Ресей Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты Қазақстанның алдын ала есебіне пікір білдірді
Ресейдің әуе кеңістігіне жауапты "Росавиация" Ақтау маңында болған ұшақ апаты жайлы алдын ала есепке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Instagram Azamat Sarsenbayev
4 ақпанда еліміздің Көлік министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты 53 беттен тұратын есепті жариялады.
Агенттік Қазақстан үкіметі жариялаған есеп алдын ала әзірленген құжат екенін, онда апат себептері туралы нақты тұжырым жасалмағанын айтты.
"Алдын ала есепте ұшаққа бөгде заттар тигенін көрсететін соққы іздері бары айтылған. Бірақ Қазақстан тарапы ұшақ сыртындағы іздер нақты неден болғанын есепте көрсетпеген. Бұл бөлшектер Ресейге сараптамаға берілмей отырғандықтан, ол заттардың не екенін анықтауға мүмкіндігі болмай отыр", – делінген хабарламада.
Агенттік есепте "Ресей аумағындағы әуежайлар ұшақты қабылдауға әзір болғанына қарамастан, экипаждың өзі Ақтауға қонуды таңдағаны" жазылған деді. "Ұшаққа құс соғылды" деген ақпаратты да диспетчерге ұшқыштар хабарлағанын атап өткен.
"Тергеу бойынша комиссия жұмысы жалғасады. Оқиға бойынша қорытынды ақырғы есепте болады", – деді "Росавиация".
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.
Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.