Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресей мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге шектеу қойылмақ

Фото: Рexels.com

30 маусымнан бастап Ресей шетелдіктер үшін елге кірудің жаңа ережелерін енгізеді. Шекарадан өту үшін арнайы QR-код қажет болады, оны өткізу бекетінде көрсету керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа ережелер Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресеймен визасыз режим туралы келісімі бар басқа елдердің азаматтарына қатысты.

Енді Қазақстан мен басқа да шетел азаматтары Ресейге сапарын алдын ала жоспарлап, бұл туралы ресейлік билікті хабардар етуге міндетті. Ресей үкіметінің қаулысына сәйкес, шетелдік азаматтар, оның ішінде қазақстандықтар, елге кірерден кемінде 72 сағат бұрын сапар мақсатын көрсете отырып өтініш беруге тиіс.

Шұғыл жағдайларда (мысалы, жақын туысының ауырып қалуы немесе қайтыс болуы) өтінішті Ресейге келерден төрт сағат бұрын беруге рұқсат.

Мұны арнайы "Мемлекеттік қызметтер RuID" қосымшасы арқылы жасау керек. Алайда баспасөздің хабарлауынша, бұл қосымша әлі де әзірленіп жатыр. Қазақстандықтар Ресейге сапар алдында аталған қосымшаны жүктеуге тиіс. Алайда қосымшаның өзі дайын болмағандықтан оны App Store, Google Play немесе басқа қосымшалар дүкендерінен жазып алу мүмкін болмай тұр.

Ресейлік сарапшылардың айтуынша, бағдарламалық жасақтама әзірленіп жатыр және ол маусым айының соңына таман немесе одан кейін ғана дайын болады деп болжанып отыр. Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, "Мемлекеттік қызметтер RuID" қосымшасы 2024 жылы "достас елдерден" келетін миграцияны бақылау құралы ретінде жасала бастаған. Кейінірек бұл қосымшаны шетелдіктерге арналған "Мемлекеттік қызметтер" порталының баламасы ету туралы шешім қабылданған.

QR-кодпен өту үшін қазақстандықтар қосымшадағы жеке кабинетке кіріп, Ресейге не үшін бара жатқанын түсіндіріп, барлық сауалға жауап беріп, жеке мәліметтерін көрсетуі керек. Сондай-ақ фото жүктеп, елде болу мерзімін көрсетуге тиіс.

Егер бәрі дұрыс толтырылса, жүйе QR-код береді, оны шекарадағы қызметкерге көрсету қажет. Адам құқығын қорғаушылар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің азаматтарына QR-кодтың скриншотын алдын ала жасап алуға кеңес береді, себебі шекара бекеттерінде интернетке байланысты қиындықтар туындауы мүмкін.

Миграция мәселелері жөніндегі сарапшы, құқық қорғаушы Валентина Чупик "Азаттық радиосына" берген сұхбатында Ресей осылайша Орталық Азия елдерімен электронды виза режимін жасырын түрде енгізіп жатқанын айтты.

“Бұл іс жүзінде жеңілдетілген визалық режимді білдіреді, яғни елге кіруге үш күн қалғанда электронды түрде виза алу керек деген сөз. Ал тәжірибе жүзінде бұл адамдар үшін нені білдіреді? Бұл – кімде-кімге тыйым салынса, олар бұл туралы алдын ала біліп отырады деген сөз. Бұл жақсы нәрсе, өйткені уақытты үнемдеуге көмектеседі. Алайда егер адамға кіруге рұқсат берілмесе, бұл шешімді даулау қиын болады. Себебі оларға ресми түрде тыйым салынғаны жөнінде ешқандай хабарлама берілмейді және не себепті елге кіре алмағанын түсіну қиынға соғады", – деді құқық қорғаушы Валентина Чупик.

QR-кодсыз Ресейге кімдер кіре алады:

  • Ресейге кіру үшін онсыз да виза алатын шетелдік мемлекеттердің азаматтары;

  • Дипломатиялық қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ елшіліктердің басшылары мен олардың туыстары;

  • 6 жасқа дейінгі балалар;

  • Уақытша тұруға рұқсаты (РВП) немесе тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) бар адамдар;

  • Беларусь азаматтары (Беларусь пен Ресей Одақтық мемлекет құрамында).

Қалған шетелдіктерге 2025 жылдың 30 маусымынан кейін Ресейге алдын ала толтырылған анкета мен QR-кодсыз кіруге тыйым салынады. Бұл тыйым "Мемлекеттік қызметтер RuID" қосымшасы сол уақытқа дейін толық іске қосылмаса да өз күшін жоймайды.

Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі QR-кодтың болмауы Ресейге кіруден бас тартуға себеп болмауға тиіс дейді. Алайда соған қарамастан, азаматтарына өтініш беріп қоюға кеңес береді.

“Ресей тарапының мәліметінше, егер 30 маусымнан кейін біреу анкетаны толтырмаса да Ресейге барса, бұл – елге кіргізбеу үшін негіз болмайды. Алайда өтінішті алдын ала толтыру қатаң ұсынылады, өйткені бұл шекарадағы кезекке әсер етеді. Өздеріңіз білесіздер, ол жақта кезек өте үлкен. Егер адамның алдын ала жіберген өтініші болса және оның QR-коды жүйеде көрсетілсе, бұл оған рәсімдерден жылдамырақ өтуге мүмкіндік береді, – деді Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілі Алмазбек Байбосов.

Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанның сыртқы істер министрліктері жаңа ережелерге қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Екатеринбургтегі Өзбекстанның Бас консулдығы тек Ресейге кіру туралы алдын ала қалай хабарлау керек екені жөнінде қысқаша түсіндірумен шектелді.

"Газета.Ru" басылымының дерегінше, қосымшада тіркеліп, QR-код алғанның өзі қазақстандықтарға Ресейге кіруге 100 пайыз кепілдік бермейді. Соңғы шешімді өткізу пунктіндегі шекара қызметкерлері қабылдайды. Егер сіз "Мемлекеттік қызметтер RuID" арқылы алдын ала электронды өтініш бермесеңіз және QR-код алмасаңыз, сізді Ресейге кіргізбейді.

Сондай-ақ биометриялық деректердің сәйкес келмеуі жағдайында да кіруден бас тартылуы мүмкін.

Айта кету керек, Ресей өткен жылдан бастап қазақстандықтардың елге кіру ережелерін біртіндеп қатаңдатып келеді. Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігінің консулдық бөлімінің мәліметінше, солтүстік көрші Қазақстан азаматтары үшін Ресейде уақытша болу мерзімін күрт қысқартқан.

“2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 2024 жылғы 8 тамыздағы №260-ФЗ федералдық заңына сәйкес, Ресейге кіретін шетелдік азаматтардың уақытша болу мерзіміне өзгерістер күшіне енеді. Қазақстандықтардың Ресей аумағында болу мерзімі күнтізбелік жыл ішінде жалпы 90 тәулікке дейін қысқартылды. Бұған дейін олар Ресейде 180 күннің ішінде 90 күннен артық емес уақыт бола алатын”, – деп мәлімдеді Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің консулдық бөлімі.

Жылына 90 тәуліктен артық Ресей аумағында болуға тек келесі санаттағы қазақстандықтар құқылы:

– Білім алу мақсатында келгендер,
– Еңбек қызметін жүзеге асыратындар,
– Уақытша тұруға рұқсаты барлар,
– Баспана (убежище) сұрағандар.

Сондай-ақ 30 маусымнан бастап Ресейдің барлық шекара бекеттерінде қазақстандықтардың биометриялық деректері жиналады: фото мен саусақ іздері алынады.

Енді қазақстандықтар Ресейге кірген кезде биометриялық деректерін тапсыруға тиіс.

Ресей Федерациясы Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы №1510 қаулысына сәйкес, Қазақстан азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардан Ресейге кіру және шығу кезінде биометриялық деректерді жинау бойынша эксперимент жүргізіліп жатыр.

Эксперименттің бірінші кезеңі 2024 жылғы 1 желтоқсаннан 2025 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.

“Осы кезеңде Мәскеудің халықаралық әуежайларына (Домодедово, Шереметьево, Внуково және Жуковский) және Орынбор облысындағы Маштаково автомобиль өткізу бекеті арқылы келетін Қазақстан азаматтары биометриялық деректерді – яғни фото мен саусақ іздерін тапсыруға міндетті”, – деп түсіндірді консулдық өкілдері.

Эксперименттің екінші кезеңі 2025 жылғы 30 маусымнан 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады және Ресей шекарасындағы барлық өткізу бекеттерін қамтитын болады. Осы кезеңде Ресейге кіретін әрбір Қазақстан азаматына цифрлық профиль жасалады.

Мұндай профильді "Госуслуги" жүйесінің баламасы ретінде қазақстандықтар өздері де RuID қосымшасы арқылы алдын ала жасай алады. Қазақстан азаматының бұл цифрлық профилі Ресейдің "Госуслуги" жүйесін қоса алғанда, бірқатар мемлекеттік жүйелерімен біріктіріледі.

Қазақстан елшілігі азаматтарға шекарадан өтерде қосымша рәсімдерге дайын болуды алдын ала ескертеді. Ресей заңнамасына сәйкес, "қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында" Қазақстан азаматтарына Ресейге кіруге жиі тыйым салынуы мүмкін.

Сондықтан елшілік азаматтарға "мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде жағымсыз жағдайлардан аулақ болу үшін" Ресейге жол тартпас бұрын онлайн-сервисте өз деректерін тексеріп алуға кеңес береді. Алайда бұл сервис беретін жауап тек анықтамалық сипатқа ие және тексерілген күнге ғана жарамды.

Заңды күшке ие ресми ақпарат алу үшін Ресей ІІМ-нің аумақтық бөлімшесіне жүгінген жөн. Өйткені Ресейге кіруге тыйым салуға қатысты қосымша негіздер пайда болуы мүмкін.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі еске салады: ІІМ желісі бойынша Ресейге кіруге тыйым болмауы – бұл басқа федералдық органдар (мысалы, ФСБ, Қорғаныс министрлігі, СІМ, СІҚ, ФҚҚ, Кеден қызметі, Росфинмониторинг, Роспотребнадзор, ФМБА және т.б.) шығарған шектеулер жоқ дегенді білдірмейді.

Ресейге кіруге шекарадағы тексеру шаралары кезінде тыйым салынуы мүмкін.

“Сондықтан соңғы уақытта Ресейге есірткіге теңестірілген заттардың заңсыз әкелінуі көбейгенін ескертеміз. Атап айтқанда, бұл тізімге гармала немесе адраспан өсімдігі кіреді. Ресей Қылмыстық кодексінің 229.1-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 16.3-бабы бойынша, аталмыш есірткі құрамындағы өсімдікті әкелгені үшін 1-ден 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал үлкен көлемде, топ болып әкелген жағдайда – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады, – деп ескертті Қазақстанның Ресейдегі елшілігі.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 08:28
Талқылау