Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шетелде оқуымды төлеу үшін ата-анам пәтерін сатты": Аустралияда қайырымдылық жасап танылған жігіт Қазақстанға келіп, бастан өткен оқиғаларымен бөлісті

31 жастағы қазақстандық жігіт Рустам Разиев қазір желіде танымал блогер. Осыдан он жылдан аса уақыт бұрын ата-анасы пәтерлерін сатып, ұлдары білім алуы үшін Аустралияға жібереді. Шет жерде қиналған кезінде үш жұмыс пен сабағын қатар алып жүрген азамат уақыт өте келе шетелдік жаңалықтар мен басылымдар бетінен бір-ақ шықты. TikTok желісінде миллиондаған қаралымдар мен жазылушы жинаған жігіт тапқан қаражатына қайырымдылық жасап танылған. Жақында Рустам Қазақстанға келген, мұнда мұқтаж жандар көбірек екенін де байқаған. Блогер Stan.kz тілшісіне екі ел арасындағы айырмашылықтар мен басынан өткен қиын да, қызықты оқиғаларымен бөлісті. 

Рустам Алматы қаласында туып-өскен. Бірнеше тілде сабақ беретін №68 - лингвистикалық гимназияда оқыған. Ол ата-анасының білім алуда әрқашан барын бергенін айтады. 

“Отбасымызда анам, әкем және қарындасым бар. Анам үй шаруасында, әкем бұрын жерді тіркеп, рәсімдеу жұмыстарымен айналысқан, бір кездері такси де жүргізді”, – деді Рустам.

Рустамның әкесі мектеп кезінде ағылшын тілін жақсарту үшін оны Ұлыбританияға бір айға оқуға жіберген. Шетелде білім алу арманы сол кезден пайда болса керек, мектеп бітірген соң жігіт сол елді таңдаған. Алайда уақыт өте келе отбасында қаржылық мәселелер туындаған. Блогердің сөзінше, кейін ол ұлыбританиялық жүйемен арзан бағаға оқытатын Кипрге ауысқан. Дегенмен, онда да ұзақ тұрақтамапты.

“Отбасымның қиналып жүргендерін біліп, Алматыға қайтып келдім. Оларға барынша қол ұшын созғым келді. Такси жүргізушісі болдым, түрлі жұмыс істеп бір жыл жүрдім. Дегенмен ата-анам менің білімімді жалғастырғанымды қалайтын. Сөйтіп олар мен үшін пәтерімізді сатамыз деген шешім қабылдады. Анам маған Аустралияны ұсынды. Ол кезде менің бұл ел туралы мүлде хабарым болмаған еді”, – деп қосты ол.

Рустамның сөзінше, ата-анасы пәтерлерін сатқаннан кейін отбасымен атасының үйіне көшкен.                             

“Атам қайтыс болғаннан соң, ата-анам әпкемізбен бірге әлі де сол қара шаңырақта тұрады. Шетте жүрсем де қазір отбасыма көмектесіп тұрамын”, – деді ол. 

ЛГБТ, сөз еркіндігі, өзге көзқарас 

Рустам Аустралияға алғаш келгенінде мәдениеттеріне үйренісе алмай, ыңғайсызданғанын жасырмады.

“Аустралия халқы тым еркін. Мұнда ЛГБТ дамыған, адамдардың барлығында сөз еркіндігі бар. Кімде-кім ішкі ойын айтқысы келсе, бірден көшеге шығып, наразылық таныта алады”, – деді ол.

Блогерге жігітпен жігіттің, қол ұстасып жүруі ең таңсық дүние болып көрінген. Ол бұған мүлде үйренісе алмайтынын қоса кетті.

“ЛГБТ ашық дамыған. Ұстанымға мүлде қайшы дүниелерге көз үйрету қиын болды. Тағы бір ұнамаған тұсы бізде қыздарды құрметтеп, оларды кездесуге шақырсақ, шотты жігіттің жабуы міндетті ғой. Ал оларда әркім өзіне өзі төлейді. Осындай ыңғайсыздау тұстары маған әлі күнге таңсық”, – деп қосты блогер. 

Жігіттің Аустралияда жүргеніне 12 жыл болған. Дегенмен ол туған жерге ештеңенің жетпейтінін айтады.

Үш жұмысты қатар істеп, оқу ақысын төлеуге тырыстым

Рустам қазір Австралияның Мельбурн қаласында есепші, бухгалтер мамандығында білім алуда. Қосымша жылжымайтын мүлік жөніндегі кеңесші ретінде жұмыс істейді. Блогер шет жерде жүріп те біраз қиындықтарды бастан өткергенін есіне алды. Сөзінше, бұл сынақтар жігітке өз бетінше алға талпынуды, өзін қамтамасыз етуді үйреткен.

“Ата-анамның пәтерімізді сатып берген ақысы бәрібір де жетпеді. Бірақ бұл жағдай маған үлкен сабақ болды. Ақшасыз қалған кезімде үш жұмыста қатар істеп жүріп, оқуымның ақысын төлеуге тырыстым. Бәрін қатар алып жүру өте қиын болды. Себебі қатты шаршап келетіндіктен сабақта ұйықтап қалатынмын. Ал жұмыс болмай қалып қысылғанымда достарымнан қарыз сұраған кездерім болды. Кейін оны өтеймін деп еңбектендім. Көп күйзеліске түсіп, не істерімді білмедім. Бастап қойған оқуымды тастағым да келмеді. Себебі ол үшін ата-анам да өзім де қаншама тер төктік. Сол кезде өзіме қалайда оқуымды аяқтаймын деп уәде еттім”, – деп қосты жігіт. 

Рустам осындай қарбаласта жүріп, оқуға анықтама алу үшін психотерапевт маманына жазылғанын да күле еске алды. 

“Бір кездері арнайы маманның кеңесіне жазылып, денсаулығыма байланысты деген анықтама беруін сұрадым. Сол арқылы оқу ақысын төлеу мерзімін ұзартқым келген. Шынымды айтсам, қысылғанда осындай тәсілдерге дейін барыппын. Ең есімде қалған қиын сәттер осы. Ал қалғаны 24/7 аралығындағы жұмыс пен қозғалыс”, –  деді блогер.

@rus.alien Happy New Year Everyone / С Новым Годом всех ❤️ #almaty ♬ Emotional Piano for the Soul (Inspirational Background Music) - Fearless Motivation Instrumentals

Бәрі рамазан айынан басталды

Рустам Разиевтың Instagram желісінде 500 мыңға жуық, TikTok желісінде 7 миллионнан астам жазылушысы бар. Көпшілік қазақстандық блогердің қайырымдылық ісіне тәнті болып, үлгі алуда. Ол қайырымдылық жасау идеясының дәл Рамазан айында келгенін тілге тиек етті. 

 “Әлеуметтік желілер дамығандықтан TikTok, Instagram-ға контент түсіруді шештім. Барлығы Рамазан айында ойыма келді. Оразаны да алғаш досыммен бірге Аустралияда ұстаған болатынмын. Сөйлесіп отырып, мүмкін біреуге азық-түлігінің ақысын төлеп берерміз деген ой келді. Осындай әрекетімізбен өзге адамдарды да жігерлендірейік деп видеоға түсіріп алуға тырыстық. Басында біз 5 адамға көмектесіп, видеосын желіге жарияладық. Кейін бір жылдан соң тағы ораза уақыты келген кезде мен алдыма 30 адамға көмектесемін деген мақсат қойдым. Біреуге қол ұшын берген сайын өзімді бақытты сезінемін.  Аустралияда блогер достарымнан құралған кішігірім командам бар. Олар әрқашан түсірілімге қолғабыс етеді”,- деді Рустам.

Жігіттің қайырымдылық жасауына қаржылық жағынан ешкім көмектеспеген. Алғашында ол компанияда жұмыс істеп жүріп, тапқан табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсаған. Кейін видеолары желілерде тараған сайын азды-көп жарнамаға ұсыныстар түсіп, сол қаражатты қайтадан қайырымдылыққа жұмсаған. 

“Көпшілік көмекке мұқтаж адамды қалай танисың деген сауалдар қояды. Меніңше, мұқтаждар мен алаяқтарды оңай ажыратуға болады. Бұған ең бірінші ішкі түйсік көмектеседі. Сонымен қоса барлығын тексеріп, саралаймын. Кездескен адамның бәріне емес, шын қысылғандарға беремін. Кейбір дүкендердің қызметкерлері мені танып алған. Олар өздерінің тұрақты клиенттерінің жағдайын білетіндіктен маған жол нұсқап жатады”,- деді блогер. 

@rus.alien 34/60 w/ @alienandcoco #ramadan #melbourne ♬ original sound - Rustam Raziev

 

Біздің елімізде жағдайды жақсарту үшін билікке жаңа буындар қажет

Рустам Аустралияға қарағанда бізде мұқтаж адамдардың саны көбірек екенін байқаған.

“Меніңше, біздің елімізге жағдайды жақсартып, дамыту үшін билікке жаңа буындар қажет секілді. Мысалы “Болашақ “ бағдарламасымен оқып жүрген жастар сол жақта қалып қоймай, білген әдіс-тәсілін елге келіп үйретсе, қолданса біршама жетістікке жетер едік”,- деді жігіт.

Қазақстанға ата-анасын отбасын көріп, сағынышын басуға келген блогер оқуын аяқтай салысымен елге оралуды жоспарлаған.

“Қазақстанға инвестиция жасауға қызығатындар көбейген екен. Еліміз қазіргі уақытта даму үстінде, болашағымыз жарқын. Мен де өз жеріме келіп, ойымдағы идеяларымды іске асырсам ба деймін”,- деп қосты ол.

 

Талқылау