Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салмағы 90-нан 57 келіге дейін азайған: Ішкі істер министрлігі Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайына қатысты пікір білдірді

думан мұхаммедкәрім

Фото: facebook.com/esbolat.kz

Сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығына қатысты әлеуметтік желілерде тараған суреттер қоғамда резонанс тудырды. Онда Думан Мұхаммедкәрімнің салмағы 90-нан 57 келіге дейін азайғаны айтылған. Осыған байланысты ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтен түсініктеме беруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер ішкі істер министрі орынбасарынан Думан Мұхаммедкәрім туралы "Неліктен ол осылай қатты арықтап кеткен? Оған тамақ берілмей ме?" деп сұрады. Бұған Әділов барлық сотталғандардың, оның ішінде тамақтану мен медициналық көмек мәселелері де заң талаптарына сай екенін айтты.

"Барлық сотталғандар, тегі мен қызметіне қарамастан, қажетті жағдайдың бәрімен қамтамасыз етілген. Соттың үкімі бар, біз атқарушы орган ретінде сол үкімді орындаймыз және тиісті мекемелерде адамның түзелу процесін қамтамасыз етеміз", – деді вице-министр.

Бұған дейін құқық қорғаушылар мен сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің адвокаты оның денсаулығының нашарлауына байланысты шұғыл түрде ауруханаға жатқызуды талап еткен еді.

"Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тарапынан медициналық қызмет көрсету мен тамақтандыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды. Барлығы азық-түлікпен қамтамасыз етілген, барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес медициналық көмекпен қамтылған", – деп атап өтті Әділов және бұл тақырыпты қайтадан түсіндірудің қажеті жоқ екенін қосты.


Журналист Думан Мұхаммедкәрім дәрігерлердің бақылауында – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті


 

Журналист Данияр Әділбеков сотта "Бишімбаевты қолдауды" ұсынған адамның аты-жөнін айтты


 

Еске салайық,  Думан Мұхамедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілініп, маусымның соңында қамалған. Құқық қорғаушылар билікті қатаң сынап жүрген журналист ісінің саясиланғанын айтып, оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 17:38
Талқылау