Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qazaq Queens Chess Fest 2025: Шахмат әлемін өзгертіп жатқан әйелдер

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Алматыда Qazaq Queens Chess Fest 2025 өтті. Бұл халықаралық турнирге түрлі жастағы қыз-келіншектер қатысты. Жеңімпаз аруларға жалпы алғанда 2 000 000 теңге жүлде берілді. Stan.kz ақпарат агенттігі іс-шараға қатысып, жарыстың қалай өткенін тамашалап қайтты. 

Фото: Павел Шамин

10-сынып оқушысы әрі Жансая Әбдімәлік шахмат академиясының тәлімгері Мадина Қадырдың шахмат ойнап жүргеніне бес-алты жыл болды. Дегенмен ол шахматтан турнирге бүгін бірінші рет қатысып отыр. Ол алғашқы қадамын Алматыдағы Еуразиялық университетте өткен Qazaq Queens Chess Fest 2025 жарысынан бастағанына қуанышты.

Qazaq Queens Chess Fest 2025 швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады, әр партияға 3 минут + 2 секунд уақыт беріледі. Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 95 адам жиылыпты. Ең ерекше тұсы – қатысушылардың барлығы түрлі жастағы және түрлі рейтингтегі шахматшы қыздар. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болады деп ойлаймын”, – дейді Мадина Қадыр. 

Мадина Қадыр. Фото: Павел Шамин

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың айтуынша, мұндай турнир елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Шараның негізгі мақсаты – қыздарды, әйелдерді шахматқа баулу.

“Бүгін тек кәсіби емес, әуесқой шахматшылар да, кішкентай бүлдіршіндерден бастап, үлкен әжелерімізге дейін шахмат ойнап, сайыса алады. Ешқандай жас шектеуі жоқ. Оған қоса бұл – халықаралық жарыс. Себебі биыл мұндай турнир әлемнің бес елінде – Қазақстанда, Польшада, Францияда, Кенияда, Угандада өтеді. Қазақстан алғашқы болып бастады”, – дейді Гүлмира Дәулетова.

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова. Фото: Павел Шамин

Федерация басшысының сөзінше, шахмат фестивалін Freedom Broker және “Freedom Шапағат" корпоративті қордың қолдауымен Қазақстанның шахмат федерациясы Халықаралық шахмат федерациясымен, оның ішіндегі Әйелдер комиссиясымен бірлесіп, ұйымдастырып жатыр. 

“Біздің тағы бір мақсатымыз – осындай шахмат турнирі арқылы әйелдердің құқығын қорғау, ескеру, оларға ерлермен тең дәрежеде жүлде қорын беру. Әрине, бүгінге дейін әйелдерге қарағанда ерлерге шахмат ойнау жеңілірек болды. Себебі әйел адам тек шахмат емес, бала тәрбиесі мен үй шаруасымен қатар айналысты. Десе де дүниежүзіндегі әйелдер осындай жауапкершілікке қарамастан, шахматта жетістікке жете алатындарын дәлелдеп келеді. Бұдан түйетініміз: әйел адамның қолынан бәрі келеді”, – дейді Гүлмира Дәулетова.

Фото: Павел Шамин

Сонымен қатар фестивальге бірқатар қонақ келген. Мәселен, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович сөз сөйлеп, шахмат тахтасындағы алғашқы қадамды ырымдап бастап берді. 

“Кейінгі жылдары осы салада Қазақстан жақсы дамып келеді. Бүгінгі жарыста да жүзіне күлкі ұялаған көптеген шахматшы қыздарды көріп жатқаныма да қуаныштымын. Сайыс нәтижесі қандай болмасын жүздеріңізден осы күлкі кетпейді және бүгін көп тәжірибе жинайсыздар деген үміттемін”, – дейді Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович. 

Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович. Фото: Павел Шамин

Оған қоса Алматы Еуразиялық университетінің ректоры Айжан Темірбаева осындай шараға атсалысып, үлес қоса алғанына ризашылығын жеткізді. Ал Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов елімізде шахмат ойнап, жақсы нәтижеге көрсететін мықты спортшылардың қатары толығып жатқанын атап өтті. 

“Былтыр қазақ шахматының тарихындағы ең табысты жыл болды. Ресми халықаралық турнирлерде жасөспірімдер, ересектер мен әуесқойларымыз рекорд орнатып, 16 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 55 алтын, 54 күміс және 51 қола иеленді. Ал бұл марапаттардың көбін әйелдер ұтты. 2024 жылы Будапештте өткен 45-шахмат олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы күміс медальға ие болды.  Бүгінгі жарысқа қатысып жатқан шахматшыларымыз да олардың ізін басады деген үміттеміз”, – деді Дәрмен Сәдуақасов.

Фото: Павел Шамин

Ал арнайы қонақ болып келген Mrs. Supermodel Worldwide 2019 байқауының жеңімпазы әрі сұлулық ханшайымы Инесса Назарова шахмат ханшайымдарын мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі. 

Ұйымдастырушылар жас шахматшылардың мерекелік көңіл-күйін көтеру үшін бет-әлпетін бояп беретін арнайы мамандарды шақыртыпты. Ал одан басқа ойыншылар мен оларды қолдауға келген жақындары қазақстандық суретші Айтуар Әмірханованың көрмесін тамашалады. Суретшінің “Сыңсу” деп аталатын көрмесі де қазақ қыз-келіншектерінің өміріне, әлеуметтік кедергілерді еңсеру тақырыптарына арналған.

Фото: Павел Шамин

“Мектепте оқып жүргенімде бір-екі рет шахмат ойнағаным болмаса, бұл ойынға аса мән бермеген екенмін. Дегенмен мен де дәл бүгінгі шахматшы қыздар сияқты суретпен кішкентайымнан айналыса бастағанмын. Оларға қарап өзімді көремін. Сол себепті бүгінгі іс-шараға шақырғандарына алғысымды білдіремін. Бұл сайысқа қыз-келіншектер қатысып жатыр. Менің бүгінгі алып келген суреттерім де қазақстандық қыздардың өмірін, тыныс-тіршілігін, олардың мәселесін сипаттайды. Осылай, логиканың дамуына әсер ететін спорт пен шығармашылық ерекше үйлесім тапты”, – суретші Айтуар Әмірханова.

Айтуар Әмірханова. Фото: Павел Шамин

Ал турнир нәтижесі бойынша, 13 жасар Айару Алтынбек І орын және 500 мың теңге, 13 жасар Мария Холявко ІІ орын және 400 мың теңге, 11 жасар Жансая Шолпанбек ІІІ орын алып, 300 000 теңге иеленді.

Сонымен қатар әртүрлі жас категориясы бойынша үздік атанғандар жүлделі сыйға ие болды.  U8 категориясы бойынша – Тея Марковская, U10 категориясы бойынша – Милана Филиппова, U12 категориясы бойынша – Адина Байгельдинова, U14 категориясы бойынша – Айлин Заркым, U16 категориясы бойынша – Адриана Сермухамедова және U18 категориясы бойынша – Әдия Шайкенова, 50+ категориясы бойынша – Сапаргүл Серкебаева және 65+ категориясы бойынша – Алма Күшербаева 100 мың теңгеден ұтып алды.

Фото: Павел Шамин

Айта кетейік, үш жеңімпаз да Қазақстан Республикасының 8-16 жас аралығындағы үздік шахматшыларына арналған "Жас таланттарды қолдау" бағдарламасының стипендиаттары: Айару Алтынбек – ең жоғары "Алтын жас" топтамасының иегері, Жансая Шолпанбек – екінші маңызды "Алтын бала" топтамасының, ал Мария Холявко – "Күміс топтаманың" иегері.

STAN.KZ
Сенбі, 08 Наурыз, 2025 14:55
Талқылау