Қазақстандық қызымен айырылысқан соң аударған ақшаларын талап етіп, оны сотқа берді

Жамбыл облысындағы Қордай аудандық соты 2,5 миллион теңгені өндіріп алу туралы азаматтық істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы азамат А жауапкер әйелмен 4-5 ай бойы қарым-қатынаста болған және отбасын құруды жоспарлаған. Осы уақыт ішінде ол әйелге және оның екі баласына қаржылай көмек ретінде бірнеше рет ақша аударған. Кейін арадағы байланыс үзілген соң, ер адам берілген қаражатты қайтаруды талап еткен.
Талап қоюшы соттан 2 миллион 500 мың теңге және мемлекеттік бажды өндіріп беруді сұрады. Алайда жауапкер талапты мойындамай, ақша өз еркімен, қайтарымсыз көмек ретінде берілгенін айтты.
Сот отырысы барысында ақша қаражаттарының ерікті түрде аударылғаны және оларды қайтару туралы ешқандай келісім болмағаны анықталды. Яғни, бұл қаражат қарыз емес, қайтарымсыз материалдық көмек ретінде бағаланды.
Осыған байланысты сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты. Шешім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында қызмет ететін әскери жігіт бұрынғы сүйіктісімен бір жылдық қарым-қатынастан кейін айырылысып, оған жасаған барлық ақшалай сыйлықтары мен аударымдарын қайтарып алуды талап еткен еді. Ол тіпті моральдық шығын мен айыппұл өндіруді де көздеп, сотқа жүгінген. Алайда сот процесі барысында ұсынылған дәлелдердің заң талаптарына сәйкес келмеуі және тараптардың жеке хат алмасуларының рәсімделуіндегі кемшіліктер істің барысына әсер етті. Осылайша, талапкер өз арызын кері қайтарып алды.
Перизат Қайраттан тәркіленген 80 миллиондық Mercedes астаналық полицейлерге берілді
