"Ресейден сұрау жіберілсе, тексеруді бастаймыз": Астанада Z-әртіс концертіне бармауды ұсынған белсендіні полиция тергеуге шақырған
Фото: aidajexen, timatiofficial
Астаналық қоғам белсендісі Аида Жексенова Украинадағы соғысты қолдайтын ресейлік әртістерге бойкот жариялауды ұсынған соң полицияға шақырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белсендіні Астана қаласы полиция департаментінің экстремизммен күрес бөлімі шақырған.
“Маған концерт ұйымдастырумен айналысатын Алексей Пучков арыз түсіріпті. Себебі мен қыркүйекте Тиматидің концертіне бойкот жариялау туралы жазба жазғанмын. Пучков арызына “Тиматидің концертіне билет алмаңыздар. Соғысты қаржыландырмаңыздар” деген жазбамның кескінін қосыпты. Осы жазбамнан ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) белгілерін көріпті”, – деді Жексенова.
Белсендінің айтуынша, ол тергеуге жүктілігінің 5-айында барған.
“Үшінші қабатқа жаяу көтерілдім. 5-ай жүктілік кезінде бұлай жүру шын мәнінде қиын. Кабинетте полицейлер парақшадағы жазбаны өшіргенім дұрыс болатынын айтты. Әсіресе, оларға “соғысты қаржыландырмаңыздар” деген сөйлем ұнамаған. Тіпті мысал ретінде Катя Бивол мен Алика Мұхамадиеваны атады. Менің саяси пікірім мен олар айтқан қорлау сөзінің қандай байланысы барын түсінбедім. Оған қоса, полиция қызметкерлері Ресей ресми сұрау салса, тексеруді бастауға мәжбүр болатынын айтты", – деді ол.
Жексенова өз жазбасы арқылы саяси ұстанымын білдіргенін жеткізді.
“Олар мені біреумен шатастырып отыр ма, әлде экстремизммен күрес бөлімі бойкот пен экстремизмнің не екенін білмей ме? Жазбамның 174-бапқа мүлде қатысы жоқ. Қарапайым, түсінікті тілмен айтсам: жазбада ешкімді кемсітпедім; этникалық белгілер жоқ; жек көрушілік тілі жоқ; ұлт, дін немесе әлеуметтік топқа тіл тигізу жоқ; зорлыққа шақыру жоқ; агрессия жоқ. Ұлт, дін, этнос туралы жазған жоқпын. Жазбам тек концерт туралы, Z-әртіс туралы. Жазбамда нақты бір әртістің концертіне билет алмауға шақырдым. Саяси ұстанымымды білдірдім. Бұл – бойкот. Бұл – пікір еркіндігі. Бірақ ешқашан “экстремизм” болған емес”, – деді белсенді.
Сондай-ақ Жексенова Пучковтың полицияға арыз беруіне қатысты пікір білдірді.
“Пучков бәрінің үнсіз жүргенін қалайды. Z-әртістерді әкелуге, ақша жинауға ешкім кедергі жасамасын дейді. Бірақ бір нәрсені ұмытып отыр: Қазақстан – Ресей емес. Бізде азаматтардың “жоқ” деуге құқығы бар. Полиция билет сатушылардың сұрауы бойынша қысым құралына айналмауы тиіс”, – дейді астаналық белсенді.
Белсенді өзінің ұстанымы мен келесі қадамдары туралы айтты.
“Жазбаны өшірмеймін. Бұл – қағида. Егер бүгін мені қыспаққа алса – ертең сізге келеді. Ал арғы күні жаңалық жазатындарға келеді. Пучковтың арызын көрдім, бірақ көшіріп алуға үлгермедім. Соған қарамастан, егер полиция бұл істі жүргізе бастаса, ресми түрде жалған донос бойынша қарсы арыз беремін. Оның әрекеттеріне заң аясында баға беруді талап етемін. Әркім өз сөзінің жауапкершілігін көтеруі керек. Бұл – әділдік. Бұл – заң”, – деді ол.
Қоғам белсендісі бұл мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға да жүгінді.
“Аида Балаева мемлекеттік аппараттың тек жазалаушы емес, қорғай алатын орган екенін бірнеше рет дәлелдеген. 2021 жылы ол “Хабар-24” журналисін қорғап, БАҚ-қа қысым жасау дерегін тергеуді талап етті. 2024 жылы Dala News журналистерін экс-депутат қысымға алған кезде де ашық қорғады. Журналистерге қатысты қауіп-қатер, қысым немесе үнін өшіру әрекеттері болғанда, ол әрдайым олардың жағына шықты. Иә, мен классикалық журналист емеспін. Бірақ мен – азаматтық белсендімін, блогермін, қоғамда резонанс тудыратын мәселелерді ашық айтып жүрген адаммын. Егер бүгін осы жазбам үшін маған 174-баппен шағым түссе, ертең дәл осы жүйе бойынша басқа журналистер мен белсенділерге де қысым жасалуы мүмкін. Сондықтан Аида Балаевадан осы жағдайға назар аударып, медиа өкілдерін қорғағандай, мені де қорғауды сұраймын”, – дейді ол.
Қазақстандықтар RAMS Qazaqstan-дағы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр: Компания туралы не белгілі