Ресейлік компания жалға алған "Жібек жолы" кемесі түркиялық айлақтан шықты: Украина кемеде ұрланған астық барына сенімді
Украинаның сыртқы істер министрлігі ресейлік компания жалға алған "Жібек жолы” кемесіне неліктен Қарасу айлағынан кетуге рұқсат берілгенін анықтау үшін Түркия елшісін шақыртпақшы. БАҚ мәліметінше, бір күннен кейін астық тиелген кеме Ресейге жетуі мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Киевте Украина қылмыстық іске қатысты дәлелдер ұсынғанымен, кемеге айлақтан кетуге рұқсат етілгеніне наразылық білдірді. Киев мәліметінше, кеме ресейлік сарбаздар басып алған Бердянск аялағынан астық тасымалдап жатыр.
"Ұрланған Украина астығы тиелген "Жібек жолы" кемесіне ұсынылған дәлелдерге қарамастан, Қарасу айлағынан кетуге рұқсат беруі өкінішті", – деп жазды Украина сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Олег Николенко.
"Жібек жолы" кемесінің Қарасу айлағынан шығып кеткені туралы бейсенбіде "Дейли сабах" түркиялық басылымы жазған. БАҚ кемелердің бағытын бақылайтын порталдың мәліметіне сілтеме жасаған.
Түркия украиналық астық тиелген кемені ұстағаны туралы 3 шілдеде белгілі болған. Түркиядағы Украина елшісі Василий Боднар жағдайды анықтау үшін Украина Түркияның кеден органдарымен серіктестік орнатанын айтқан.
Reuters агенттігінің мәліметіне сүйенсек, 30 маусымда Украина бас прокуратурасы Түркияның әділет министрлігіне хат жолдап, кеменің "Украина астығын заңсыз тасуға" қатысы бар екенін мәлімдеген.
Ал Ресейдің сыртқы істер министрлігі 6 шілдеде Түркия билігінің "Жібек жолы" кемесін ұстамағанын айтқан. Олардың сөздерінше, кеме айлақта рейдтен өтіп жатқан. Алайда украиналық астықты тасымалдауға қатысты пікір білдірмеген.
"Ресейдің Түркиядағы елшілігінің мәліметінше, кеме Қарасу айлағында рейдте тұр және әдеттегі процедуралардан өтіп жатыр. Нәтижесінде Түркия билігі кеменің айлаққа кіру-кірмеуіне қатысты шешім қабылдайды", – деді Ресей СІМ ақпарат және баспа
департаменті директорының орынбасары Алексей Зайцев.
Ал 7 шілдеде кеме экипажы мүшелерінің бірі ешқандай мәселенің жоқ екенін және ақша жоғалтпау үшін тұрақтан кететінін айтқан. Алайда кеменің әрі қарай қайда бет алатынын нақтыламаған.
Дегенмен Reuters агенттігі мен түркиялық "Дейли сабах" басылымының мәліметінше, кеме ресейлік Кавказ айлағына бет алып, 8 шілдеде жетуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қазақстандық "Жібек жолы" кемесімен Украинадан астық экспортталып жатқанына қатысты пікір білдірген.
“KTZ Express" АҚ 2021 жылғы 26 қазанда "KTZ Express Shipping" ЖШС ресейлік Green Line LLC компаниясымен бербоут-чартер шартын жасасқанын түсіндіреді. Оның ішінде мынадай шарттар бар:
- дедвейті 7000 тонна "Жібек жолы" кемесі үшінші тұлғаларға беру құқығынсыз берілді (2016 жылы Невский кеме жасау және жөндеу зауытынан сатып алынды);
- 2022 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды;
- халықаралық тәжірибеге сәйкес санкциялық тармақ бар: "Green Line" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім-шарт жасасқан күні және әрекет ету мерзімі ішінде оларға ешқандай санкциялар қолданылмайтынына кепілдік береді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
