Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы мұнай нысандары Иран шабуылынан қаншалықты қорғалған: Энергетика министрлігі түсіндірді

Фото: dailymail.co.uk

Энергетика министрлігі Қазақстандағы мұнай нысандары Иран жасауы мүмкін шабуылдарға дайын ба деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қазақстандағы мұнай нысандарының, оның ішінде америкалық компаниялар қатысатын жобалардың қауіпсіздігі туралы пікір айтты.

Оның айтуынша, қазір барлық жұмыс штаттық режимде жалғасып жатыр.

"Ең батыл операциялардың бірі": Трамп Иранда шабуылға ұшыраған ұшқыштың құтқарылғанын айтты

Оқыңыз

“Қазір қатысушылармен бірге түрлі сценарийлер пысықталып жатыр. Бұл ірі трансұлттық жоба. Біз өз міндетімізді мүмкіндігінше толық орындап отырмыз. Сонымен қатар транзит елдер мен энергия ресурстарын тұтынушы мемлекеттер де өз тарапынан тиісті шаралар қабылдап жатыр. Барлығы бұл үдерістің үздіксіз жүзеге асуына мүдделі”, – деді вице-министр.

Десе де нақты қандай жұмыс жүргізіліп жатқанына қатысты мәліметтердің құпия екенін айтты. Оның сөзінше, бұл ақпаратты Энергетика министрлігі жариялай алмайды.

Сонымен қатар вице-министр Каспий құбыр консорциумына жасалуы мүмкін шабуыл салдарынан Қазақстан қандай шығынға ұшырауы ықтимал деген сұрақ қойылды.

“Қазір қазақстандық мұнайды өндіру мен экспорттау Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесі арқылы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Барлығы қалыпты, мәселе жоқ”, – деді вице-министр.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Donald Trump Иранмен қақтығыс аясында елдің мұнай инфрақұрылымын, әсіресе негізгі экспорт нүктесі Харк аралын бақылауға алу мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Пентагон құрлықтағы операцияларға дайындалып жатқаны айтылды, бірақ оны мақұлдау мәселесі әлі нақты емес.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 12:12