Ринат Малцагов өзінің отбасы туралы айтып берді
Ринат Малцагов ағымдағы жылы есеп беру кешіне дайындалып жүр. Әнші отандық бағдарламада соңғы жаңалықтарын бөлісті. Мұнымен қатар, ол отбасы туралы айтып берді.
Фото: mix.tn.kz
– 2017 жылы шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?
– Осы күнге дейін жаңа әндер шығарып жатырмын. Алла қаласа, алдыға қойған көп жоспарымыз бар. Солардың бірі – бейнебаян түсіру. Сахнада жүргеніме 10 жыл толды. Биыл өзімнің туған қалам Павлодарда есеп беру кешін өткіземін. Шамамен күз айларында.
– Осы уақытқа дейін қанша ән орындалды? Қанша автормен жұмыс істедіңіз? Олардың ішінде репертуарыңызда нақты қалатын әндеріңіз қанша?
– Репертуарымда 15 авторлық әнім бар. Құдай қаласа, есеп беру кешінде сол әндерімізді орындаймыз. Ішінде халық әндері де, «Қазақстан» сынды патриоттық, махаббат пен бала туралы әндер де бар.
– Өнер адамдары отбасын жасырып жатады. Ал сіз ашық айтасыз…
– Халықтың алдында жүрген соң ашық адам болуымыз керекпіз деп ойлаймын. Құдайға шүкір, жұбайым мен бір ұлым бар. Есімі – Даниял. Жұбайыммен отасқанымызға 2 жыл толып үлгерді.
– Болашақта Даниялдың өнер жолына түскенін қалайсыз ба?
– Шыны керек, бұл туралы ойламаппын. Жалпы өзім Даниялдың футболшы болғанын қалаймын. Өйткені бала күнімнен футбол мен күреске қатысып келемін. Әрине, барлығы бірінші кезекте бір Алланың қолында.
– Осы күнге дейін бірнеше жобада бой көрсетіп үлгердіңіз. Фильмге түсуге ұсыныстар түсіп жатыр ма?
– Шыны керек, әзірге мұндай ұсыныстар түскен жоқ. Өйткені түсірілім жұмыстарының барлығы Алматы қаласында өтіп жатыр. Ал менің Астанаға көшіп келгеніме 3 жыл болды. Өкінішке орай, ұсыныстар аз.
– Киноға жиі барасыз ба? Талғамыңыз қандай?
– Жұбайыммен киноға жиі барамын. Бос уақытымыз бола қалса, сол жерге асығамыз.
– Өнер саласында түрлі мамандық иелері жүр. Сіздің өзіңіздің негізгі мамандығыңыз қандай?
– Мамандығым бойынша театр әншісі әрі актермін. Алматыдағы Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдағанмын.
– 2004 жылы халықаралық үлкен байқаудың лауреаты атандыңыз. Сол кезден бері сіз ірі байқауларға қатысқан жоқсыз. Оған не себеп?
– Димаш бауырыма қарап отырып, ерекше мақтанғым келеді. Кейде, тіпті, маған да бір байқауға қатысу керек еді деген ой келеді. Бірақ оған дайындық пен еңбек керек. Құдай қаласа, мені халықаралық байқаулардан көрулеріңіз мүмкін.
Жіберіп алмаңыз:
Жазира Байырбекова болашақ келінінің сыйлығын көрсетіп мақтанды (фото)
Қайрат Нұртастың әкесі анасына гаухар тасты әшекей сыйлады (фото)
Димаш Құдайберген Singer-дің 9-кезеңде екінші орын алды (фото)
Димаш қазақтың «Дайдидау» әнін Азия әндері рейтингіне енгізді