Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

QazGranit – отандық гранитті әлемдік деңгейде танытқан бренд

Шолпан Абдихаликова QazGranit гранит зауытының президенті (1)

Шолпан Абдихаликова – QazGranit гранит зауытының президенті, әрі Алматы қалалық "Respublica" партиясы филиалының төрайымы. Ол қаржы секторынан өндіріске келіп, Қазақстанда гранитті толық циклде өңдейтін ірі кәсіпорынды жолға қойған кәсіпкер ретінде танылды. Кәсіпорын өнімдері – брусчатка, қаптама плиталар, баспалдақтар мен еден жабындары ішкі нарыққа да, көрші елдерге де жеткізіледі. Компания 2023 жылы президенттің "Алтын сапа" және биыл “Лучший товар Казахстана” сыйлығын иеленді.

Шолпан Абдихаликова ұзақ жылдар бойы банк саласында, сондай-ақ AlmaTV компаниясында жетекшілік қызметтерде жұмыс істеп, қаржы мен сатуды жоспарлау тәжірибесін жинады. Отбасымен үй салу кезінде граниттің қымбатқа түсетінін көріп, шикізат Қазақстанда өндірілгенімен, өңдеу шетелде жасалатынын анықтады. Осы олқылықты толтыру үшін индустриалдық аймақтан жер алып, заманауи жабдықтарға инвестиция құйып, толыққанды зауыт салуға шешім қабылдады.

Кәсіпорын алғашқы күннен-ақ өндірістік процестерді автоматтандыруға, қалдықсыз цикл құруға ұмтылды: үлкен блоктар слябқа кесіледі, қалдықтардан брусчатка дайындалады, су тазартылғаннан кейінгі гранит шаңы қайта өңдеуге жіберіледі. Бүгінде зауытта елуге жуық қызметкер еңбек етеді. 2025 жылы компания өзінің қазақстандық тамырын айқын көрсету үшін ребрендинг жүргізіп, City Stone атауын QazGranit етіп өзгертті.

Компания өнімдері құрылыс саласында кеңінен қолданылады. Соңғы жылдары еліміздегі жаңа "комфортты мектептердің" басым бөлігінде QazGranit плиталары пайдаланылды. Бұл импортты қысқарту мен жергілікті шикізатты қайта өңдеуді күшейту жолындағы нақты қадам. Сонымен бірге өнімдер Ресей мен басқа да көрші мемлекеттерге экспортталады.

Шолпан Абдихаликова

Шолпан Абдихаликова жеке тиімділік пен басқаруда өзіндік философиясын қалыптастырған. Ол оны "3D моделі" деп атайды: Дисциплина, Делегирование, Доверие.

•  Дисциплина (Тәртіп) – күнделікті әдеттерді қалыптастыру, уақытты басқару және тұрақты нәтижеге қол жеткізу.
•  Делегирование (Өкілеттік беру) – кәсіби командаға сеніп, стратегияға назар аудару.
•  Доверие (Сенім) – өзіне, серіктестеріне және командаға сену арқылы тұрақтылық пен ұзақ мерзімділікті қалыптастыру.

Бұл қағидаттар оның бизнестегі де, өмірдегі де басты тірегіне айналған.

Шолпан Абдихаликова бизнес жүргізумен қатар, қоғамдық бастамаларға да белсенді араласады. Бүгінде ол Алматы қалалық "Respublica" партиясы филиалының төрайымы. Әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейту, өнеркәсіп саласындағы тиімділік пен ашықтықты дамыту бағыттарында тұрақты түрде ой бөлісіп келеді.

QazGranit гранит зауытының президенті

QazGranit-тің алдағы мақсаты – өнім желісін кеңейту, монтаж қызметін енгізу және бөлшек нарықты игеру. Ұзақ мерзімді жоспарда қазақстандық табиғи тасты өңдеудің жаңа технологияларын енгізіп, отандық нарықта сапа стандартын көтеру бар. Шолпан Абдихаликова үшін табыс кілті –  табандылық, тәртіп және командамен бірге үздіксіз үйрену.

STAN.KZ
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 11:42
Талқылау