Психолог: Оқушы жартылай жалаңаш па, шашының жартысын бояп алған ба, онда мұғалімнің шаруасы болмау керек
Психолог Серікгүл Сәли қазіргі оқушылардың психологиясы мен мұғалімдер жайлы көзқарасын білдірді. Маманның пікірінше, мұғалім баланың тәрбиесіне емес, біліміне жауапты.
Серікгүл Сәли оқушылар арасындағы буллинг мәселесіне тоқталды. Оқушыларды буллингке итермелейтін мұғалімдердің өзі дейді маман. Сарапшылар “Жасөспірімдер суицидке не себепті көп барады?” деген тақырыпта мәселе қозғады.
“Мен зерттеу жұмыстарын жасау үшін қанша мектепке бардым. Өзімше зерттеп көрдім. Көп мұғалім оқушыларды тұрғызып қояды да, “сен мынаны білмейсің, ұят, масқара” деп сыныптастарының көзінше ұялтады. Содан кейін оқушы қысым көреді. Бұл – буллингке апаратын жол. Мұғалімдерге олай жасамаңыз деп ескертемін. Оқушы сенің алдыңда жалаңаш тұр ма, шашын бояп алған ба, оған мән берме. Шаруаң болмасын. Мұғалім біліммен еліктірсін. Тәрбиесінде шаруасы болмасын”, – деді Серікгүл ханым “Хабар” арнасында.
Сарапшылардың бірі оның ойын құптаса, бірі қарсы шықты. Көрермен мен желі қолданушылары да өз ойын жазып жатыр.
“Оқушыға тыйым сала алмаса, несіне мұғалім ол?”, “Қазір оқушылардың санасы әлсіз, сөз көтере алмайды”, “Ол үйдегі тәрбиенің әлсіздігі”, “Алдымен білім емес, тәрбие беріңдер, тәрбиесіз берілген білім – білім емес” деп әл-Фарабидің өз айтқан”, “Осындай сауатсыз психологтер қаптап кетті”, “Оқушыға ұрыспай алдап сөйлеу керек, қаншама мұғалімнің ұрысынан буллингке барған оқушылар бар”, – деді олар.
Айта кетейік, Қазақстан суицид жасаудан, соның ішінде 15-17 жас аралығындағы оқушылардың өзіне қол жұмсау оқиғалары бойынша соңғы бес жылда алғашқы ондыққа кірген. Әлем бойынша еліміз суицид жасаудан үшінші, ал Орта Азияда алғашқы орында тұр. 2021 жылы 105 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап көз жұмса, 200-ден аса жасөспірім суицид әрекетіне барған.
ІІМ суицидке барған жасөспірімдердің көпшілігінің туыстарымен арақатынасы бұзылғанын мәлім етті. Одан бөлек, өзін жалғыз сезінгенде, достарымен арақатынасы үзілгенде, оқу орнындағы жанжалдар мен қаржылай қиындықтарға тап болған жағдайда өз-өзіне қол жұмсауға баратын көренеді.