"Реал" жұлдызының жары жаңа көлігі үшін сынға қалды
Фото: Габриэла Миранданың желідегі парақшасынан
Бразилиялық футболшы Эндриктің жары Габриэла Миранда жаңа көлігін көрсеткен соң, желі қолданушыларының назарына ілікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
22 жастағы модель желідегі парақшасында 2025 жылғы Porsche Panamera 4 көлігінің суреттерін жариялап, оған "Армандаған көлігім" деп жазба қалдырған. Frozen Blue Metallic түсті бұл көлік көптеген жанкүйердің қызу талқысына түсті. Кейбірі оны қуанышымен құттықтаса, енді бір бөлігі модельді күйеуінің ақшасын өз қалауына жұмсады деп айыптады.
Желіде "Бобби (Эндриктің лақап аты) енді қарызға белшесінен батты" деген пікірлер де жазылған.
Оған жауап ретінде Габриэла бір пікірге "Panamera сатып алдым, жылай бер" деп жазды. Ал жолдасы "Бұл жетістігіңмен құттықтаймын, сүйіктім!" деп қолдау білдірді.
Осыдан кейін көпшілік модельдің көлікті өз табысымен, яғни модельдік қызметінен тапқан ақшасына алғанын айта бастады. БАҚ мәліметінше, көліктің құны 136 275 доллар немесе 73,7 миллион теңгеге шамалас.
Айта кетейік, 19 жастағы Эндрик өткен маусымның басында туған еліндегі "Палмейрастан" Мадридке көшкен. Бұған дейін футболшының трансферлік құқығы "Реалға" тиесілі болғанымен, ол Бразилияда ойынын жалғастырған еді.
Футболшы Бразилияда жүрген кезінде өзінен үш жас үлкен модельмен кездесуді бастаған. Бұл қарым-қатынас Эндриктің анасын қатты ашуландырып, тіпті ұлының суреттерінен Габриэланы қиып тастаған. Алайда, бұған қарамастан, Мадридке көшкен соң бірнеше ай өткенде Эндрик Габриэламен некесін қиды. Сол кезде де жұрт модельді ақша құмар деп айыптағанымен, ол өз еңбегімен табыс таба алатынын айтып, бұл пікірлерге қарсы шыққан. Өткен маусымда Эндрик Ла Лигада 22 матчқа (бәрінде алмастырушы ретінде) қатысып, бір ғана гол соққан. Ал жаңа маусымда әзірге алаңға шыққан жоқ.

"Тиіндерді өлтіресіздер": Алматылықтар әкімдіктің егеуқұйрықтарды улау шарасына наразы
