Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

3 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді: Қостанайда субсидия арқылы ақша жымқырғандарға қатысты тың деректер жарияланды

Фото: Freepik.com

Қостанай қаласында мемлекеттік субсидияларды жымқырып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғандарға сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу мәліметінше, “Beef Export Group” серіктестігінің басшысы Пархоменко бастаған топ ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар лауазымды тұлғалармен және ветеринариялық мамандармен келісіп, субсидияны заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.

Олар ірі қара мал сатып алу және оны өңдеу туралы құжаттарды жалған жасаған. Осы жалған құжаттардың көмегімен агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы субсидия алып отырған.

Тергеу нұсқасына сай, бөлінген қаржы мал жеткізілгендей көрсетіліп, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Одан соң бұл қаражат бақылаудағы компаниялардың есепшоттарына жалған өнім үшін төлем ретінде қайта аударылып отырған. Схеманы жасыру үшін жалған бухгалтерлік құжаттар да дайындалған.

Соның салдарынан мемлекетке 3 миллиард теңгеден астам шығын келген. Тергеу барысында күдіктілер 107 миллион теңгеден астам қаржыны өз еркімен қайтарған.

Сот үкімімен істің ұйымдастырушысы деп танылған Пархоменко 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топтың тағы 14 мүшесіне 6 жылдан 10 жылға дейін жаза тағайындалды.

Түркістандық әйел жоқ малға 25 миллион теңгеге жуық субсидия алған

Түркістандық әйел жоқ малға 25 миллион теңгеге жуық субсидия алған

Оқыңыз

Сонымен қатар жалпы құны 3 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді. Оның ішінде 1,3 миллион доллар (шамамен 598,5 миллионн теңге) және 700 миллион теңге бар.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда субсидия арқылы 2,5 миллиард теңге жымқырғандарға қатысты үкім шыққаны хабарланған еді. Тергеу мәліметінше, 2021 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы маусымға дейін ұйымдасқан топ ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген 2,5 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген.

Сот шешімімен компания директоры 14 жылға сотталды, ал өзге қатысушылар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 1,3 миллион доллар (шамамен 598,5 миллион теңге), 600 миллион теңгеден астам қаржы және өзге де мүлік мемлекет пайдасына тәркіленді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 10:09