Рұқсат қағазы барына қарамаған: Алматыда полиция кино түсірілімінде жүрген жүргізушілерді жалған нөмір тақты деп айыптаған (видео)
Фото: Видеодан скрин
Алматылық полиция кино түсірілімі кезінде жүргізушілерді тоқтатып, арнайы рұқсат қағазы болғанына қарамастан жалған нөмір тақты деп айыптаған. Жағдайды продюсер Айсәуле Әбілда мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдай 5 қазан күні Әл-Фараби-Достық көшелерінің қиылысында болған.
Айсәуле Әбілданың айтуынша, олар қалада "Қара алтын" киносының түсірілімін жүргізіп жатқан. Оларға 2004 жылдағы оқиғаларды бейнелейтін көрініс қажет болған. Сол үшін олар 3 көлікке сол жылдардағы нөмірді салған. Осылайша Әл-Фараби-Достық көшелерінің қиылысында бұрылып бара жатқан жерінен көліктерді полиция тоқтатқан. Түсірілім тобы жағдайды түсіндіріп, рұқсат қағазын көрсетсе де, полиция хаттама толтырған.
"Кино түсіруге рұқсатымызды сұрады. Біз Алматы қалалық полиция департаментінен алған назарға алынды деген шаблонды жауабы бар хатымызды көрсеттік. Алматы қалалық мәдениет басқармасынан алған рұқсатымыз да бар. Соның бәрін қарап, ештеңе бүлдіре қоймағанымызды білсе де, қырағы полицейлер Қайыпберген А., Ахметжан Р., Мамедәлі А., Есенбек А түр жасап, ауыр қылмыскерлерді әшкере қылғандай қуана-қуана хаттама толтырды. Сондағы уәждері біз әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының, 4-пунктін бұзып тұр екенбіз", – дейді продюсер.
Продюсердің айтуынша, нәтижесінде полиция жүргіші жігіттерді бір тәулікке қамап, 1 жылға көлік айдау құқығынан айырған.
"Полиция жалған нөмірді ешкімнің қасақана тақпағанын, ол үшін мемлекеттік органдарға ескерткенімізді ескерген жоқ. 60 адам ыстық пен суықта күн-түн демей кино түсіріп жүргеніне де мән бермеді. Қылмыскер таппай тұрғандай, қуана-қуана хаттамаларын толтырып, сотта бәрін түсіндіресіз, мүмкіндік беріледі деп өтірік уәдені төкті. Ал көлік айдап, күнін көріп жүрген жігіттерді бір тәулікке қамады. Ертесіне болған сотына мені қатыстырмай, ештеңе түсіндіруге мүмкіндік бермеді Хаттаманы бұл жігіттер көлікке жалған нөмірді қылмыс жасау үшін әдейі жабыстырғандай толтырған. Көліктің бәрін 1 күнге айып тұрағына тоғытып, жүргізушілерді 1 күнге қамады. 3 жігітті бір жылға көлік айдау құқығынан айырып, 3 отбасын нәпақасынан айырып отыр. Сол жағдай үшін жүргізушілерге біз ертесіне 2 240 000 теңге сыйақы төлеп бердік", – дейді продюсер.
Продюсердің сөзінше, қазір үш жүргізуші 1 жыл көлік айдай алмайтындықтан 6 миллион теңге өтемақы сұрап отыр екен.
"Қазір енді 1 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылған үш көлік жүргізушісі жолдасым Мұрат Есжан екеуімізден 6 миллион теңге өтемақы сұрап отыр. Кино мамандарын неше күн бойы әурелегенше, сол уақытта қанша шын қылмыскерлерді ұстамай ма? Алайда, осылай кино ойнаған олардың, өздеріне де ұнап қалған сияқты. Бәрін біле тұра, көре тұра, көрмегендей міз бақпау, жала жабу, бірдеңені іліп жіберу жағын шебер меңгерген екен, не болса да. Бұл оқиғадан түйгенім: біздің әділетсүйгіш полицияның басты мақсаты бізді қорғау емес, қорқыту, қорлау екен", – дейді продюсер.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қалалық полиция департаментінен мән-жайды сұрады. Десе де әлі де жауап ала алмады.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
