Ресей Қазақстаннан бидай әкелуге тыйымды алып тастайды
Фото: pixabay.com
20 қазаннан бастап Ресей Қазақстаннан бидай жеткізуге енгізілген шектеуді алып тастайды. Шешім екі елдің ауыл шаруашылығы ведомстволары арасындағы келіссөздер нәтижесінде қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ресейдің Федералдық ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау қызметінің мәліметінше, 17 қазанда ведомство басшысы Сергей Данкверт Қазақстан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлымен кездесіп, 2025 жылғы 23 сәуірден бастап енгізілген шектеулерді 20 қазаннан бастап алып тастауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл шешім Қазақстанның Өсімдіктер карантині және қорғау жөніндегі ұлттық ұйымының кепілдіктері негізінде қабылданған.
Ал Қазақстан өз кезегінде 2024 жылдың тамызында Ресей бидайына қойған шектеуді 2025 жылдың қаңтарында алып тастаған еді. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бүгінде Ресейден Қазақстанға бидай ағымы азайған. Бұған рубльдің теңгеге шаққандағы жоғары бағамы және Қазақстандағы өз астығының арзандығы себеп болып отыр.
Астық одағының талдау комитетінің дерегінше, қазан айының ортасында Қазақстанда 4-сыныпты бидайдың тоннасы қосымша құн салығымен 75 мың теңге болса, Ресейдің орталық өңірлерінде 12 400 рубль (шамамен 83 мың теңге) болған.
Мамандардың пікірінше, Ресеймен шекаралас аймақтар үшін әдеттегідей жоғары сапалы қазақстандық бидай ғана қызығушылық тудырады. Мұндай бидай төмен сапалы астықты жақсарту үшін қолданылады. Биыл 27%-дан жоғары hi-pro бидай көлемі аз, ал оның бағасы қазір 110-115 мың теңге аралығында.
Келер жылы көктемде картоп бағасы 185 теңгеден аспайды
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылғы 17 қазанда Ресейдің Федералдық ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалау қызметі Қазақстаннан бидай мен басқа да ауылшаруашылық өнімдерін әкелуге уақытша тыйым салды. Мәжіліс депутаттары бұл шешім 25 миллион тонна астықтың бұзылуына және ЕАЭО келісімдерінің бұзылуына әкелуі мүмкін деп мәлімдеп, үкіметті Ресеймен келіссөздер жүргізуге және балама экспорттық бағыттарды дамытуға шақырған еді.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
