіпті сызғыш салып өлшеп еді, 10-12 см-ге дейін ары еніп кетті. Төбеден су ағатын көрінеді.

Бұған қатысты облыс әкімі Ермек Көшербаев жауап берді. Оның сөзінше, мәселенің оң шешімі бар. 

"Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс. Сол арқылы қаржы бөліп, жақсылап жөндеп беру керек. Барынша тездеткен жөн", – деді өңір әкімі.

Мәселеден экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мен білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева да хабардар. Облыс әкімі қаржы бөлінген соң ата-аналармен жүздесіп, ойын тыңдаған жөн деді. Бәлкім, олар да ұсыныстарын айтып қалар.


                                                                                                         Әділхан ЕСІМХАНОВ
 

Талқылау