Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арнайы тізім жасалуда": Президент тапсырмасынан соң Қазақстанда кімдердің жәрдемақысы қысқартылады

кімдердің жәрдемақысы қысқарады

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында елімізде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілетін жәрдемақылардың оңды-солды шашылып жатқанын айтып, оны біріздендіруді тапсырған болатын. Бұдан соң көпшіліктің көкейінде “жәрдемақылар қалай қысқартылады?” деген сауал пайда болды. Бұл шара не үшін жасалып жатыр және енді кімдерге жәрдемақы берілмейтін болады? Stan.kz тілшісі министрлік пен экономист мамандардан сұрап көрді.  

Редакциямыз президент жолдауынан соң, бұл бағытта қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен сұрады. Ведомствоның мәліметінше, тапсырманы орындау үшін жәрдемақыға мұқтаж жандардың арнайы тізбесін айқындау қағидалары әзірленеді. 

 “Еліміздің заңына сәйкес, аудандық және қалалық әкімдіктер, сондай-ақ Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері әлеуметтік көмек көрсету тәртібін әзірлейді. Бұл тәртіпте көмек кімге, қандай жағдайда және қанша мөлшерде берілетіні үкімет бекіткен ережеге негізделіп анықталады. Ал аудан (облыстық маңызы бар қала), республикалық маңызы бар қалаларға астана мәслихаты бекітеді. Осылайша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әр өңірде көмек алушылар санаттарының тізбелері, сондай-ақ әлеуметтік көмектің түрлері, шекті мөлшерлері мен жиілігі мәслихаттың шешімі бойынша аймақтың бюджет мүмкіндіктеріне байланысты жеке белгіленеді”, – деді ведомство. 

Министрлік енді көмекке шын мұқтаж адамдардың тізімі жасалып соларға ғана жәрдемақы төленетініндей шара қолданылатынын жеткізді.

“Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік саясатты енді адамдарды тек категориялар бойынша емес, нақты мұқтаждықтарына қарай көмектесетін етіп өзгертеміз. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын барлық санаттарды қамтиды. Отбасылар (адамдар) мұқтаждық критерийлеріне сай болған жағдайда ғана қосымша қолдауға ие болады. Министрлік қазір азаматтарды анықтап, қолдау шараларын тағайындап, бақылауды автоматтандыратын бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуда. Бұл платформада скорингтік модель бар. Ол отбасылардың жағдайын 6 деңгейге бөліп бағалайды — ең мұқтаждардан (1-деңгей) бастап, толық қаржылық тұрмысы жақсы адамдарға дейін (6-деңгей)”, – деп қосты министрлік. 

Министрлік бұл жерде ең маңыздысы жәрдемақыны жағдайы жақсы адамдардың алуына жол бермеу екенін алға тартты. 

“Отбасылардың жағдайын бағалаудың мақсаты – жағдайы жақсы отбасыларға көмектесуді тоқтатып, нағыз мұқтаждарға әлеуметтік қолдауды ашық және тиімді түрде беру. Сонымен қатар, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар республикалық бюджеттен толық төленеді және инфляцияға сай жыл сайын өседі”, – деп қорытты ведомство. 



“Зәулім үйде тұрып, баспанасыздарға арналған жәрдемақы алатындар бар”

Экономист Расул Рысмамбетов бұл шараның дұрыс бағытта жасалып жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, соңғы кезде елімізде алаяқтар мен оларға көмектесетін органдар көбейген. Олар жәрдемақыны жөнсіз жерге тағайындайды. 

“Бұл салада алаяқтар мен алақол кәсіпкерлер өз істерін жүргізіп жүр. Бірақ олар, әдетте, мұны өз бетімен емес, белгілі бір бақылаушы органдардың көмегімен жүзеге асырады. Яғни, төлем жасап отырған мекемелер арқылы. Сондықтан менің ойымша, қазіргі қадам – осы саладағы заңсыз әрекеттерді жоюға бағытталған. Әрине, бұл арқылы миллиардтаған қаржы үнемделуі мүмкін. Бірақ негізгі мәселе – тек жәрдемақыны қысқарту емес, сонымен қатар заңсыз түрде субсидия алып жүрген кәсіпорындарды да анықтап, оларды тоқтату.  

Жәрдемақылар шын мұқтаж жандарға жетіп жатыр деп ойлаймын. Ондай адамдарды өзім де білемін. Олар үшін бұл көмек өте маңызды. Иә, елімізде жәрдемақының мөлшері аса үлкен емес. Бірақ жоқтан жақсы деп ойлаймын. Дегенмен, жәрдемақы барша мұқтаж жандарға түгел жетпейді. Сондықтан бұл жүйенің тиімділігін арттыру керек”, – деді маман. 

Экономист президенттің бұл тапсырмасынан шошудың қажеті жоқ екенін жеткізді. Айтуынша, шын мұқтаждар жәрдемақыдан қағылмайды. 

“Жәрдемақының көлемі қысқармайды. Мысалы, зәулім үйде тұрып, баспанасыздарға арналған көмек алатындар мен мүлде құқығы жоқ адамдар бар. Мұндағы мақсат – заңсыз алып отырғандарды анықтап, оларды тізімнен шығару. Бұл өзгерістер көп балалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға немесе жұмыссыздарға әсер етпейді.

Жалпы алғанда, елімізде әлеуметтік теңсіздік артып келеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Сондықтан мемлекет бұған да назар аударып отыр. Қазір цифрлық әлеуметтік карталар енгізіліп жатыр. Бұл жүйе арқылы мемлекет адамдардың ең аз деген сұранысына да қолдау көрсете алады. Бірақ соған қарамастан, менің ойымша, капиталистік ел болғандықтан, бізде теңсіздік әрі қарай да жалғасады. Бірақ экономиканы жақсартып, теңсіздік тым тереңдеп кетпеуі үшін нақты шаралар қабылдау қажет”, – деп қорытты Расул Рысмамбетов. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 19:25
Талқылау