Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Республикалық халық партиясы Имамоглудың Түркия президенттігіне кандидат болып қала беретінін мәлімдеді

Республикалық халық партиясының төрағасы Өзгүр Өзел партияның Түркия президенттігіне үміткер ретінде Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглуды ұсынатынын және оны қамауға алса да, бұл шешім өзгермейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еgepostasi.com сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: ru.haberler.com

Мәліметтерге сенсек, Республикалық халық партиясының төрағасы егер билік Ыстамбұл мэриясына қамқоршы (әкім тағайындау) қоюға әрекеттенсе, партия оған қатты қарсылық көрсететінін атап өтті.

"Егер олар бұл ғимаратқа күшпен кіруге тырысса, ешкім біздің қатты қарсылық көрсететінімізге күмәнданбасын. Бізде депутаттар бар, олардың қол сұғылмаушылығы бар. Біз тұрған жерге оңайлықпен кіре алмайды. Оны қамауға алса да, біздің үміткеріміз – Экрем Имамоглу", – деді Өзгүр Өзел.

Сонымен қатар Өзел 23 наурызда партияның үміткерін анықтау үшін дауыс беру өтетінін және бұл жоспардың өзгермегенін айтты.

"Біз Имамоглуды өз үміткеріміз ретінде жариялаймыз. Егер сайлау ресми түрде жарияланған кезде оған заңды кедергілер қойылса – мысалы, саяси себептермен немесе қолдан ұйымдастырылған істермен оның кандидат ретінде тіркелуіне тосқауыл қойылса, онда ол сырттай үгіт-насихат жүргізетін болады. Ал егер ол мүлдем тіркеле алмаса, онда партия мүшелері мен халық таңдаған басқа үміткер ұсынылады", – деді Өзгүр Өзел.

Өзел партияның "В" және "С" жоспарлары бар екенін, бірақ олардың ешбірі Имамоглудан бас тартуды қарастырмайтынын атап өтті.

"Ресми үміткерлер тіркелетін күнге дейін біз заңды күресті жалғастырамыз. Біз Имамоглуның сайлауға қатысатынына сенімдіміз", – деді ол.

РХП төрағасы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Ыстамбұлды жоғалтқаннан кейін қорқа бастағанын айтты.

"Ердоған әрдайым "Кім Ыстамбұлды жеңсе, сол Түркияны жеңеді. Кім Ыстамбұлдан айырылса, сол Түркиядан да айырылады" деп айтатын. Енді ол Ыстамбұлды жоғалтты. Демек Түркияны да жоғалтатынын біледі", – деп мәлімдеді Өзел.

Оның пікірінше, билік Имамоглуның сайлауға түсуіне кедергі жасаса, оған деген қолдау тек арта түседі. Ол соңғы сауалнамаларға сәйкес, Имамоглуның Ердоғаннан 4,5%-ға алда екенін айтып, сондықтан оған қысым күшейгенін түсіндірді.

"Біз барлық заңды және демократиялық қарсылық көрсету әдістерін қолданамыз. Алаңдар, көшелер, митингтер – бұл заңды наразылық түрлері. Диктаторлар көшеден қорқады, ал егер Ердоған осылай қорқатын болса, онда жаңа сайлау өткізсін", – деді ол.

Сонымен қатар Өзел наразылықтар қоғамдық тәртіпке қауіп төндірмеуі керек екенін айтты.

"Бостандық басқа адамдардың бостандығына қол сұқпауға тиіс. Бірақ қалған барлық жағдайда біз ең қатаң демократиялық наразылықтарға дайынбыз", – деп түсіндірді ол.

Өзелдің өзі Имамоглу ұсталғаннан бері Ыстамбұл мэриясында екенін хабарланды.



Еске салайық, бұған дейін 19 наурызда Ыстамбұл мэрі және оның серіктері ұсталды. Шенділерді жемқорлық, парақорлық және сатып алу әрекеттеріне қатысы бар деп айыптады.

Шенеуніктерді полиция 4 күн бойы қамауда ұстайды деп жоспарланған. Қалада жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін 4 күнге наразылық акцияларына тыйым салынды. Көлік қозғалысына және метро желілерінің жұмысына шектеулер енгізілді. Кейін бүкіл Түркияда жаппай наразылықтар басталып, олардың әлі де жалғасуы мүмкін екені айтылды.

Бұған дейін Түркияның Бас прокуратурасы Имамоглуның "бизнес басқару" мамандығы бойынша алған дипломының шынайылығы мен заңды күшін тексеру үшін Ыстамбұл университетіне сұрау салған. Оның Солтүстік Кипрдегі университеттен Ыстамбұлға ауысуы кезінде заң бұзушылықтар болғаны туралы күдік туған. Өйткені сол кезде бұл оқу орны Түркия тарапынан ресми мойындалмаған. Бұған байланысты 17 наурызда Ыстамбұл университеті Имамоглуның дипломын жарамсыз деп таныды. Бұл оның президенттік сайлауға қатысуына қиындық туғызуы мүмкін.

Талқылау