Роза Рымбаева енді актрисалық қырымен танылмақ
Роза Рымбаева осыдан 35 жыл бұрын «Қош бол, Медеу!» атты фильмге түскен болатын. Енді міне әнші тағы да өзінің актерлік қырын сынап көрмек.
Фото: instagram.com/rozarymbaeva/?hl=ru
Бұл туралы «Таңшолпан» бағдарламасында айтылды.
Наурыздың 2-сі күні Астана қаласының төрінде «Рахмет, саған бабаларым» атты қойылым-концерт өтеді. Аталған мюзикл жанрындағы қойылым Айгүл Иманбаева мен ақын Назгүл Сарыбаеваның бастамасымен қойылмақ. Ал басты рөлдерді Роза Рымбаева, Болат Әбілманов, Асылхан Төлепов сынды актерлер сомдайды. Алғашқысының театрда өнер көрсетуі – халық үшін күтпеген жаңалық. Десе де, әнші музыкалық драма саласында кәсіби білім алған.
«Жалпы мұндай үлкен жобаға монолог айтатын актриса ретінде алғаш рет қатысып отырмын. Алайда Айгүлдің осы сынды жобасына бұрын ат салысқанмын. Сахнаға тек әнші болып шықпайсың, белгілі бір кейіпкерді сомдайсың. Сол себепті үлкен жауапкершілікті сезініп отырмын. Артынша музейге келген жастарға қазақ халқының көріністері қойылған стендіні таныстырамын. Тарихымызға жастар үңіліп, біле түссе екен деген ниет бар.
Музейге ертеректе пайдаланылған жәдігерлер қойылған. Олар арқылы ұлтымыздың қалай өмір сүргенін, қандай құралдарды пайдаланғанын білуімізге болады. Қилы замандар туралы тек кітаптан емес, музейден де білуіге болады. Осылайша музей қызметкері болып, жастарға экскурсия жүргіземін. Арты әнге ұласады. Мақсатым – бір жағынан әнші, бір жағынан актриса болып, көрерменнің көңілінен шығып, тарихымыз бен дәстүрімізді білмейтін жастардың көзін ашу. Мұнымен қатар, келген жастардың барлығы да сол жерде белгілі бір рөлдерді сомдайды. Тірі кейіпкерге айналып, монолог оқиды. Жеке өзім шексіз қуаныштымын. Теледидардан болсын міндетті түрде қарап шығыңыздар. Сана-сезімдеріңіз бен ұғым-түсініктеріңізді кеңейтеді», – дейді Роза Қуанышқызы.
Әнші басты рөлді сомдайтын қойылым бүгін Астананың орталық Қазақстан залында көрсетіледі. Мұнымен қатар, ол еліміздің бас қаласына келген қонақтарды мәдени ошақтарды міндетті түрде аралауға шақырды. «Астанаға көптеген қонақ келеді. Арасында қазақстандықтардан бөлек шетелдіктер де бар. Міндетті түрде театрға, концерт залдарына баруды ұмытпаңыздар. Өздеріңіз үшін жаңалық пен рухани дүниенің көзін ашып қайтыңыздар. Оның үстіне қазір Астанамыздағы барлық театр мен қойылым жаңа», – дейді әнші.
Жіберіп алмаңыз:
Данагүл Темірсұлтанова: Ер азаматтар болмаса “жүнжіп” кетер едік
Айқын Төлепберген: Өзімді Мэрилин Монроға жегізе салар едім
Бақытбек Есентаев өзінің тілеуін тілеген жандарға алғыс айтты
Димаш Құдайбергеннің келесі кезеңде қандай ән шырқайтыны белгілі болды (видео)