Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елшілікке құжатымды тапсырғанда, жылап шықтым": Қазақстан азаматтығынан бас тартқан қазақ қызы не себепті мұндай шешімге келгенін айтты

Қазақстан азаматтығынан бас тартты

Фото: Аиданың жеке архиві

Қазақ қызы Қазақстан азаматтығынан бас тартып, АҚШ азаматтығын алды. Сөзінше, мұндай шешімге жұмысы әсер еткен. Десе де Қазақстан төлқұжатынан бас тарту оңай болмағанын айтады. Ол Stan.kz тілшісіне АҚШ азаматтығын қалай алғанын, шетелдегі жұмысы туралы сыр шертті. 

Қарағандылық Аида экономист мамандығын бітіргенімен, 21 жасынан бері бортсерік болып жұмыс істейді. Айтуынша, 4 тіл білуінің арқасында авиация саласына келді. 

“Әкем – ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері. Анам да мемлекеттік мекемеде қызмет жасады. Екеуінің арқасында тәртіпке мән беру, әрдайым бір жетістікке, мақсатқа ұмтылуды бойыма сіңірдім. Онымен қоса анам дастарханды өте әдемі жаятын. Сол қабілет жұмысымда көмегін тигізіп жатыр”, – деді Аида.

Ол отандық әуекомпанияда 8 жыл жұмыс істеген. Кейін Green Card лотереясын жеңіп, АҚШ-қа көшіп келді. Осы грин картасы оған Америка Құрама Штаттарында тұруға, жұмыс істеуге, өмір сүруге, тіпті кейін АҚШ азаматтығын алуға мүмкіндік сыйлады.

Қазақстан азаматтығынан бас тартты

Фото: Аиданың жеке архиві

Аида 2021 жылдан бастап АҚШ-та тұрады. Ол осы елде JetBlue University орталығында білімін жетілдіріп, борт қызметі бойынша оқыған. Артынша әуекомпанияға жұмысқа кірді.

“Алғашында коммерциялық әуекомпанияда жұмыс істедім. Уақыт өте келе, кәсіби бағытым бизнес-авиацияға – яғни private jet саласына ауысты. Енді бизнес-джетте бортсерік қызметін атқардым. АҚШ бизнес-джеттер нарығы бойынша әлемдік көшбасшы саналады. АҚШ-тағы бизнес-авиацияда жұмыс істейтін стюардессалардың жалақысы – әлемдегі ең жоғары деңгейде. Нақты бір жалақы шегі жоқ, тәжірибе мен сұранысқа қарай табыс мөлшері өсіп отырады. Кейбір тәжірибелі бортсеріктердің табысы кей жағдайда тіпті ұшқыштармен теңесіп жатады. Америкада бизнес авиация саласында жақсы табыс табуға мүмкіндік алдым. Қазір көптеген америкалықтардан да жоғары табыс тауып жүрмін”, – деді ол.

Орта есеппен бортсеріктер жылына 26 миллион теңгеден 78 миллион теңгеге дейін ақша таба алады екен. Бизнес-джет бортсерігі борттың тазалығына мән беріп, қонақтарға тіскебасарлар дайындайды, жайлы әрі жақсы көңіл-күйде жетуіне ықпал етеді. Осы қызметінің арқасында АҚШ-тың бірнеше штатында, Нью-Йорк, Лас-Вегас, Майами, Лос-Анджелес қалаларында болған.

Алайда Қазақстан төлқұжатымен ғана жүргені жұмысында қиындықтар туғызған. Себебі жұмысы бойынша әр елге ұшу керек, ал визаны күту уақыт алады екен.

“Қазақстан төлқұжатымен шетелге ұшу үшін әр жолы виза қажет болады Ал Америкада виза рәсімдеу — ұзақ процесс. Кейде 2 сағат ішінде жиналып, VIP жолаушыларды жеткізу керек. Мұндайда визаны күтіп отыруға мүмкіндік жоқ. Осыны ескеріп, көптеген компаниялар тек АҚШ азаматтарын жұмысқа алады. Жұмысымды жалғастыру үшін Green Card-ты азаматтыққа ауыстыру туралы шешім қабылдадым”, – деді Қазақстанның бұрынғы азаматы.

Сөзінше, АҚШ азаматтығы мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге, президенттік сайлауға дауыс беруге мүмкіндік берді. Соның арқасында жалақысы жоғары ең жақсы компанияларға жұмысқа тұруға болады дейді.

“Америкалық азаматтығы бар бортсеріктерге Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріндегі бизнес-авиация компаниялар тарапынан да сұраныс жоғары. Себебі АҚШ азаматтығы барлар 182 елге визасыз бара алады, бұл бизнес-авиацияда аса маңызды. Осы себепті көптеген компаниялар америкалық бортсеріктерге еуропалық немесе үшінші елдерден шыққан әріптестеріне қарағанда жоғары жалақы төлейді. Сондықтан азаматтық кәсіби тұрғыдан үлкен артықшылық беріп отыр”, – деді ол.

Азаматтық алу процесі оңай болмаған көрінеді. Онда соңғы 5 жылда Green Card-ты қалай пайдаланғанын және АҚШ-та болу шарттарын, ережелерді бұзған-бұзбағанын тексереді.

“Қауіпсіздікке қатысты үш беттен тұратын сауалнама толтырылады: террористік ұйымдарға мүше емессіз бе, бұрын сотталғансыз ба, коммунистік партияда болдыңыз ба деген сынды сұрақтар болады. Офицер бәрін мұқият қарайды. Егер жауаптардың біреуі "иә" болса, азаматтық бермеуі мүмкін. Сонымен қатар 100 сұрақтан тұратын емтихан тапсырасыз. АҚШ тарихы, Конституциясы, мемлекеттік құрылым мен азаматтық құқықтары бойынша сұрақтар қойылады. Оған қоса, ағылшын тілінен оқу, жазу және тыңдап түсіну деңгейіңіз тексеріледі”, – деді Аида.

Барлық талаптардан өткен соң, оған азаматтық сертификаты берілді. Десе де қазақ қызы туған елінің азаматтығынан бас тарту қиынға соққанын айтты. Сол себепті қос азаматтық мәселесі қаралса екен деп өтінішін жеткізді. 

“Қазақстан азаматтығынан бас тарту өте ауыр болып, бұл күнді мүмкіндігінше кейінге қалдыруға тырыстым. Елшілікке құжатымды тапсырғанда, жылап шықтым. Сол күн менің жүрегімде мәңгі қалады. Қазір де бұл тақырыпты қозғағанда, көзіме еріксіз жас келеді. Ата-анама да оңай болған жоқ. Себебі менің отбасым – нағыз патриот, елін сүйетін адамдар. Қоғам тарапынан да әртүрлі реакция болды. Бірақ жазылған пікірлердің 90%-ы жағымды пікір. Осы сәтте қазақ халқының қандай кеңпейіл, адамгершілігі жоғары ұлт екенін түсіндім. Қазақстан үшін қос азаматтықты енгізу қауіпті болуы мүмкін. Меніңше, Қазақстан әрбір жағдайды жеке қарап, кей адамдарға қос азаматтықты рұқсат етуі керек, әсіресе, көршілес емес, алыс елге кеткендерге. Мен Отанын сүйетін, шетелде тәжірибе жинап, оны қазақ жастарына жеткізгісі келетін адаммын. Азаматтықтан бас тартпасам, заң бойынша маған айыппұл салынып, елге кіруге тыйым салынар еді. Өкініштісі мемлекет бір салық төлеушіден айырылып отыр. Мен елге көмектесуге дайынмын", – деп жазды ол.

Десе де Аида болашақта Отанына оралғысы келеді. Әрі өзгелерді азаматтығын ауыстыруға немесе көшуге үгіттемейтінін айтады. 

“Қазірге мақсатым – осы салада мүмкіндігінше мол тәжірибе жинау. Жақын жылдары Еуропада, Таяу Шығыста жұмыс істеп көргім келеді. Қазақстандағы бір компанияға да резюмемді жібердім. Қазақстан – менің үйім, менің жүрегім. Онда ата-анам бар. Біз, қазақтар ата-анамызды ешқашан тастамаймыз. Сондықтан ертең олар қартайғанда, жандарынан табылғым келеді. Құжат өзгерсе де, ұлт өзгермейді. Менің жүрегім мен жаным – мәңгі қазақ!” – деді бортсерік.

Енді Аида Қазақстанда “тұруға ықтиярхат” құжаты арқылы тұра алады. Ол Қазақстанда өмір сүруге, жұмыс істеуге, ата-анасының жанында болуға толық құқық береді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 24 Шілде, 2025 10:41
Талқылау