Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғындардың радиофобиясы байланыс операторларына базалық станциялар орнатуға кедергі келтіруде

Алматыдағы "Шахристан" тұрғын үй кешені, Өскемендегі Қабанбай батыр көшесіндегі әкімшілік ғимарат, Түркістан облысындағы Ынталы ауылы мен Астанадағы Family Village коттедж қалашығына қандай дүние тән? Жауап қарапайым және көңіл көншітпейді. Мұнда радиофобия мобильді байланысты дамытуға үлкен кедергі келтіріп отыр. 

Мобильді байланыс жұмысының технологиясына сәйкес 3G-дің сапалы жұмысы үшін базалық станция қызметінің радиусы 500 метрден, ал 4G үшін 400 метрден аспауы керек. Егер қашықтық артса, сигнал сапасы төмендейді. 

Қазіргі таңда операторлар мен үкімет мобильді байланыстың зияны туралы псевдоғылыми аңыздармен күресіп жатқанына қарамастан, мұндай теориялар ауылдар мен қалалардағы байланыс сапасына кері әсер етуде. 

"Алматы қаласындағы "Шахристан" тұрғын үй кешеніндегі абоненттерден шағым түседі. Бұл жерде базалық станцияның құрылысы жоспарланған. Бірақ станцияның зияны жоқ екені туралы түсіндірме жұмыстарына қарамастан, тұрғындар үзілді-кесілді қарсы. Нәтижесінде станцияны орнату жұмысы 2018 жылдан бері жүзеге аспай отыр", – дейді Tele2/Altel мобильді операторы инженерлік қызметінің өкілдері. 

Тұрғындар "байланыс керек, алайда құрылғы мұнда тұрмауы қажет" дейді. Әрі Қазақстанда базалық станция антеннасынан туындайтын электромагниттік өрістің рұқсат етілген деңгейі бойынша норматив Еуропа және Солтүстік Америкадағы нормаға қарағанда әлдеқайда қатаңдатылған. 

Операторлар байланысты дамытудың бірінші кезеңі – радиожоспарлаудың қиын екенін айтады. Радиожоспарлау дегеніміз – базалық станцияға арналған тиімді және дұрыс орынды анықтау. Бұл – физика заңдылығы. Егер орнату кезінде мұндай мүмкіндік болмаса, үлкен аудан зардап шегуі мүмкін. 

Заң жобасындағы нормаға сәйкес үйдің бір тұрғыны өз қарсылығын білдірсе, оператор бұл үйге базалық станцияны орната алмайды. Ал тұрғындар көп жағдайда "денсаулыққа зиян келеді" дегенді алға тартып, станция құрылысына қарсы болады екен. Ал мұндай ғылыми емес теориялар ғаламдық желіге жүктелген видеолардан алынған. 

Операторлар "250+" бағдарламасына қыруар қаржы құюда. Алайда Түркістан облысы Ынталы ауылында мобильді оператордың базалық станциясы алынып тасталды. Себебі станция орналасқан орынды ұсынған азамат көршілердің қысымы мен шағымдарына байланысты алаңды әрі қарай жалға бере алмайтынын айтқан. Оператор әкімдік көмегіне жүгініп, станция орнату үшін басқа орын іздеуде.

Алайда адамдардың өзін нашар сезінуі мен базалық станция арасындағы байланыс ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Мәселен, миллиондаған тұрғынның үйінде бар микротолқынды пеш ешкімде үрей туғызбайды. Ал базалық станцияның сәулелену тығыздығы пешпен салыстырғанда 3-5 есеге аз. 

Күрделі әлеуметтік фобияны шешу үшін заңдағы келісетін және келіспейтін азаматтар санына өзгеріс енгізу керек. Сонымен қатар мобильді оператор құрылғысын орнату үшін қалалық инфрақұрылымды пайдалану жөніндегі екіжақты тағайындау мәселесіне қатысты норма енгізу қажет. 

Талқылау