Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жыныстық қатынас жайлы бала отбасында білуі керек": 75 жастағы қазақстандық әже ұзақ өмір сүру мен жас көрінудің құпиясын ашты

Елордалық 75 жастағы әжей салауатты өмір салтын, заманауи трендтердің бәрін ұстанады. Немерелерімен "жабық тақырыптарға" ашық сөйлесетін Раиса Сандульская @raisasand нәзік тақырыптарды балалар өз үйінде білу керектігін айтады. Редакциямызға берген сұхбатында ол ұзақ өмір сүру мен әдемілікті сақтау, кәрілікті қабылдау, әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты ойын айтты. 

- Раиса, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Немен айналысасыз?

- Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Білімім эпидемиолог-бактериолог, 21 жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласының (ол кезде Целиноград) санитарлық-эпидемиологиялық станциясында жұмыс істедім. 90-шы жылы үш баламен жесір қалдым. Бұл жылдары адамдар немен айналыссам деп бастары қатқан кезең еді. Қалалық бактериологиялық лабораторияның меңгерушісі бола тұра, бұл қызметтен тапқан табысым отбасын асырауға жетпейтінін түсіндім. Балаларым ештеңеден тарылмай өскенін, сапалы білім алғанын қаладым. Осы ой мен көзқарас бизнеске бет бұруға әсер етті. Қалалық санэпидемстанциясында маған төленген қаражаттан көбірек табыс тапқым келді. Сондықтан жеке бизнеске кеттік. Саябақ ішіндегі кішкене кафені жалға алдым: лимонад, тәттілерді сатып, чебуректерді қолдан дайындап, келушілерге ұсындым. Оларды сатып алуға адамдар кезекке тұратын. 

Совет одағы құлаған соң мен өзіме табыс әкелетін кәсіп іздедім. Мен не істей аламын? Қандай істі сүйіспеншілікпен, қуана-қуана істеймін деген сұрақты өзіме қойдым. Екі нәрсе қолымнан келетін: мектеп кезінен тігін тігу білетінмін және тағам әзірлеу мен үстелді жабдықтай алатынмын. 

Осы екі бағыт қана менің жаныма жақын болды. Себебі менің сүйікті ісім еді. Сондықтан осы жерде айтарым, өз сүйген ісімен айналысқан адам әрдайым алдыда болады!



Сонымен кафені жалға алып, онда өзімнің тағамдарымды дайындап жүрдім. Біз осы дәмханадан өстік. Кейін өз пәтерімізден кафе аштық. Отбасыммен бір бөлмелі пәтерді жалға алып, өз үйімізді дәмханаға айналдырдық. Қазір біздің кішкене ғана "бизнес-империямыз" бар. Оның құрамына бірқатар мейрамхана мен қонақ үй кіреді. 

Шындығын айтқанда, маған ешкім қолдау білдірген жоқ. Тек мен және менің балаларым ғана болды: кенже балам 12 жаста еді, маған әрдайым қолғабыс етіп, қасымда жүрді. Немен айналыссақ та - құрылыс, тағам дайындау, үстел үстін жинау, түнде кафені күзету, ыдыс, еден жуу - қасымызда болды. 

Маған ол кезде қосымша қызметкерлерді алуға болатыны жайлы ой кіріп шықпапты. Бірақ бұл да ұзаққа созылған жоқ. Ауқымымыз кеңейген сайын, жаңа қызметкерлер де алдық. Қазір мен бизнестен толықтай кеттім, онымен балаларым айналысып жатыр. 

- Сұхбатыңызда немерелеріме қызық адам болғым келеді деп едіңіз. Олармен қарым-қатынасыңыз қандай?

- Қазір төрт немерем бар, қырқынан шыққанша оларды бағып-қағуға балаларыма көмектестім. Одан кейін әке-шешесіне табыстадым, одан бөлек, бала күтушісін жалдадық. Менің бұл әрекетім дұрыс деп есептеймін. Себебі өз балаларын ата-ана ғана тәрбиелеу керек. 

Апа-әжелер тәрбиесі де керек, бірақ көбіне олар ақылын айтып, жақсы көріп, еркелеткені дұрыс. Мен немерелеріме тамақ істеп, олардың кірін жууға дайын болған жоқпын. Бұл мәселені басқаша шешуге тырыстым. Бұл миссияны үй күтушісі мен өз ата-аналарына тапсырдым. Немерелерімді қатты жақсы көремін, керек кезінде ақыл да айтамын. Сондықтан да олар салиқалы, тәрбиелі, білім алуға құштар болып өсті. 

Балаларыма, немерелеріме үлгі болғым келеді. Жаңадан пайда болған жаңашылдықтарға тез бейімделемін, себебі өмір өте жылдам өтіп жатыр. Күн сайын өзгеруде. Жаңа тенденцияларды іліп алып кетемін, соның ішінде әлеуметтік желінің бәріне тіркелгенмін, өзімнің Youtube-арнам бар. Сондықтан осы жаңашылдықтарды меңгеріп жатқан жастармен 75 жасымда бірдей деңгейде келе жатырмын. 

- Оларға жыныстық қатынас, сақтану туралы айтады екенсіз. Немерелеріңіздің бұған деген көзқарасы қандай?

- Немерелеріме Instagram жүргізгенім үшін, Youtube-арнам бар болғандықтан, өздерінен сұхбат алып жүретіндіктен қызықпын. Бірақ бұл ғана емес. Кіші немерем 10 жаста, оған тегіміз туралы, ата-бабаларымыз жайлы айтып жүремін: олар кімдер, немен айналысты, тектің күші қаншалықты маңызды екені жайлы отырып әңгімелесеміз. 

Немереме ата-анам, олар мені қалай тәрбиелегені жайлы айтамын. Сондай-ақ, оның әке-шешесі қалай тәрбиеленді, оны да айтып отырамын. Оған бұл ақпараттар өте қызық. Ол тіпті маған достарымен бірге қонаққа келеді.

17 жастағы бойжеткен немереммен басқа тақырыптар жайлы әңгіме өрбітеміз. Қыз қандай болуы керек, болашақ жардың бойында қандай қасиеттер болғаны дұрыс, балалармен өз-өзіңді қалай ұстау керек? Не нәрсеге тыйым бар, не нәрсе қалыпты болып есептеледі? Осыны талқылаймыз. 

Ұл балалармен сөйлеспе деп қарсылық білдірмеймін, себебі олармен де сөйлесе, араласа білу қажет. Қарапайым, сексуалды болудың жолдары, қыздар гигиенасы жайлы әңгімелесеміз. Мектепте бұл туралы айтылса да, олардың бірқатар сұрақтары болуы мүмкін. Ол - менің жалғыз қыз немерем. Онымен ашық тақырыптарда сөйлесеміз. Оның несін жасырамыз? Барлығы әлдеқашан интернетте бар. Сондықтан бала бәрін өзі сенетін адамынан естігені жөн. Менің немерем әрдайым маған: "Саған ұқсағым келеді" деп айтады. Әрине, бұл мені қуантады. 

Одан бөлек, 20, 27 жастағы немерелерім бар. Олармен де жыныстық қатынас мәселесін көтереміз. Бұл тақырыптың да уақыты келген сияқты. Қыздарды сыйлауды, құрметтеуді, олардың жүріс-тұрысын қабылдау не қабылдамау, қандай қыздармен сөйлескені дұрыс жайлы ақыл айтамын. Мен де немерелерімнің немен айналысып жүргенін біліп жүруім керек. Белгілі бір іс-әрекеттер, мінез-құлық оның да, сүйікті қызының да өмірін тас-талқан етуі мүмкін екенін де айтып түсіндіремін. Олармен мүшеқап, контрацепция, тазалық жайлы сөйлесемін. Аузынан иісі шыққан, не тері иісі мүңкіп тұрған жігітке қыздардың көзқарасы қандай болатынын білуі қажет емес пе?

Жыныстық жолмен таралатын ауралардың бар екенін, олардың өте қауіпті екенін де айту керек. Осы нәрселерді балалар отбасында білгені жөн. Ол үшін мен бармын, маған немерелерім сенеді. Менікі дұрыс па, дұрыс емес пе - ол жайлы ешкіммен сөз таластырмаймын. Мүмкін басқа апа-әжелер мұны ұятты деп санайтын болар, бірақ мен осы жолды таңдадым. Немерелерім өмірде болуы мүмкін қысылтаяң жағдайлар жайлы біледі, осы ретте мен олар үшін уайымдамаймын. Мен өзімнің басымнан өткен жағдайлар жайлы, тәжірибеммен бөлісемін. Ондай жағдай болмас үшін аборт жасағанымды айтып түсіндіремін. 

- Адамдардың өмір жасының ұзақтығын арттыру үшін егде жастағы адамдарға қандай жағдай жасалуы тиіс?

- Ұзақ өмір сүрудің құпиясы - адамдарға, өмірге деген махаббат, өзіңе деген сүйіспеншілік. Миллион сперматозоид аналық жасушаны ұрықтандыруға аттанғанда, дәл сіз осы жарыстың жүлдегері болдыңыз. Осылайша, сіз дүниеге келдіңіз, сондықтан өмірді сый деп қабылдау керек. 

Әрине, өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Менің де басымнан талай нәрсе өтті, бұл деңгейге бірден жете қойған жоқпын. 

50-ге келгенде сүйікті ісіммен айналысу керектігін түсіндім. Өзіңді сүйіп, қолдау көрсетіп, өкінбей өмір сүру керек. Ал адамды қаз-қалпында қабылдап, өзіңді де сол қалыпты сүю маңызды. 

- Жас болып жүрудің құпиясы неде деп ойлайсыз?

- Адам қаз-қалпында өмір сүруге құқысы бар. Меніңше, жастық пен денсаулық осыған байланысты. Жастық қалыпты сақтап жүруімнің негізгі жолы - көп саяхаттауым. Бұл менің энергетикамды толықтырып отыруға, өмірге деген көзқарасымның қалыптасуы мен өзгеруіне әсер етеді. Көбіне немерелеріммен бірге саяхаттаймын, ара-тұра құрбыларыммен, жалғыз да ел аралауға шығамын. Мені саяхат жасартатыны сөзсіз. 

Адамдарға тиімді саяхаттау жайлы білуге көмектесемін. Кез келген адам шетелге бір емес, жылына бірнеше рет отбасымен шығуға мүмкіндігі болуын қалаймын. Бұрын тұлғалық және рухани даму бойынша тренингтер өткізгенмін. Өмірде көп адамға үлгі болатындай дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Үндістанда рухани даму бойынша 15 жыл бойы білім алып жатырмын. Ал қазір сүйікті ісім - круиз арқылы саяхаттаумен айналысып жүрмін. Осылайша адамның өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізудемін, бұл - менің үлкен мақсатым. 

- "Кәрілікте қуаныш жоқ" деп жатады. Қарттық кезеңнің қандай артықшылықтары, жағымды тұстары бар?

- Қарттық - қуаныш әкелмейді деп бекер айтады. Керісінше, қарттық кезең де қуаныш сыйлайды. Ең бастысы - осы қартаюға дайын болу керек. Біріншіден, "иә, қартайдым" деп мойындау керек. Бәріміз түптің-түбінде қартаямыз, одан ешкім қашып кете алмайды. Картаюды қабылдау үшін қаржы жағынан тәуелсіз болатындай деңгейге жетіп, балаларыңды тәуелсіз қалыпта өмір сүруге дайындау керек. Олар үлкендерді құрметтейтіндей, бізге қамқор болатындай деңгейге жетуі тиіс. 

Бүгінде мен немерелеріме, балаларыма үлгімін. Бұдан асқан қандай бақыт бар? 75 жасында қалағанын істеп жүрген апа-әжелер көп пе?

- Қартаю процесін жүрегіне жақын қабылдайтын адамдарға қалай қандай кеңес бересіз ?

Егде адамдарың өмір сүру ұзақтығы өсу үшін жиі саяхаттау керек. Себебі саяхат кезінде адам өзінің ауру-сырқауы, проблемалары жайлы ұмытады. Біз 120-130 жыл өмір сүрмейміз. Жүз жасасақ та қуаныш деп саналады. Сондықтан ұзақ өмір сүру - біздің ішкі күйімізге, көңіл-күйімізге байланысты. 

Балалармен бірге тұрған кезде олар еш нәрсеге үйренбейді. Ал бөлек шығарып, бұл олардың жеке өмірі екенін түсіндіріп, кез келген уақытта проблеманы бірге қарастыруға дайын екеніңді жеткізсең - бұл бөлек әңгіме. Әркім қарым-қатынасын ата-анасыз қалыптастыру керек. Баланы кішкене жасынан бастап отбасында өзін ұстауға, қарым-қатынас жасауға үйрету қажет. 

- Қазақтар арасында өмірдің мәні - бала деп есептейіндер бар. Сондықтан ер жетіп, бойжеткен соң оларды қасынан алыстатуға асықпайды. Шын мәнінде өмірдің мәні - балалар ма? Бұл көзқарастан қалай арылуға болады?

- Өмірдің мәні балада деп айта алмас едім. Бала - бұл бақыт, қуаныш, аналық бақыт, ұрпақ қалдыруың. Балалары жоқ адамдар да бар. Алайда олардың өмірі мәнсіз деп айтуға болмайды. Балалары бар, бірақ өмірдің мәні ретінде басқа ұғымдарды санайтындар жетерлік. Мәселен, ғалымдар, суретшілер, музыканттар, олар қоғам, адамдар үшін өмір сүреді. 

Менің өмірімнің мәні - қоғамға пайдалы болу. Тәрбиелі балалар үшін, әлеуметтік желідегі ақпараттарымды мыңдаған адам оқып, керегін алып жатқаны үшін қоғамға пайдамды әкеліп жатырмын деп ойлаймын. Әркімнің өмірінің мәні әртүрлі. 

- Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы жиі көтеріледі? Қоғам бұл мәселеге жағымсыз қарайды.  Бұған көзқарасыңыз қандай? 

Зейнетке шығуға дайындалып жүрген әйел ары қарай жұмыс істесе, несі айып? Егер оның тәжірибесі мол, күш-қайраты болса, неге ары қарай істей бермеске?! Шындығында қазір бәрі автоматтандырылған, компьютер арқылы істеледі. 

Совет кезінде туған ересектерге кәсібін ауыстыру қиынға түседі. Осылайша, жұмыста пайдалы бола алмай жатады. Егер адам ауырып, жұмыс істеуге қауқары болмаса, оған мемлекет күнкөріс деңгейіне сәйкес келетін жәрдемақы тағайындауына болады. Зейнетке шығатын адамның жасы нешеде болғаны дұрыс деген сұраққа нақты жауап жоқ. Мемлекетке үміт артудың, әлдене күтудің қажеті жоқ. Үкімет сізге барлығын беруге міндетті де емес. Тыныш заманда өмір сүріп жатқанымыздың өзіне алғыс айтуымыз қажет. Әрине, жоғары жалақы, зейнетақы алғымыз келеді. Бұған мемлекеттің қауқары жоқ болып тұр. Мемлекет те бізге тәуелді. Егер біз өзіміз екінің біріне пара берсек, онда үкімет те жемқор деген сөз. Бұл өмірлік - дау-дамай.

Талқылау