Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Рамазан айы еді": Түркістан облысында 5 жасар қыздың өліміне кінәліні жеңіл жазалаған судья жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Түркістан облысында 5 жасар қыздың өліміне кінәліні бұрын жеңіл жазалаған Нұрқазы Шетенов Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен кетіп, осы соттың судьялығына тағайындалды. Қазіргі таңда сот қызметін атқарып жүрген Шетенов Қазақстан көлемінде резонанс тудырған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша,  Гаийбназаровқа Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық сотының 04.05.2023 жылғы үкімімен С.Гаийбназаров ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 3 (үш) жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. 

“Негізі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің (Әрі қарай-ҚК) 106-бабы 1 бөлігі "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" санкциясында үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жаза қарастырылған.

С. Гаийбназаров бұрын, 31.07.2006 жылы ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, сотты болған.

Алайда, қылмыстық іске тіркелген анықтамаға сәйкес, 2014 жылы бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде жазаға ауыстырылған болса, 14.06.2016 жылы жазадан босатылған. Ал, 14.01.2022 жылы оның соттылығы толығымен жойылған. ҚК-нің 79-бабының 9-бөлігіне сай, С.Гаийбназаровқа үкім шығару кезінде оның бұрынғы соттылығы жойылған, яғни, бұрынғы соттылығы бойынша барлық қылмыстық-құқықтық салдарлардың күшi жойылған.

Сотталушының жазасы 2014 жылы шартты түрде жазаға ауыстырылған кезден бастап, қылмыс жасағанға дейін, яғни 2023 жылға дейін 9 жылға жуық уақыт аралықта бостандықта жүріп тұрғылықты жерінде тұрған. Бостандықта жүрген кезінде қандай да бір жауапқа тартылмаған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жәбірленуші Д.Тажиматовтан сотқа дейінгі жауаптарды сақтау бойынша Сарыағаш аудандық сотында жауап алынған. Өз жауаптарында жәбірленуші сотталушы С.Гаийбназаровқа кешірім бергенін, қылмыспен келтірілген зиянның есесі қайтарылғанын, сөйтіп, өзара татуласқанын айтып, сотталушыға жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сот отырысында іс құжаттары зерделеніп, жәбірленушінің осы жауаптары толық тексеріліп, қаралды”, – деді судья. 

Оның айтуынша,  сотталушы С.Гаийбназаров сот тергеуінде өзінің қылмыстық әрекетін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Сотталушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар жиынтығын, жәбірленушіге қылмыспен келген залалдың орнын толтырғанын, жәбірленушінің кешірім бергенін ескеріп, балама бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.

"С.Гаийбназаров жәбірленушімен бірге жалданбалы жұмыста күнделікті 3000 теңге табыс тауып, жәбірленуші Өзбекстан Республикасының азаматы болғандықтан екеуі бірге тұрып, бір үйде отырып спирттік ішімдігін ішкен, содан, екеуі де масаң күйде болғандықтан, араларында бас араздық туындаған. Сол кезде жәбірленуші сотталушыны ұрып жерге құлатқан, нәтижесінде сотталушы ашуға беріліп, жерде жатқан балтаны алып лақтырған кезде жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Яғни бас араздықтың туындау себебі мен сипатын, оның ішінде негізі ұрыстың себепкері жәбірленуші екенін ескеріп, сотталушының масаң күйде болуын ауырлататын мән-жай деп танымадым. Егерде оны ауырлататын мән-жай деп таныған күннің өзінде ол бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауға кедергі келтірмейтін еді.

Кері жағдайда, қылмыстық істі қарау кезінде С.Гаийбназаровтың бұрын аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталғанын ескере отырып, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау, Конституциямен және Қылмыстық Заңының сотталушыға берілген құқықтарын шектеу және "Гуманизим" принциптеріне қайшы. Ал, адамның бостандығын шектеу оның конституциялық құқықтарына қол сұғушылық болып танылады.

Алайда, мен сотталушыны өз қалауымша ақтағаным немесе шартты түрде жаза тағайындағаным жоқ, бар болғаны сотқа берілген баптың санкциясында көзделген балама жаза - бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледім", – деп жазды судья.  

Сонымен қатар Шетенов Гайибназаровтың ісін қарау кезінде Рамазан айы болғанын, өзі ниет етіп ораза ұстап жүрген соң сотталушыға жаны ашығанын жеткізді.

"Тағы да айтарым, қылмыстық істі қарау кезінде сотталушының нақты сотқа берілген іс бойынша әрекетін, оның қылмыстық құқық бұзушылықтан кейінгі мінез-құлқын, яғни жәбірленушіге алғашқы көмек көрсеткені, сол қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен салдары ескерілді. Ал, оның әрекетіне соның ішінде жаза тағайындалғаннан кейінгі әрекеттері, оның қайтадан қылмыс жасауы немесе жасамауы сотқа, яғни маған белгісіз ғой.

Сотталушы Гайибназаровқа қатысты істі қарау кезде, яғни мамыр айында қасиетті Рамазан айы болатын, өзім де ниет білдіріп ораза ұстаған кезім. Оның жанұясымен ажырасқанын, ата-анасы жоқ екенін жауабынан естіп отырып, оны темір торға жапқанда өмірі тоқтайтынын ойланып, баламалы жаза тағайындағанмын.

​Осы кезге дейін, жұмыс барысында бірде бір тәртіптік жазаға тартылмағанмын, керісінше бірнеше мәрте марапатталып, тіпті облыстық соттың судьясы лауазымына кадрлық резервке де алындым.  

Мен тарапымнан ешқандай Заң бұзушылықтар, оның ішінде қылмыстық-процестік Заң нормаларын бұзу орын алған жоқ, қоғам тарапынан кибербулингке ұшырағанымның өзі маған оңай түскен жоқ. Бар сенімім Жоғарғы Сот кеңесі жанындағы сот жюриінде!", - деді Шетенов. 

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға осы жылдың шілде айында Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылында болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер оның денесін ауыл тұрғындарының бірінің үйінен өлі күйінде тапты. 

Оқиғадан кейін сотталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушының химиялық кастрация процедурасынан өтуі керек деп шешілді.

Сарыағаш ауданында кісі қолынан қаза тапқан Еркежан Нұрмаханның әкесі үкіметке қылмыскердің үйін жермен-жексен етуді талап еткен еді.

Түркістан облысында 5 жасар қыздың өліміне кінәліні бұрын жеңіл жазалаған Шетенов төрағалықтан кетті, бірақ судья қызметінде қалды.

Талқылау