Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Салық көбейткенше, бюджет шығындарына мән берген дұрыс": Сарапшылар мен бизнес өкілдері салық көбейту туралы ұсынысқа не дейді?

Үкімет құн салығын - 16%, ал корпоративті табыс салығын - 24%-ға өсіру жөнінде ұсыныс білдірді. Көтерілген бастама кәсіпкерлердің құлағына жаға қоймағаны анық, қызу талқыға түсіп жатыр. Осы орайда Stan.kz тілшісі экономика сарапшылары мен кәсіпкерлерге хабарласып бұл ұсыныс туралы пікірлерін тыңдады. 

GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халық үкімет бюджет тапшылығын жабудың бұдан басқа жолын көрмей отыр деген пікірде. Оның айтуынша, қазір бюджеттің шығындары өсіп, экономикалық қиын жағдайда тұрмыз. 

"Мемлекетіміздегі қаржы саясаты екі бөліктен тұрады: бірі - бюджет-салық саясаты, екіншісі - ақша-несие саясаты. Бюджет-салық саясатында бюджетті толықтырушы салық болып табылады. Салықтар неғұрлым көп болса, бюджет тапшылығы болмайды. Тиісінше мемлекет өзінің халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін жақсы орындап отырады. Ал соңғы жылдары бюджетте тапшылық ұлғайып келе жатыр. Мемлекет бюджет шығындарын азайту үшін  ұлттық қордан қаржы аударады. Мәселен, ұлттық қордан пандемияға дейін коронавируспен күреске 2,7 трлн бөлу жоспарланған болатын, кейін тағы үстінен жыл соңына дейін 1,8 трлн теңге алатын болды. Бұл өте үлкен сома және бюджет шығындарының қатты өскенін көрсетеді. Осыдан кейін мемлекет бюджет тапшылығын толтырудың басқа жолын көрмей тұрғанын түсінуге болады", - дейді экономист. 

"Корпоративті табыс салығы (КТС) мен құн салығы негізінен кәсіпкерлерге салынады. Бұған дейін де КТС 20% болды, бұның өзі көп еді. Одан кейінгі қосылған құн салығы 12% болған. Азық-түлік қымбаттап кетпес үшін 8%-ға түсіріп еді. Осы салықтар бюджетке өте көп кіріс келтіреді", - деген ол үкіметтің осы салықтарды көтеру арқылы бюджеттік кірісті кеңейтуді көздеп отырғанын айтады. 

"Дағдарыс кезінде салықтар көтерілмеуі керек. Негізі салықтар елде экономикалық өсім бар кезде көтеріледі. Ал қазіргі кезде компаниялар дағдарысқа ұшырап, жалдау ақысын, несиесін төлей алмай жатқанда салықты көтеру - бизнес үшін өте үлкен соққы болайын деп тұр", - дейді ол. Мұның соңы неге алып келуі мүмкін дегенімізде: 

"Мұның соңы екі сценариймен бітеді. Бірінші, компаниялар, кәсіпкерлер үлкен зардап шеге бастайды. Салық өскен соң компанияның шығыны артады, сол шығынды өздерінің өнімдері арқылы жабуға тырысады. Яғни, тауарларының құнын өсіреді немесе қызметкерлерді қысқартады. Одан басқа амалы жоқ.

Екіншісі, бүкіл қаражаттың көлеңкеге кетуі орын алады. Көптеген компаниялар мемлекет салығынан жалтару үшін өз табыстарын жасыратын болады. Олар қосарланған бухгалтерия жүргізе бастайды. Сондықтан да бұл ұсыныс қазір орынсыз деп ойлаймын", - деген экономист бұл ұсыныстың қабылданбайтынына сенім білдіреді. 

"Менің ойымша, бұл ұсыныс қабылданбайтын сияқты. Өйткені қазірдің өзінде кәсіпкерлер наразылығын қатты білдіріп жатыр. Дәл осы ұсынысты жасап отырған үкімет басындағыларға сұрақ туындайды. Не ойлап отыр және қандай реалды өмірде жүр? Бұл ұлттық экономика және қаржы министріне тікелей қойылатын сұрақ. Былайша айтқанда, мемлекет екінші сценарийдің күйін кешуі әбден мүмкін", - деген ол бұл ұсынысты жасамас бұрын жеті рет өлшеп бір рет кескен дұрыс екенін жеткізді. 

Мақсат Халықтың айтуынша, мұндай қарсылыққа үкімет өз уәжін айтуы мүмкін. 

"Үкімет бұл әрекетін бюджетте тапшылық болмас үшін жасап отырмыз деп түсіндіруі мүмкін. Бірақ меніңше салықты көбейтіп, негізігі экономикалық күш - кәсіпкерлерге тимей, қайта бюджеттің шығындарына мән берген дұрыс. Қаржының дұрыс жұмсалып жатқанына көз жеткізіп, пайдасыз дүниелерге қаржы бөлгенді қысқарту керек. Қажеті жоқ форумдар мен конференцияларды өткізуді қою керек және оған шетелден эксперттер шақырып, қыруар қаржыны бөліп әуреленбеген дұрыс", - деп кесіп айтқан экономист бұл кезеңде барынша кәсіпкерлерге қолдау керектігін жеткізді. 

"TasGROUP" компаниясының негізін қалаушы және басқарушысы, кәсіпкер Дулат Тастекеевтің айтуынша, Қазақстан - көрші елдермен салыстырғанда салық мөлшері төмен ел. 

"Мемлекетімізде белгіленген қосымша құн салығы мен таза пайдаға салынатын салықтың (КТС) көлемін өзгерту туралы жаңалық кәсіпкерлердің барлығын алаңдатып отыр. Қазіргі таңда біздің елдегі бұл салықтардың мөлшері көршілес елдермен салыстырғанда ең төменгі мөлшердегі салық. Себебі, Ресей мен Қырғызстанда екі салық түрі де 20%-ды құрайды. Ал өзбек елінде КТС 25%-ды пайызды құраса, қосымша құн салығы 20%-дан 15%-ға түсірілген", - деген кәсіпкер Қазақстан салық мөлшерінің оңтайлылығымен басқа елдің инвесторларына қызықты болғанын айтады. Бірақ, оның ойынша, дәл қазір салықты көтеру өте қолайсыз шешім.

"Себебі, трансферттен түсетін ұлттық қорымыздағы ақшаны тікелей субсидия немесе басқа да көмектер ретінде кәсіпорындарға беріп, екінші жағынан сол кәсіпорындарға салық көлемін ұлғайтып отыр. Бұндай жағдайда кәсіпкерлердің көпшілігі қолынан келгенше бұл салықтардан жалтару үшін көлеңкелі нарыққа шығып кетуі мүмкін. Кәсіпкер ретінде бұл сұрақты дәл қазір емес, экономикалық жағдайымыз дұрысталғанда қарау жөн секілді", - деген Дулат Тастекеев мемлекеттің бір жағынан көмектесіп, екінші жағынан салықты көбейтуі кәсіпкерлер үшін қиынға соғатынын айтады.  

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау